Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ жерін жайнатып, бұлбұл құсын сайратып, Наурыз тойын тойлатып — Жаңа Жыл келетіні белгілі.
Бүгін еліміз бойынша жоспарланған «Наурызнама» онкүндігімен ұштастырып, ұйымдастырылған іс-шара жоспары негізінде Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжі «Ұлттық киім» күніне орай Мәдениет үйі алаңында ауылдастарға арнап мерекелік шара өткізді. Әр халықтың ұлттық ерекшеліктеріне сай келетін киім үлгілері — сол ұлттың бет бейнесін көрсетіп тұратын ғажайып дүние. Оның ел арасында эстетикалық, этно-мәдени, қоғамдық мәні де орасан зор. Сондықтан әр қазақ мақтан тұтатын мол мәдениетіміздің елеулі бір саласына — киім кию үлгілерін жатқызуға болады. Қазақ елі ұлттық киім үлгісін жасауда өзіндік ізін қалдыра білген. Киімдердегі ою-өрнектер, қолданылған материалдардың композициясы, олардың арасындағы керемет үйлесім, түр-түстің ерекше нәзік сәйкестігі – бәрі де қазақтың шоқтығы биік шеберлігін, шалқар шабытын, табиғатты терең меңгерген даналығын байқатады.
Ұлттық киімдерді танымал етуге және сәнді киімдер көрсетілімін өткізуге ерекше назар аударған Жалпақтал аграрлық және салалық технолгиялар колледжінің инженер-педагогикалық ұжымы «Ұлттық киім – ұлт бейнесі» атты қазақ халқының ұлттық киім үлгілерінің сән шеруін ауылдастарға тарту етіп, бірден шараның шымылдығын ерекше мазмұнмен ашты.
Қазақ даласына Ұлы Жібек жолы арқылы әкелінген пүліш, барқыт, дүрия, мауыты, масаты, маржан, жібек, атлас, парша сияқты маталардан және мал мен аң терісінен тігілген киімдер - қазақ қыз-келіншектерінің сәніне-сән, көркіне көрік қосқан. Шара барысында бойжеткен қыздар қызыл кілем үстінен жүріп өтіп, тақия, кәжекей сияқты киім үлгілерін көрсетіп, заман өзгерсе де, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпы, ұлттық киімі әлі күнге дейін өзгермегенін дәлелдеді. Негізінен қазақ әйелдерінің ұлттық киімі көйлек, кимешек, жаулық, сәукеле, желек, тақия, камзол, кәзекей, кебіс-мәсілерден тұрса, ер адамдар қазақтың негізгі және дәстүрлі киімі деп шапанды үзбей киген. Ерлер шапаны көп жағдайда жібек, жүн, мақта, барқыт маталарынан дайындалса, шапанмен бірге киетін бас киімі биік төбелі, тегіс төбелі, үшкір төбелі болып түрлі пішінде тігіледі. Одан басқа қазақта құндыз бөрік, пұшпақ бөрік, қара бөрік секілді түрлері де бар. Ел назарына ұжым болып ұсынған қазақтың ұлттық киімдерінің қазіргі қоғамға сай үлгілері еркін түрде кеңінен көрініс тапты.
Ата-бабаларымыздан жалғас тауып келе жатқан ұлттық киімдеріміз зор талғаммен, сәнді де қонымды етіп үйлестіріліп, ұлт мәдениетінен, қоғам өмірінен ажырамас сыр шерткізді. Осы орайда Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжі ұжымының ұйымдастырған шара мақсаты да өз деңгейінде жүзеге асты деп есептейміз. Тағылымы мен тәрбиесі мол шарада колледж директорының уақытша міндетін атқарушы Дәурен Оразаев ауыл халқын Наурыз мерекесімен құттықтаса, Жалпақтал мешітінің бас имамы Тілекқажы Ахметжанұлы елге арнап, ақ батасын берді.
#nauryznamabqo
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы,
zhaikpress.kz