17.04.2025, 22:00
Оқылды: 245

Ұлттық құрылтай мүшесі Жаңақала ауданында болды

Бүгін Жаңақала ауданыа іссапармен келген ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин сала басшыларымен, халық қалаулыларымен, аудан ардагерлерімен, ұстаздар қауымымен және аудан жастарымен арнайы кездесу өткізді.

07be21ad-84f4-437a-a2c5-9699c88dc142

Аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаевтың төрағалығымен өткен жиында Бауыржан Файзоллаұлы алдымен биыл наурыз айында Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың мәні мен маңызына, бағыты мен бағдарына тоқталды. Сондай-ақ ол қазақ халқын дәстүрлі ислам аясына жинау, әскердегі тәртіпті нығайту, шекара маңына халық қоныстандырып, шекара маңындағы елді мекендердің тұрғындарына және сондай елді мекендерде қызмет жасайтын мамандарға жағдай жасау, сондай-ақ Орал қаласының түбінен 2001 жылы табылған ортағасырлық Жайық қаласының жұртын аспан асты музейге айналдыру секілді ұсыныстарын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының назарына салғанын айтып өтті. Айтуынша, Жайық қаласының жұртын аспан асты музейге айналдырудың екі оң сипаты бар. Біріншіден, тарихымыздың тамыры тереңде екендігін көрсетеміз. Екіншіден, өңірімізде туристік саланы одан әрі арттыру арқылы жергілікті бюджетке құйылатын қаржы еселенеді.

6dd93cf4-f1f7-4b5a-aca7-844a8e2374de

Сөз кезегі актив отырысына қатысушыларға ұсынылып, ой-пікірлер ортаға салынып, талқыға түсті. Ауыл тұрғыны Әлихан Досмұхамбет Жайық өзенінің оң жағалауына әскери бөлімдер ашу қажеттігін және әскердің елді қорғайтын әскери әлеуеті болу керектігін айтып, мемлекетімізде ұлттық идеологияның жетіспейтіндігін тілге тиек етті. Оның себебін төл тарихымызды архивтік жазбалардан, археологиялық қазбалардан, шетел архивтерінен емес, бір кездері Кеңес Одағының коммунистік партиясына жалтақтаған жазушылардың әдеби шығармаларынан іздейтіндігімізден деп түсіндірді.

90a8eeb9-18de-4453-bd2f-18c916fa14f5

Ал ауыл ардагері Айтуған Шарафутдин қазақтың қазақ болып қалыптасуы ең алдымен аты-жөнін дұрыс жазудан басталады дей келе, әлі де күн тәртібінен түспеген киік мәселесін қозғады. Ақсақалдың пікірінше, дала жануарына, төрт түлік малға жайылым жетіспегендіктен, ақбөкендер шабындықты отап кетеді. Жайылымдық жер кең болу үшін полигонның жерін кәдеге жарату қажет. Аудандық мәслихат төрағасы Қамбар Қаменов аталмыш жиынды тек аудан орталығында ғана емес, ауылдық жерлерде де ұйымдастырып, ауыл халқының пікірлеріне құлақ асуды ұсынды. Сонымен қатар Пятимар ЖОББ мектебінің директоры Қазыбек Әлмұқанов қазіргі білім беру жүйесінде қабылданған стандарттың кей тұстарымен келіспейтіндігін айтып, мектеп оқулықтарында жазылған кейбір әдеби шығармалардың мәтіндері оқушының жас ерекшелігіне, сыныбына сәйкес келмейтіндігін сөз етті. №3 Жаңақала ЖОББ мектебінің басшысы Лариса Диярова бала тәрбиесіне тоқтала кетіп, білім мен тәрбиені ұштастырушы ұстаздарға, оның ішінде мектеп әкімшілігіне, мектеп басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына, сынып жетекшіге діни бағытта, сонымен бірге мектеп психологына кәсіби бағытта ақысыз семинарлар ұйымдастырылыса деген қалауын жеткізді. Облыстық басылым басшысы жоғарыда көтерілген мәселелердің кейбірін қойын дәптеріне түртіп алып, жұмыстануға уәдесін берді. Сөз соңында «Бос жатқан жер жау шақырады» деген нақылды негізге алып, кең шұрайлы жерімізге өзге жұрт көз алартпас үшін жас жұбайларды еліміздің демографиялық ахуалын жақсартуға барынша үлес қосуға шақырды.

Айзада Ақбасова

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале