22.05.2024, 17:41
Оқылды: 62

Ұлтты ортақ идеология біріктіреді

Ұлттық идеологияны қалыптастыру ел бірлігін сақтау, тәуелсіздігіміздің мызғымауы үшін қажет.

IMG-20240522-WA0187

Аудан орталығында мекеме-бөлім басшылары, мектеп директорларымен болған жиында белгілі саясаттанушы, қоғам белсендісі Табылғали Сапаров осы және ұрпағымыздың болашағына қатысты өзге де тұрлаулы мәселелер жөнінде баяндады. Жиналысты аудан әкімі Мұрат Сердалин жүргізді. Шараға «Жайық Пресс» ақпарат агенттігінің бас редакторы Нұрбек Оразаев қатысты.
– Егемендік бізге оңай келген жоқ. Қазір тәуелсіздігіміздің елең-алаңындағы қиындықтар ұмытылып келеді. Мамыражай бейбіт күндерде тірлік етудеміз. Бірақ біздің бақуаттылығымызға, елдегі ауызбіршілікке көз алартатындар көп шет елдерде. Сондайлардың салған әлегі мемлекетіміздің тұтастығына қауіп төндіруі бек мүмкін. Жаһандану кезеңінде бізді ұлт ретінде біріктіретін идеология аса қажет. Астарлы саясат жүргізіп, жымысқы ниетімен бірлікке сызат түсіргісі келетіндерге қарсы қолданатын бірден-бір қаруымыз да осы. Ал бұл ретте ертең ел тұтқасын ұстайтын ұрпақты тәрбиелер мұғалімдерге зор жауапкершілік артылады, – деген Табылғали Сатқалиұлы ұстаз тұлға ретінде дамуы үшін, тәрбие тізгінін қолдан шығарып алмауы үшін өзін-өзі үнемі жетілдіруі қажет екенін тілге тиек етті.
– Ұрпақ тәрбиесіне кім жауапты? Осы мәселені бүге-шүгесіне дейін талдаған мақала газет бетінде жарық көрсе, мұғалім оны ата-аналармен бірге талқыласа, ұл мен қыздың лайықты тәрбие алғаны кімге қажет екені айдан анық көрінеді. Қоғамдағы бұдан өзге де мәселелер мерзімді басылымдарда сараптамалық мақала түрінде жариялануда. Көріп отырғанымыздай, ұлттық идеологияны тек мерзімдік басылымдардың пәрменін арттыруға күш салып қана арттыра аламыз. Әлеуметтік желіде ағайынға іріткі салатын кесір ақпараттарға тосқауыл бола алатын да бірден-бір қару – жергілікті газеттер, – деді ол.
Сонымен қатар Нұрбек Оразаев ақпаратттық сайттар мен газеттердің айырмашылығы жер мен көктей екенін ұғындырып, баршаны газетке жазылуға шақырды.
Жиналысты қорытындылаған аудан әкімі М.А.Сердалин мерзімді басылымдарға ақжайықтық оқырманның әрдайым қолдауы зор екенін айтты.

Әсел Сағын,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале