Шыңғырлауға Батыс Қазақстан облысы «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, Ұлттық құрылтай мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин іссапармен келді. Облыстың бас басылымның басшысы алдымен Ақбұлақ ауылдық округінде болып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Қазір қоғамда белең алып тұрған өзекті мәселелер жайында әңгіме қозғады.
Сондай-ақ Ұлттық құрылтайда болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістер, атқарылған жұмыс мен алдағы уақытқа жоспарлар туралы айтып өтті.
Ауыл әкімі Светлана Байтенова да кездесуде сөз сөйлеп, ауылдың жай-күйін баяндап, ауыл жетістіктерін, жүргізіліп жатқан құрылыс жұмысын атап берді. Ауыл тұрғыны Гүлжан Құрманғалиева ауылдың жағдайының жақсы екенін айтып, ауыл тұрғындары атынан ризашылықтарын білдірді.
Бауыржан Файзоллаұлы жиынға қатысушыларды кітап оқып, өздерін дамытуға, заман ағынынан қалмай, әрдайым алға ұмтылып отыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге шақырды.
Кейіннен Бауыржан Ғұбайдуллин аудан бөлімдерінің басшыларымен, қызметкерлерімен кездесті.
Жиында көтерілген басты тақырып Ұлттық құрылтайдың осы уақытқа дейін атқарған жұмысының нәтижелері, болашаққа құрылған жоспарлар болды. Осыған дейінгі кездесулерде халық тарапынан түскен сұрақтар мен ұсыныстарды да атап өтіп, олардың шешіліп, іске асырылуы бойынша мысалдар келтірді.
Кез келген ұсыныс, пікірдің тыңдалып, әрқашан Үкімет тарапынан кері байланыстың болатынын айтты.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz