13.12.2019, 16:51
Оқылды: 36

Ұлтты ұйқыдан оятқан Желтоқсан!

...Студент кезіміз болатын. Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында   бірқатар ел азаматтарымен, танымал тұлғалармен кездесу кеші ұйымдастырылды. Онда тарихшылар  тақырыпқа сай баяндамалар жасап, ақындар өлеңдерін оқыды. Оқырмандардың сұрақтарына жауап беріліп, өзара салиқалы сұқбат өрбіді. Сол кештен менің ерекше есімде қалғаны ел мен жердің тарихын түгендеп жүрген тарих ғылымдарының докторы, доцент Дәметкен Досмұханқызы Сүлейменованың мына бір әңгімесі еді.

-Қазақстанда 1986 жылы өткен Желтоқсан оқиғалары дүниежүзілік тарихтан өзіне лайықты орын алатыны сөзсіз. Ол кеңестік қызыл империяға қарсы жаппай батыл бас көтерген алғашқы ұлт-азаттық көтеріліс ретінде тарихта қалады. Бір сәтте жастарды жалынына орап, елді есеңгіретіп жіберген сол кезгі оқиға менің де есімнен бір сәт кеткен емес-, деп бастады ол кісі өз сөзін.-  Ғылыми еңбегіме қатысты жұмыстарыммен Алматыда жүрген кезім еді. Күнделікті жаңалықтарды қалт жібермейміз. Қазақстан басшысы Д.А.Қонаевтың бірінші хатшы қызметінен босатылуы бүкіл қазақты дүр сілкіндіріп жібергендей болды. Қазақ жастарының қаны қайнап, намыс оты ойнап, топталып, орталық алаңнан бір-ақ шықты. Түрлі ұрандар, намысқа жігер беретін плакаттар алып, өз талаптарын айтып, Үкіметтен үміттерін үзбей, үш күн бойы ақиқат майданының шебінде тұрған жастар әлі көз алдымда. Талай қыздар мен жігіттер мәшинеге тиеліп, қала сыртындағы қоқыс палигондарына лақтырылып, қалғаны таяққа жығылып, итпен қуылып, айуандықпен зорланып, қақаған қара аязда жалаңаш шешіндіріліп жазаланып, тергеу орындарына тоғытылды. Біразы көше бойлап қашып, подьездерге тығылып, аман қалды. Сол кездерде кей орыстар шәйнекке ыстық су құйып, балконның үстінен подьезд жанында бүрісе тоңып, бассауғалап тұрған жастарға ыстық суды төбеден қотарып, ұстап берген кездер де болған.

Күні кешегідей есімде... 17 желтоқсан болуы керек, түске таман көше бойлап, оқу орнына қарай келе жатқан едім. Кенет қарсы алдымнан «Мама!» деп жанұшыра айқайлап, өзіме қарай жүгіріп келе жатқан қос бойжеткенге көзім түсті. Екеуі де менің түр-түсіме қарамай, аналарын көргендей құшағыма кіріп, еңкілдеп жылап жатыр. Екеуінің де соққыға жығылғандары жыртылған киімдерінен, кісі аярлық жүздерінен көрініп-ақ тұр. Мен де жасымды тия алар емеспін. Әлгі екеуінің кезек-кезек маңдайларынан сүйіп, көздерінің жасын сүртіп, жұбаттым. Қайдан тап болғанын білмеймін, лезде біз тұрған жерге мұздай қаруланған, жүздері сұсты қос жендет жетіп келді. Әй-шәйге қарамастан қасымдағы екі қызды қарулы қолдарымен бүріп ұстап, сұрақтың астына ала бастады:

- Неге қашасыңдар? Өңкей наркомандар! Алаңға неге шықтыңдар? Құжаттарың қайда? Жауап бер!-деп еңгезердей екі еркек бет бақтырар емес. Дауыстары өктем. Екі қыздың қорыққаннан сөйлеуге шамасы келмей қалды. Екеуі мені тас қылып құшақтап алып, кеудеме қарай тығыла береді бүрсеңдеп. Кенет қос жендеттің біреуі күректей алақанын жазып, бір қыздың шашынан уыстап ұстап, сүйрелей бастады. Әлгі қыз «Мама, маматай, құтқар!» деп шыңғыра айқалап, қос қолын маған созып әлек. Бәрі қас-қағым сәтте болды. Өзім іштей қорқасоқтап тұрсам да, есімді тез жиып, екі қызға араша түстім.

              - Қарақтарым, мен бұлардың жатақханадағы тәрбиешісімін. Жетекке еріп, қосақ арасында адасып кеткен болар. Құжаттары да бөлмеде қалыпты. Өзім осыларды әдейі іздеп шығып едім. Сендер бұларға тиісе көрмеңдер. Мен де сендердің аналарыңдай адаммын. Сөзіме құлақ асып, бізді босатқандарың дұрыс,-деп қос жендетке жалынғандай болып, қыздарымды құшағыма қысып тұрып алдым. Алда-жалда бөлімшеге апарып тексеріп қалса, өтірігімнің беті ашылып қалып, мені де жазаға тартып жүре ме деген де қорқыныш  жоқ емес.   Дегенмен, айтылған сөз-атылған оқ. Құдай оңдап, екеуі әрі-бері біраз ойланып, бір-бірімен келісті ме, әйтеуір, қатаң ескертулер айтып, біраз уақыттан кейін өз жөндерімен кетіп қалды. Ішімнен Жаратқанға тәубе деп, екі адамның тағдырына араша түсе алғаныма шүкір еткен қалпымда, көзімнен жасым тоқтамай, мен қалдым қос қызды құшақтап. Міне, осындай да оқиға өткен басымыздан.

«Тоңдырды мені,

Тоңдырды сені,

Желтоқсан желі ызғарлы»...

Абдрахман Асылбековтың осы бір өлеңін естіген сайын желтоқсан шынымен ызғарлы болып көрінеді маған. Оның ызғары аязында, желінде емес-ау, басқада...

Иә, осыдан аттай отыз үш жыл бұрын орын алған бұл қанды оқиға   әр қазақтың жадында мәңгі сақтаулы тиіс.  Отыз жыл өтсін, елу жыл, тіпті, сан ғасыр өтсе де ұмытылмайтын оқиғалар болады. Ұмытылмайтыны - оның халық тағдырымен тікелей байланысында. Мен, әрине, саясаткер емеспін. Десек те, кешегі өрімдей қыздардың қанымен, ұлтжанды ұлдардың жанымен келген Тәуелсіздікке тағзым ету менің де перзенттік парызым.

Рас, желтоқсан көтерілісі толық ашылды деп айтуға әлі де ертерек. Ол  кезең – қазақ халқының ұлттық сана-сезіміне таразы болған кезең. Жазықсыз жапа шегіп, азапқа тартылған жастарды халық соты мен тарих соты әлі де ақтап алады деген сенімдеміз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бостандығымыз ғұмырлы болғай!

Самат Байболат

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале