6 қараша күні Соналы елді мекенінде ұлттық спортымызды, дәстүрімізді насихаттайтын жаппай көкпар ойынынан жарыс өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай патриоттық сананы көтеру, ұлттық спортың кенжелеп қалған түрлерін халық арасында жандандырып, өскелең ұрпаққа таныту мақсатын көздеген ойын жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Шараның өтуіне мұрындық болған Қаратөбе өңіріне белгілі атбегі, көкпаршы Мұратбек Табылдиев.
Мектеп әкімшілігі мен осындай белсенді ауыл азаматтарының бірігуімен оздырылған шарада құттықтау сөз сөйлеген Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Берікқали Мұса көкпаршыларға тақымда мықты болуларын, салымдары еселене беруін тіледі.
Ақ серкенің бауыздалар сәтінде Соналы ауылының ең үлкен тұрғыны, баталы қария Абай Соқатов атамыз ақ батасын беріп шараны ашып берді.
Жалпы осы шараның ұтыс қоры 240 мың теңгені құрады. Көкпар ойынының көрігін қыздырмаққа алыстан ат терлетіп Шыңғырлаулық палуан көкпаршылар, Теректі ауданының өкілдері және Ақжайық ауданының «Құлагер» ат спорты клубының көкпаршылары келіп қатысты. Бұл ойында жерлес жігіттер де терезесі тең ойын өрнегін көрсете білді. Қалдығайты, Үшағаш, Аққозы және ауылдың көкпар десе делебесі қозатын белді ойыншылары қатысты. Одан бөлек тек қана ауыл азаматтары үшін ұлттық ойын арқан тартыс та ойнатылды. Жүлде қоры 30 мың теңге болған тартыста І орынды ауыл жастары, ІІ орынға ауылдың орта буын өкілдері, ІІІ орын межесіне мектеп ұжымы қол жеткізіп, ұтысты бөлісіп алды. Көкпар ойыны екі кезеңде ойнатылды. І кезеңнен кейін ат суыту, шабандоздарды демалту мақсатында арқан тартыс сайысы қызу ойналды.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz