18.06.2023, 22:13
Оқылды: 5

Үлгілі әке, үздік оқырман

Еліміздегі мерекелік күндердің тізбесіне Әкелер күні де енді.  Маусым айының үшінші жексенбісі болып белгіленген мереке жексенбіден республика көлемінде алғаш рет аталып өтілгені белгілі. Қазақстандағы отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге, отбасы институтын нығайтуға, сондай-ақ әкелер институтын дамытуға ықпал ететін бұл мерекенің орны ерек екені анық.

IMG-20230618-WA0009

Осы мереке аясында ауылымыздың тұрғыны, мақтанышымыз Боранбай Рахметов жөнінде айтпай кетуге болмас. Көпбалалы әке болып табылатын ол - кітапханамыздың  тұрақты әрі белсенді оқырманы. Қолынан келген көмегін аямайтын кейіпкеріміз кейбір ауылдастарына аудандық «Ауыл тынысы» газетін өз есебінен жаздыртып жүргенін де айта кеткен жөн.

Құрлыс жұмыстарымен айналысатын Боранбай Мырагерейұлы бос уақытында кітап оқиды. Әсіресе жерлес ақиық ақын Жұбан Молдағалиев өлеңдерін оқығанды ұнатады. Сондай-ақ домбыра, гитара тартып, балалармен ән шырқағанды жаны сүйеді. Зайыбы Мерует Жеткербайқызы екеуі төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.

Кітапханада өткізілген түрлі шаралардан қалыс қалмайтын Рахметовтер отбасы  таяуда «Ақжайық  өңірінің оқырман отбасы-2023» облыстық отбасы байқауында ауданымыздың намысын абыроймен қорғап, І орынға ие болды.

IMG-20230618-WA0011

Сонымен қатар отбасы мүшелерінің де жетістіктері айтарлықтай. Отанасы Мерует Жеткебайқызы - аудандық көпбалалы аналарға арналған «Асыл ана - 2022» байқауының бас жүлдегері. Жазушы Мұқадес Есламғалиұлының шығармашылығына арналған «Ұмытылмас  өшпес бейне» тақырыбындағы облыстық шығарма байқауында ІІ орын алды. Отбасының тұңғышы Әлішер Мырзагерей де кітапхана атынан бірнеше байқауларға қатысып, диплом және алғыс хаттармен марапатталды. Қазіргі таңда  Әлішер - Алматыдағы Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған мектеп-интернатының 9-сынып оқушысы. Республикалық мәнерлеп оқу байқауларының жеңімпазы. Қыздары Інжу - Мырзагерей Егіндібұлақ орта мектептің 6-сынып оқушысы. Кітап оқығанды, ұлттық ойындар ойнағанды ұнатады. Би билеп, ән айтады. Аударма, ертегі кітаптарды сүйіп оқиды.   Ұлы Жеңістің 77 жылдығына орай «Тыл балалары мен бейбітшілік ұландары» атты аудандық онлайн патриоттық байқаудан, «Мен оқыған-100» кітап аудандық байқаудан ІІІ орынға ие болды. Сонымен қатар Абай, Қадыр оқуларына да  белсенді қатысып бірнеше диплом, алғыс хаттармен марапатталды. Ортаншы ұлдары Санжар 4-сыныпты аяқтады. Кітап оқып, қазақ күресін ұнатады. Одан кейінгі  егіз ұлдары Әли мен Әбу балабақшада тәрбиеленуде. Олар да кітапханаға жиі келеді.

IMG-20230618-WA0012

Адамгершілігімен, азаматтық іс-әрекетімен айналасына қадірлі болған, кісілік пен кішілік нұры тұла бойынан төгіліп тұрған Боранбай Мырагерейұлын және өзге де ардақты азаматтарды Әкелер күні мерекесімен құттықтай отырып, дендеріне саулық, отбасы амандығын, перзенттерінің үміттерін ақтауын тілейміз.

Данагүл Алхамова,

Егіндібұлақ ауылдық кітапханасының кітапханашысы 

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz  

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале