Теректі ауданының құрметті азаматы, Ұлттық құрылтай мүшесі, ақын, жазушы, журналист Бауыржан Ғұбайдуллин Шағатай ауылында болып, жергілікті халықпен жүздесті. Кездесуге Теректі ауданы әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров, Шағатай ауылдық округі әкімі Рүстем Мүтиев қатысты.
Кездесу барысында қазақ тарихында өткен құрылтайлар мен Тәуелсіздік жылдарында ұлтты ұйыстырған басқосуларға шолу жасалды. Сонымен бірге, құрылтайда айтылған мәселелер өз шешімін тауып жатқандығы да тілге тиек болды.
- 2022 жылы өткен құрылтайда Президент алдында бірқатар жайттарды жіпке тізген болатынмын. Соның бірі – демографиялық дүмпу. Еліміз жер көлемі жағынан әлем бойынша ондықта екендігін сіздер білесіздер. Алайда, халық саны бойынша 20 миллионға енді жеттік. Ұлытаудағы құрылтайда осы жайт кеңінен айтылып, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылды. Аталмыш жоба сол келелі басқосудың нәтижелерінің бірі деуге толық негіз бар. Осы қордан 18 жасқа дейінге балалардың шотына алғашқы қаржы да түсе бастады. Одан кейін сол құрылтайда шекараға жақын ауылдарға ерекше назар аудару, жеңіл өнеркәсіпті дамыту, ауылдық жерлерде білім ошақтарын сақтап қалу, алыс ауылдарға баратын мамандарға берілетін қаржы көлемін ұлғайту секілді өзекті деген дүниелерді көтердік,-деді өз сөзінде Ұлттық құрылтай мүшесі Бауыржан Файзоллаұлы.
Жиын аясында шағатайлықтар да сөз алып, өздерін толғандырар мәселелерді тізбеледі. Олардың қатарында елдегі діни ахуал, ауылішілік жол, сонымен қатар Шағатайдағы таза ауыз судың сапасы да бар.
Әділет Әлібек,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz