20.06.2024, 9:01
Оқылды: 183

«Үйде отырып ақша табуға бола ма?» немесе еркіндікке ұмтылған талант

Бүгінгі таңда құлашын кеңге сермеп келе жатқан саланың бірі де бірегейі графикалық дизайн десек, таласпайтын шығарсыз.

6856A4BB-81A7-40F6-8166-94B7213C31F9

Жалпы қолымыздағы смартфон, интернет арқылы біз өз өнімімізді халыққа жарнамалап, саудамызды жүргізіп жүрміз. Иә, кімнің жарнамасы көз тартса, соның тауары да өтімді. Ал сол телефонды тастап, көшеге шықсақ та сауда үйлерінің маңдайшаларындағы түрлі-түсті жазулар, баннерлер назарымызды іліп әкетеді. Мұның барлығы графикалық дизайнның өмірімізден айрықша сипат алғанының көрінісі деуге болады. Бұдан бейхабар яки мәнде бермейтін қауым баршылық. Мысалы, санамызыға сіңіп қалған «дизайн» сөзін естігенде үлкендер жағы тек киім тігетін немесе үйдің дизайнын жасайтын маманды елестетіп кетеді. Біздің қоршаған ортаның көп бөлігі графикалық дизайн екендігін аңғармай жатады. Ұсақ-түйек болып көрінетін күнделікті пайдаланатын заттарымыздың барлығы графикалық дизайнерлердің туындысы. Үздіксіз еңбекті талап ететін саланың мамандары үнемі жаңалыққа құмар болып келеді. Тың идеяларын жүзеге асыру үшін байыз таппайтын олардың байқампаздығы, зеректігі, сұлулыққа құштарлығы бір бөлек әңгіме. Осындай қасиеттерді бойына сіңіріп, аталған саланың қыр-сырын меңгерген Әлішер Уәлитханов Жәнібек ауданының перзенті.

Құлаққа майдай жаққан дауысы құдды театр актеріндей болып көрінді. Содан соң оның @alish_desinger аталған Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына өтіп, графикалық дизайн саласындағы жұмыстарын көріп сүйсіндік.

Әлішер Сағынышұлы 1999 жылы дүниеге келген. Туған жердің топырағына аунап өскен дарын иесі Т.Жароков атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, кейін М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінде оқуын жалғастырған. Содан соң Нұр-Мүбарак университетіне оқуға түсіп, белгілі себептермен аяқтай алмай қалған. Өмір жолындағы кедергілерден сағы сынбаған ол Отан алдындағы борышын өтеп келген соң қолынан келген бар жұмысты істеген. Нақтырақ айтар болсақ, құрылыстарда ақшасына жалданып, құдық қазу, жол салу сияқты ауыр жұмыстарды таңдамай еңбек ете білді. Колледж қабырғасында жүрген сәтінде-ақ сурет салумен көзге түскен, шығармашылық үдерістен жаны тыныштық табатын ол:

– Сурет салып жүрген кезімде шығармашылыққа толық ерік беретін едім. Қазір дизайнер атанып, тапсырыс беруші кәсібінің визуалды мәселелерін шешіп беріп жүрмін. Бұл кейде шығармашылыққа ұласуы мүмкін. Кейде тек алған білімімді қолданып, әдіс-тәсілдерден аспауға тура келеді. Жалпы суретшілік пен графикалық дизайнды өнер деп қараймын. Екеуі де еркін, тапсырыстармен фриланста өмір сүре алады, - деді өзінің сөзінде.

A9252858-2498-4BA4-9C16-763025A94278

Оның бұл салаға келуіне түрткі болған еркін жұмыс істеуге ұмтылысы екен. Фрилансерлік мамандықтардың ішінен өзіне жақын дизайнерлікті таңдаған. Алғашында жақын досы екеуі ашқан «Умма фуд» дәмханасына логотип, мәзір, танық (визитка) дизайнын жасаған. Кейін қызығушылығы оянып, жұмыстан келген бос уақытында ютубтан осы салаға қатысты бейнесабақтар қарап, өзінің қалауымен меңгеріп алған. Осылайша жалдамалы жұмыстан тауып жүрген жалақысының елу пайызын осы саладан тауып, түбегейлі фрилансқа шығып, өзін дамыту үшін парақшаларына танымдық бейнероликтер түсіре бастаған.

​– Бұл саланы меңгеріп алған жандар бақытты. Өйткені әлемнің кез келген нүктесінде ешкімге тәуелді болмай, адал еңбекпен табысыңды молайтып отырасың. Себебі маған тапсырыстардың көбі басқа қалалар мен мемлекеттерден түсіп жатады, - деді Әлішер Уәлитханов.

Оның кіндік қаны тамған Жәнібектен бір сәтте қалаға қоныс аударуының да себебі осы саламен тығыз байланысты. Оралдан орта тауып, «қаламыздағы медиа бағытын жоғары деңгейге көтермін» деп аттанып, алға қойған мақсатының жолында аянбай жүрген оның армандары орындалып келеді.

​– «Asarume_kz» қайырымдылық қорының қаламыздағы жетекшісі жәнібектік Нұрсұлтан Қабаев, мобилография саласында өзіндік қолтаңбасы бар Әділжан Рамазанов, ағалық ақылын айтып жүретін Азат Қаратаев есімді аға-бауырларыммен әртүрлі жобаларды талқылаймыз. Осындай еңбекқор орта табуымның өзін үлкен жетістік деп есептеймін, - деді ол.

Облыстық дін істері басқармасының тапсырысы бойынша бастау алған «Qubyla media» жобасын қолға алған ол жобаның парақшасын сапалы жүргізіп, брендинг, дизайн, контент жоспарларын жүйелеп, ютубтағы подкасттарды, бағдарламаларды тізгіндеген. Одан бөлек «Kunbatys media» медиа креатив орталығын ашып, дүйім жұртқа өзінің ерекше қызметтерін ұсынған. Бір басына жетерлік жобалармен айналысып жүрген Әлішер Сағынышұлы Орал қаласының медресе колледжінің медиа бөлімін қолға алып, мешіт құрылысы қорының да медиа бағытын дамытқысы келеді. Осындайда «алдағы бес жылда заман талабына сай сала бойынша Батыс Қазақстан облысы республиканы өзіне қаратып, Алматы, Астана қалаларындағы мамандардай орта қалыптастыра ала ма?» деген сұрақ туындайды.  Болашаққа асқан сеніммен қараған ол:

​– Алдағы бес жылда жаңа деңгейге шыға алады деп, толық сеніммен айта аламын. Үлкен кәсіп бастаған кәсіпкерлер де, мемлекеттік мекемелер де бұл салалардың өте маңызды екендігін түсініп келе жатыр. Соңғы екі жылмен салыстырсақ, адамдарда түсінік қалыптасты. Ол бізді, жалпы медиа мамандарын қатты қуантады. Әлеуметтік желілерде қазақ тілді контенттердің көбейгені жеке өзіме шабыт береді, - деді.

CACE73E1-D67D-4EDB-B9FE-9B558B0D66BB

Кейіпкеріміздің жұмыстары қауырт екені соншалық, өзіне түскен тапсырыстармен айналысамын деп бір апта бойы мүлдем далаға шықпаған. Қазір күліп еске алған ол «қандай салада болмасын жауапкершілік маңызды» деген ойда. Графикалық дизайн саласына келмес бұрын бір ғана компьютердің көмегімен үйде отырып ақша табу дегенді санасы қабылдамай, сене алмай жүрген екен. Кейін адал еңбектің жемісін жеген уақыттан бастап, өзінің білімін жетілдіруді көздеген. Міне, соның нәтижесінде Италия мен Қазақстан арасындағы туризмді дамыту мақсаты үшін ұйымдастырылған көрмеге брендинг (маркетингтік коммуникация жүйесінің бөлігі) істеген. Тіпті әлемдік деңгейге именбей, алғашқы қадамдарын жасаған жанның осындай қабілеті оны әлі талай шыңға жетелемек. Әлішер Уәлитхановтың тағы бір басты армандарының бірі – осы саладағы жас жерлестеріне қолдау көрсету. Алдағы уақытта туған жеріне келіп, студент жастармен кездескісі келеді. Өзінің тәжірибесімен бөлісіп, графикалық дизайн саласы туралы жеткізіп, саланың ешкім біле бермейтін құпия тұстарын үйретуді қалайды.

​– Жәнібекте жаңалыққа құмар жастар барын аудандық «Шұғыла» газеті, парақшасы арқылы біліп, көріп тұрамын. Оларға қазір қолдау, үйрету, жол сілтеу ауадай қажет. Себебі өзімде сондай кезеңнен өттім ғой. Қазір «болдым, толдым» деуден аулақпын. Дегенмен бар білгенімді үйретіп, қолымнан келгенше жәнібектік жастар үшін қолдау танытқым келеді, - деді сөзінің соңында.

Мақаламыздың басында көрсеткен жеке парақшасын көрген жанның, әсіресе жастардың мотивация алары сөзсіз. Өйткені оның ішінде еңбегінің арқасында төменнен жоғары сатыларға қалай шыққаны жөнінде бейнероликтер, тапсырыс бойынша жасаған дизайн жұмыстары да бар. Жәнібек ауданынан осындай еркіндікке құштар жас таланттың түлегені жаныңды жадыратады. Оның елі жаулығына жасын сүрткен анадай шығарып салып, әрқашан тілеуін тілейді. Тәуелсіз елдің жастары қандай десе, Әлішерді ұялмай көрсетуге болады. Ендеше, іске сәт!

​​Ақтілек Әлібекұлы

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале