Әдетте, «Отан отбасынан басталады», «Отан – қуат, отбасы – шуақ» деп айтып жатамыз. Шынында да адам өмірінде отбасын құру, ұрпақ көбейту маңызды фактор екені даусыз. Шағын мемлекетті берекелі етіп, ішін жанға, сыртын малға толтырып, саялы ағаштай тамырын тереңге жаю, көктеп-көгеру әр пенденің арманы. Осы арманға қол жеткізгендердің бірі деп Шыңғырлау ауылдық округіне қарасты Шоқтыбай ауылындағы Машғұловтар отбасын айтуға толық негіз бар.
Отбасының бәйтерегі Ғабделхалық Ғабдоллаұлы мен алтың діңгегі Гүлбаршын Құрмашқызы ұрпағына салиқалы тәрбие беріп, өнегелі өмір сүрудің қыр-сырына баулып келе жатқан сыйлы жандар. Ауыл ішінде «Халық» атанып кеткен атайдың өмір жолы ғибратқа толы. Халық атай Ащысай совхозының сол кездегі Киров деген колхозында 1943 жылы 23 желтоқсанда дүниеге есігін ашқанымен, құжатқа туған жылы 1944 жылдың 5 қаңтары деп жазылып кетіпті. Сол ауылда өсіп, сауатын ашқан соң 1955 жылы Қопа елдімекеніне қоныс аударады. Халық әкесі Ғабдолла соғысқа кеткенде кішкентай болғандықтан ол туралы естеліктер айта алмайды. Қарттың айтуынша, үйге әкесінің ерлікпен қаза тапқаны туралы «қара қағаз» келгенімен қай жерде, қандай жағдайда мерт болғаны туралы дерек болмаған. Бұл да қартты мазалап жүрген жәйттің бірі еді. Өткен жылы немересі интернет әлемін шарлап, деректер іздестірген кезде әкесі Ғабдолла туралы мәліметтер табылады. Соғыстың бел ортасында жүрген батыр солдат Варшаваны азат ету кезінде кезекті ұрыстың бірінде ерлікпен қаза тапқан және оның жауды құтқармаған мерген болғандығы туралы жазылыпты. «Әкемнің ерлікпен қаза тапқандығын естіп, әйтеуір бір хабары шыққанына қуанып, көңілімізді бірледік», – дейді Халық атай.
Зайыбы Гүлбаршын әжей де осы Ащысай ауылының тамасы, құрдасы, екеуі бір мектепте оқып, еңбекке ерте араласқан. Сөзі мен сезімдері үйлесім тапқан екі жас 1961 жылы 20 наурызда отау көтереді. Содан бері, мінеки, 60 жылдан астам шаңырақтың түтінін түзу шығарып, ел тамсана да, үлгі тұта қараған өнегелі әулетке айналып отыр.
Отағасы Халық атасы Машғұлдың тәрбиесінде болғандықтан өмірге ерте икемделіп, шаруақор, пысық болып өседі. Өткенді еске алса өзі бір сәт бос отырмапты, трактор айдап совхоз шарауашылығындағы барлық жұмыстардың бел ортасында жүрген. Дала төсіндегі науқандық жұмыстарда да, ауыл ішіндегі берілген тапсырмаларды да жауапкершілікпен атқарып, зейтнетке шыққан тракторының рөлінен айрылып көрмепті. Отағасы түздің жұмысымен жүргенде Гүлбаршын әжей де үйдегі жұмысты өз мойнына алып, шаруашылығын дөңгелетіп, өмірге келген 3 қыз, 5 ұлдың тәрбиесімен айналысып, бір мігір таппайды. Жан басы толыққан сайын ата-ананың да міндеті көбейіп, қиын күндер мен қызықты сәттер де ұштасып жатуы зааңдылық. Осы орайда отанасы іштегі шаруаға ел несібесі үшін еңбек етіп жүрген отағасын араластырып көрмепті. Балаларының үстіне шаң жуытпай, сабақтарын да бақылап, үй жұмысына да икемдеп, ана беретін тәрбиенің бәрін де олардың бойларына сіңіруге тырысып бақты. Сабақтарын қадағалап, жүріс-тұрыстарын назардан тыс қалдырмауымен бірге үлгілі қасиеттерді ұрпағының бойына сіңіріп, тектілік жұрнағын сақтауды да жадынан шығармады. Гүлбаршын жас кезінде екі енесінің жай-күйін де жасап, әбден еңбекке шыңдалып өскендігін айтады. Атасы Машғұлдың зайыбы мен өз енесіне бірдей қарап, қабақтарына кірбің ұялатпауға тырысып, бар жағдайын жасауды өзінің басты парызы санады. «Енелерімнің екеуін де бөліп жарған емеспін. Олар маған өз анамдай болды. Үлкен енем қайратты, жасы ұлғайса да қай шаруаға араласа кетуге әзір тұратын, кеңпейілді, ақылы дария жан еді. Өмірге әкелген ұл-қыздарымды маған емізуге ғана әкеліп, бағып-қағып та өсірген сол адам болатын. Көзі тірісінде 7 немересінің қаз-қаз басқан қадамдарын, алдыңғысының мектепке барған қуаныштарын көріп, 85 жасында дүниеден өтті. Ал, өз енем екеуіміз үйдегі шаруаны бірге реттеп, түзде жүрген отағасын отбасындағы күйбің тірліктен аулақ ұстадық. Әкелерінің қас-қабағына қараған балалары ол жұмыстан қол босай қалған сәтте айта жүретін ғибратқа толы әңгімелерін, өнегелі әрбір ісін өздерінің саналарына сіңіріп алуға тырысып өсті. Аллаға шүкір, менің өмір жолымда осындай білген-түйгені мол жандардың болғанына мың мәрте тәубе етемін, олардың тәлім-тәрбиесін жадыма түйіп, өз кезегімде балаларымды да осы бағытқа баулып келемін», – дейді ауыл анасы Гүлбаршын.
Қиындығы мен қызығы мол өмірге аяқ басқан ұл-қыздарының шалыс баспай, өз орындарын тауып, бақытты жанұя болып кетулеріне әке-шеше мәңгілік тілектес қой. Бұл үлкен қарттар да Орал мен Ақсайда, ауылда тұратын балаларына күн сайын хабараласып тұрады.
Бүгінде қара шаңырақта бірге тұратын баласы Батырхан мен келіні Нұргүлдің өздері де ата-ене атанып үлгерген. Нұргүл де енесінің ізін басқан, қолынан келмейтіні жоқ ісмер, шебер жан. Іс тігіп, көрпе жасап, үйде дәмді тағамдардың түр-түрін жасауды ғадетке айналдырған. Үйде арғы аталары Машғұлдан қалған іс машинасы бар екен, әлі күнге дейін зырылдап тұр дейді Нұргүл. Осы тігін машинасымен үй-ішіне керек дүниелерді, көрпе-жастықтың тыстарын да тігіп алады. Батырхан да тура әкесіндей еңбекке икемді, мұқият, тындырымды қасиеттерімен үй-ішіндегі жазылмаған басты қағиданы жалғастырып келеді.
«Әке көрген оң жонар, шеше көрген тон пішер», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген халық даналығы бар. Көздерін ашып, естерін жиғалы бері жанұядағы жарасымды тірлікті, өзара сыйластықты, бауырмалдылық пен бірлікті көріп өскен ұрпақта бүгінгі таңда өз отбасыларын да осы үлгімен құрып келеді. Ата-ана алдындағы қарыздың мәңгілік екенін бек ұғынатын олар кезекті демалыстарын да ыңғайластырып, әр мейрамдарда қара шаңырақта бас қосуды міндет санайды. Қайсыбір шаруаларға да қолқабыс беріп, өтініштерін де аяқсыз қалдырмайды. Үлкендерге қамқорлық көзқараспен қарауды, алдарынан қия кесіп өтпеуді Халық ата мен Гүлбаршын әженің бүгінгі таңда шағын мемлекет құрып отырған ұл-қыздары ғұмырлық қағидаға айналдырып отыр. Қара шаңырақта бас қосқан сәтте «ата-әже»-леп мойындарына асылып, таласып-тармасып жатқан 15 немере мен 12 шөберенің ештеңеге теңдессіз шынайы, сәбилік пәк махаббатарын көрген сайын қариялар: «шүкір Аллаға, мың рахмет» деп іштей күбірлесіп жатқаны.
Жүздесу барысында әжейден «Жақсы отбасы болу үшін не керек?» деп сұраған едік. Кейуана: «Ең алдымен сыйластық болу керек, жанұя мүшелері бір-бірін тыңдай, ести білуі керек», – деп жауап берген еді. Шаңырақтың шырайын келтіріп, ұялтпайтын ұрпақ тәрбиелеп отырған жанның жауабы жанұя құру жолында жүрген жастар үшін бағдаршам екендігі даусыз.
Иә, өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі шаңырақ кім-кімге болса да үлгі. Шоқтыбай жұртшылығы сыйлап, ғибратқа толы уәжіне құлақ түрген, өскелең ұрпаққа үлгі еткен Машғұловтар әулеті ауыл мақтанышы екендігінде сөз жоқ.
Гүлшат Ибрагимқызы,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz