Жаңақала ауданы орталығындағы мектеп-гимназия ұжымы «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» іске асыру негізінде, мектеп ата-аналарын педагогикалық қолдау аясында 5-10 сыныптың ұлықты ұлдары мен ақылман ағалары арасында «Ағалар біздің кең арқау асқарымыз» және аталмыш сыныптың қылықты қыздары мен жаны жайдары жеңгелері арасында «Қызым еркем - жеңгесімен көркем» атты мәдени шарасын ұйымдастырды.
Ер азаматтарға арналған тәжірибе алаңында Айбол Арыстанов пен Ернұр Қажымұхан темірден түйін түйсе, Мереке Тілепберген інісі Мансұрмен қайыстан бұйым өріп, жас спортшылар Жантілеу мен Нұртілеу Тұрарбектер шеберлік сағатын ұсынды. Одан әрі қызықты ойындарға ұласқан кеште Төрехан Сатыбалды мен Бейімбет Қисабеков ат баптау тәсілдерімен бөлісті. Сонымен қатар бір ананың құрсағын жарып шыққан бауырлар ұлттық құндылықтарымызға бағытталған сұрақтарға жауап берді.
Ал аруларымызға арналған сырласу кешінде жеңгелеріміз келешекте бір үйдің отанасына айналатын қаракөз қыздарымызға ұн тағамдарын, сүт өнімдерін дайындаудың алуан түрлі тәсілін таныстырып, қазақтың қолөнері жайында біраз мағлұмат берді.
Шара барысында мектеп оқушысы, бірнеше байқаудың жүлдегері Томирис Ержанқызы өнерімен дүйім жұртты тамсандырды. Сондай-ақ бет күтімі мен шаш күтіміне де байланысты пайдалы кеңестер беріліп, халқымыздың ырым-тыйымдары да назардан тыс қалмады.
Кеш соңында білім ордасының басшысы Нұржан Есентайұлы қаймағы бұзылмаған қазақ дәстүрін одан әрі дәріптеуге атсалысқан арда ағалар мен ақ жүректі жеңгелерге алғысын білдірді.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz