Жуырда Бәйтерек аудандық полиция бөліміне Егіндібұлақ ауылының "П" есімді тұрғыны хабарласып, оның үйіне белгісіз біреулер заңсыз кіргені туралы хабар берген. Арыз түскен бойда полиция қызметкерлері жедел-тергеу тобымен оқиға орнына аттанған.
Арыз беруші өз сөзінде ауылдың «В» есімді тұрғынынан күдіктенетінін айтқан. Криминалдық тергеу тобы мен жергілікті полиция қызметкерлерінің үйлесімді жұмысы мен жедел әрекеттері нәтижесінде үйге дереу тінту жүргізіліп, сол ауылдың "В" есімді азаматы ұсталған.
«В»-ның үйін тінту жұмыстары барысында оның үйіне кіре берісте полиэтилен пакетіне салынған өсімдік тектес, сұрғылт-жасыл түсті, ерекше иісі бар зат табылады. Затты тексеруге жіберген құзырлы орган қызметкерлері пакет ішіндегі нәрсе марихуана екенін анықтайды. Салмағы 903 грамм болатын есірткіні бірден тәркілеген полицейлер «В»-ның үйінен 3 атыс қаруын да тапқан. Сараптама қорытындысында қарулардың атуға жарамды екендігі анықталыпты. Бір айта кетерлігі, атыс қарулары ешқайда тіркелмеген. Полиция бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша үш қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде екен.
Аружан Аманжол,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz