7.07.2022, 11:00
Оқылды: 165

Ұлттық ойынның дәрежесі көтеріле ме?

Елімізде жыл санап шахматтан Әлем чемпиондары көптеп шығатынын естіп, көріп жүрміз. Әйтсе де, ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақтан чемпиондар облыс пен республикадан аса алмайтыны қынжылтады. Ол әрине мықты маманның тапшылығынан емес, төл өнерге жанашырлықтың аздығынан секілді.

InShot_20220707_105353739

Өткен аптада ғана Алматы қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Айша Ғарифолла «классика» үлгісі бойынша І орын иегері атанғанын жазған едік.

Ұстаздық еткен жалықпас

Сырым ауданы бойынша тоғызқұмалақ үйірмесі Абай орта мектеп-балабақша кешені мен А.Жұмағалиев атындағы Жосалы орта мектебінде ғана бар. Әрине, бұл қынжылатын жағдай. Ұлттық құндылығымызды өлтірмей, сақтап қалу жолында еңбек етіп жүрген санаулы ғана азамат болса, соның бірі де бірегейі Абай мектеп-балабақша кешенінің тоғызқұмалақ үйірмесінің жетекшісі, Айша секілді көптеген тоғызқұмалақ жүлдегерлерінің ұстазы Дарын Төреғалиевтің еңбегін елемей кетуге болмас.

InShot_20220707_120131914

Д.Төреғалиев Абай ауылының тумасы, мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінен-ақ тоғызқұмалақ үйірмесіне қатысып, облыстық, республикалық ойындардың жүлдегері атанып үлгерген. Мектепті бітіре сала бозбала Дарын әскерге, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып кетеді.
Кейіннен Орал қаласындағы Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінен «туризм», Дәуір академиясынан дене шынықтыру мамандығын бітіреді.

Алғашқы еңбек жолын 2015 жылы Сырым аудандық балалар мен жасөспірімер спорт мектебінің Абай бөлімінің тоғызқұмалақ үйірмесінде жаттықтырушы болып бүгінгі күнге дейін жемісті еңбек етіп келеді.

Тоғызқұмалаққа қызығушылық

  -    Бүгінгі таңда мектеп жасындағы балалардың ұлттық ойынымызға қызығушылығы өте жоғары. Өйткені мектебіміздегі оқушыларды аудандық жарысқа өзара іріктеуден өткізіп апарамын. Ал жаңадан қатысып жүрген немесе іріктеуден өте алмаған балалар бір-бірінің орнын алмастырып отырады. Аудан бойынша әр округте үйірме болмағанына қарамастан Абай мен Жосалыдан бөлек, Қызылағаш, Бұлдырты, Жымпиты, Көздіғара ауылдарында тоғызқұмалаққа құмар балалар бары қуантады,- дейді Дарын Құлтайұлы.

Д.Құлтайұлының жетекшілігінде 2-10 сыныптар арасында 50-ден астам оқушы бар. Тіптен 1-сыныптан қатысуға ниетті балақайлар да бар екенін жасырмады үйірме жетекшісі. Дарынның шәкірттері көптеген облыстық чемпионаттардың жеңімпаздары. Алғашқылары А.Қоңырова, Н.Ибраим, Е.Нағымов, Н.Батырғалиева, П.Қанаділова, Н.Әсетова, Г.Орынбасар, Г.Мағалимова, Д.Хамидуллин секілді қыз-жігіттер студенттер арасындағы чемпионаттарда мықтылықтарын мойындатып жүр.

InShot_20220707_105501428

«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөз бекер айтылмаса керек, шәкірттердің мықты, алғыр болып, жүлдегер атануы да ұстаздарың еңбегі.
Д.Төреғалиев өзі де жүлделерден құр алақан емес. Атап айтар болсақ, өткен жылы 4 жылда бір өтетін облыстық «Ақ бидай» ойындарында Сырым ауданының тоғызқұмалақшылары Г.Сүйіншалиева, А.Нағымова, А.Нұрғали, С.Кәрімов, Д.Төреғалиев командалық есепте 4 рет қатарынан облыс жеңімпаздары атанған жалғыз аудан болатын. Аталған спортшылардың ұстазы, Сырым еліндегі тоғызқұмалақтың негізін қалаушы, саройлық Қанапия Қаяпбергенов.

Сөз соңында

Күні кеше ғана Қазақстандағы танымал шахматшылар Президентке шахматты мектеп бағдарламасына қосу керектігі жөнінде ұсыныстарын білдіргені есімізде. «Ұлттық код», «Ұлттық құндылық» деп жария қылғанда алдымызға жан салмаймыз. Алайда облыс, республика деңгейін қанағат тұтып жүре бермей, ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақты халықаралық, әлемдік деңгейге жеткізуді қолға алатын сәт жеткен секілді. Еліміздегі, ауданымыздағы білікті, білімді, еліне жанашыр азаматтар «ұлттық ойынды дамытамыз» деп үйірмені місе тұтуға мәжбүр болып тұр. Шындығына келгенде, айлығы шайлығына жетпейтін білімді азаматтарды үйірмелерге үйір етіп қойып, азды көп қылып емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен мектеп бағдарламасына тоғызқұмалақты қосуды күн тәртібіне қоюымыз керек.
Ауылдық жерлерде аталмыш ойынға балалардың да, ересектердің де бүйрегі бұрып-ақ тұрады. Бірақ, көңілдей көңілді «үйірмелер» су сепкендей басып тастап тұр ма дейміз.

Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале