Бүгін аудандық кітапхана алдындағы алаңда осындай тақырыппен Ұлттық кітап күніне орайластырылған ауқымды фестиваль өтті.

Кітап – адамзатты игі істерге жетелейтін, білім мен ақылдың кемелін арттыратын ғаламат күшке ие. Ол – адам туындатқан құндылық та. Сондықтан биылдан бастап атап өтілетін, әдебиетімізді, қазақ әдебиетіне олжа салған қаламгерлерді ұлықтайтын Ұлттық кітап күнінің маңызы ерекше. Аталмыш шара осы ақиқатты тағы бір дәлелдеп бергеніне соған қатысқан барша куә болды.

Бұл керемет мерекелік шараны көрген де арманда, көрмеген де арманда. Алаңды қоршай орналасқан шағын ауылдар, сан дәмнен сіресіп тұрған дастархан, арқа-жарқа оқырмандар, қаламы қарымды өлке қаламгерлері, кітап кейіпкерлері – осының бәрі кітап атты сенімді серік, адал дос, дана ақылманның мәртебесін арттырды.

Жиналғандарды алдымен аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова құттықтады. Ол Ұлттық кітап күнінің маңызы, ана тіліміздегі, яғни ұлттық таныммен суарылған кітаптардың насихатталуына әрқайсымыз үлес қосуымыз жөнінде ойлы сөз тастады ортаға. Мемлекетіміздің рухани ордаларға қолдауы, соның ішінде аудандағы қос кітапхананың модернизациядан өтіп, оқырманға жаңа форматта қызметін ұсынуы зерделі оқырмандар қатарының көбеюіне ықпал етеді деген сенім білдірді.
Осыдан соң ол аудан әкімі Мұрат Сердалиннің алғыс хатын қаламгерлердің бір тобына табыстады. Атап айтсақ, олар – Құрман Бисеғалиев, Алдаберген Сәрсеков, Аманғали Қайсағалиев, Жексен Сексенбаев, Абылайхан Мақсұтов, Санат Мұхамбетқалиев, Мейірман Шәкенов, Мәлік Берді Әлі. Қаламы қуаттылардың атынан сөз алған М.Берді Әлі кейінгі буынды кітап оқуға баулу баршаға міндет екенін қаперледі.

Осыдан соң ақжайықтық ақын-жазушылар сап түзеп, көптің қошеметімен қызыл кілеммен жүріп өтті. Олардың ізін ала Ақан сері ауылының да кейіпкерлері келді ортаға. Келгенде де, бос келмеді – сал-серілердің өмірін өрнекті сөз, жырмен кестелеген кітаптарды ала шықты. Содан кейін шеруде жүріп өткен Қозы-Көрпеш пен Баян сұлудың ауылы, Қыз Жібектің ауылы махаббат лирикасына толы туындыларды таныстырса, Домалақ ана ауылының нәзік жандылары қазақ әдебиетінде әйел-ана тақырыбындағы құнды дүниелерді көпшілікке насихаттады. Батырлар ауылының жігіттері де аты атап тұрғандай, батырлар жыры басылған кітаптарды алып шықты.
Осы шеруде балалардың ықыласына бөленген кейіпкерлер Ертегілер әлемінен келгені, айтпаса да, түсінікті. Алдар Көсе, Жезтырнақ, Көлтауысар, Желаяқ, Қаңбақ шал, Күнікей қыз, Бауырсақ балаң оқырмандармен тілдесіп, олармен бірге суретке түсті.
Кітап шеруін кім түйіндегенін ішіңіз сезіп тұрған шығар. Әрине, бұл мерекенің басты кейіпкер – Кітап. Ол оқырмандардың әрқайсысына «Мен сені білімге жетелеймін, мен сені адамдыққа тәрбиелеймін. Мені аш, оқы, терең бойла. Әдебиет әлеміне жол сал!» деп үндеу тастап, сырлы әлемнің құдіретін сезінуге шақырды.

Шараның ең қызығы осыдан соң басталды. Жиналғандар қазақ әдебиетінің көрнекті туындыларынан, әлем әдебиетінің жауһарларынан, өлке қаламгерлерінің кітаптарынан, ертегі-дастандардан көрмелерді тамашалап, шеруде болған әр ауылды асықпай аралады. Фотозоналарда сүйікті кейіпкерлерімен естелік фотоға түсті. Арнайы аталымдар белгіленіп, белсенді қатысушылар марапатталды.

Шараны аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Мұсағалиева қорытындылап, күллі рухани қазынамыздың қайнары болып табылатын кітаптың құдіретін, әдебиеттің ғажабын насихаттап жүрген оқырмандарға риясыз алғысын жеткізді.
Әлия Шарапиева,
Ақжайық ауданы