Наурызнаманың онкүндігінде Бөкей ордасы ауданы бойынша ұлттық киімдерімізді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар өтті.
Бірден айталық, атаулы күнге балабақтағы бүлдіршіндерімізден бастап, мемлекеттік қызметкерлерімізге, тіпті зейнеткерлерімізге дейін белсенді қатысты.
Аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Аслан Бижановтың айтуынша, мекеме қызметкерлері тек бүгін ғана емес, наурыздың алғашқы күнінен бастап, ұлттық нақыштағы киімді киіп жүр. Ал наурызнама іс-шаралары аясында түрлі челлендж ұйымдастырылыпты.
- Тек бүгінгі күні ғана емес, әрбір қазақстандық өз мәдениеті мен ұлттық бірегейлігін мақтан тұтып ата-бабаларымызға құрмет көрсетуге және озық дәстүрлерімізді қазіргі заманға жалғастыруға міндетті, - дейді бөлім басшысы.
Ал аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Жанаргүл Айғалиеваның айтуынша, барлық білім беру мекемесінде ұлттық киім түрлерін тақырып еткен танымдық кештер өткен екен. Мектеп оқушылары да көктемнің алғашқы күнінен-ақ сабаққа бір сынып бірдей боп, ұлттық киіммен келіп жүр.
Естеріңізге сала кетсек, онкүндіктің кезекті күні ұлттық киімге арналады.
Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы