Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай Жаңақала ауданында «Кітап – дәуір айнасы» атты библио түн кеші өтті. Шараның шымылдығын ашқан мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Нұрғалиқызы барша кітапсүйер оқырманға игі лебізін білдірді.

Әрі қарай, Жаңақала мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушылары Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың сұм жылдардағы отбасының хәл-ахуалын бейнелеген «Ең бақытты күн» әңгімесінен қойылым сомдап, біртуар ақын-жазушылардың өлеңдерін жатқа оқыды. Сонымен қатар, ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, еңбек ардагері Закария Сисенғали бастаған бір топ тұрақты оқырмандар жылы тілектерін жеткізіп, өздері оқыған кітаптарынан алған әсерлерімен бөлісті. Сондай-ақ, Закария Жүсіпқалиұлы кітапхана ұжымына ерекше алғысын білдіре отырып, «игі шара барысында тікелей қатысы бар бөлім басшылары да қалыс қалмау керек қой» деген ескертпесін айта кетті.
Кітап көрмесіне шолу жасалып, жаулығы желбіреген әжелер бір топ балақайларға ертегі оқып, ой өрбітті. Сонымен қатар, көңіл сергітер жастар би билеп, адамзаттың рухани қазынасына айналған кітаптың қадір-қасиеті мен мән-мағынасы туралы сөз өрбітті. Жануарлар мен ертегі кейіпкерлерін бейнелеген кітапханашылар жиналған балдырғандармен бірге ән салып жүріп қалай уақыттың көңілді өткенін байқамай да қалды.
Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей қолдауымен биыл 23-сәуір Ұлттық кітап күні ретінде тұңғыш рет атап өтілуде.
Үшінші Ұлттық негізгі құрылтайдың сессиясында қабылданған қаулы 2024 жылы 16 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді. Бұл күн – мәдени мұрамыздың, білім мен парасаттың қайнар көзі саналатын кітапты ұлықтататын ерекше мереке.
Ақерке Мәлікқызы,
Жаңақала ауданы