Казталов ауданына қарасты Қараөзен мектеп-лицейінде «Жарқын жүздесу» жобасы аясында Қараөзен мектеп-лицейінің физика-математика пәнінің мұғалімі педагог-зерттеуші, «Қазақстанға еңбегі сіңген ұстаз» наградасының иегері Әлия Хайруллинамен керемет кездесу кеші өтті. Ұлағатты ұстаз ретінде танымал тұлғаға айналған Әлия Бақытқызы — бойындағы кәсіби шеберлікті шыңдауда ойы мен сөзі бір жерден шыққан кәсіби маман ретінде әріптестерінің алдында зор құрметке бөленіп келеді.
Ол Республика күні мерекесінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Қазақстанға еңбегі сіңген ұстаз» наградасын алған мектеп-лицейдің мақтан тұтар құрметті ұстазы.
Шара барысында ұлағатты ұстаз туралы деректі фильм көрсетіліп, Казталов аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Джангереева зейнеткерлік жасқа толып, құрметке бөленіп отырған Әлия Бақытқызын туған күнімен қызу құттықтады.
Ұстаздық ету — қиын әрі қызықты мамандық. Осы тұрғыда диалог негізінде өрбіген керемет кездесу кешінде білікті ұстаз Әлия Бақытқызына бірнеше сұрақтар қойылып, әр сауалға орай санасы білімге толы ойлы кейіпкерден тұшымды жауаптар алынды.
Әрине, шәкірт жүрегіне білім нәрін себуде еткен еңбек пен төккен тер аз емес. Болашақта сол еңбектің зейнетін көріп, өсірген ұрпақтың ортасында салиқалы өмір сүруді тілеген Әлия Бақытқызының барлық әріптестері мен шәкірттері кеш барысында әннен шашу шашып, адал жүректерден төгілген ақ тілектерін жаудырды.
Қыдыр Харесұлы
Казталоы ауданы