Наурызнама аясындағы Ұлттық киім күніне орай Ақжайық ауданындағы Сағынғали Сейітов атындағы кітапханада тағылымы мол шара өтті.

Шара барысында ақ кимешек киген әжелер бесікті тербетіп, бесік жырын айтып, ертегі оқыды. Бір айта кетер ерекшелігі, кітапханада осы күнге орай жайылған кеңқанатты кітап көрмесі ұлттық киімнің ерекшелігі, халық ауыз әдебиеті туралы сыр шертті.

Камзол киген кітапханашылар қолөнермен айналысып, кесте мен тоқыманың қыр-сырын оқырмандарға таныстырды. Ал ақ орамал таққан келіндер қонақжайлық дәстүрді дәріптеп, ұлттық тағамдармен қатар салт-дәстүрге қатысты әдебиеттерді таныстырды.

Шараның көркем түйіні – қазақ қызының сұлулығын бейнелеген Қыз Жібек образы. Сәукеле киген ару ұлттық киімнің мәнін айшықтап, қазақ әдебиетінің құнды жауһарларын насихаттады.
Осылайша, кітапхана қабырғасында өткен бұл шара ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір іспетті кітаптың маңызын айшықтады.

Айта кетейік, Ұлттық киім күнінде аудандағы өзге де кітапханалар, мектептерде түрлі танымдық шаралар кеңінен ұйымдастырылды.
Аида Асылбек,
Ақжайық ауданы