Бүгін Сырым ауданында Ұлттық мейрам – Республика күніне арналған шаралар ұйымдастырылды. Ауа райының ызғарлығына қарамастан, патриот сырымдықтар қолдарына ту алып, мерекелік көңіл-күймен алаңнан табылды.
25 қазанға орай сырымдық велошерушілер 25 шақырымдық «Республикам – менің Айбатым» атты Жымпиты-Шағырлой-Жымпиты бағытына веложорыққа аттанды.
Қалған мекеме басшылары мен қызметкерлері, ауылдық округтерден келген жерлестер, мектеп оқушылары көпшілік жүгіріске қатысты. Жымпиты ауылының Амангелді-Абай-Сейфуллин-Қаратаев-Амангелді көшелері арқылы жүгіріп өткен желаяқтар 3 км қашықтықты бағындырып, сөреге жетті. Көпшілік жүгірістің ең үлкен қатысушысы 70-тен асқан қария болса, ең жасы – бастауыш сынып оқушысы.
Республика күніне орай орталық алаңда салтанатты шара жалғасын тапты. Мемлекеттік Ту көтеріліп, Гимн әуеледі. Көк байрақты желбірету рәсімін аударыспақтан спорт шебері Абай Кенжебаев пен 1991 жылдың 25 қазан күні дүниеге келген Бану Жұмагелдиева жүргізді.
Аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов сырымдықтарды айтулы мерекемен құттықтады.
- Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлытауда өткен құрылтайда жыл сайын 25 қазан – Республика күнін ұлттық мереке етіп тойлауды ұсынған болатын. Ұлттық мерекеміз қарсаңында ауданда бірнеше әлеуметтік нысандар ашылды. Мерекеге орай ауданымызда веложорық пен көпшілік жүгіріс ұйымдастырылды. Баршаңызға тарихи-идеологиялық тұрғыда маңызды Республика күні құтты болсын!- деді Жұмагелді Жолдыбайұлы.
Көпшілік жүгіріске қатысушылардың реттік нөмірі бойынша ұтыс ойындары ойнатылды. Ұтыс сыйлықтарының ішінде құлаққап, дыбысзорайтқыш, шайнек, термос, манты қазаны және басты ұтыс – «Қайсар» спорт клубы атынан спорттық киім болды. Спорттық киім Жымпиты ауылының 13 жасар тұрғыны Дәулет Мұратбековке бұйырды.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz