Наурыз мерекесінің 10 күндігі аясында 20 наурыз – Ұлттық спорт күніне орай Байқоныс ауылдық округінде жасөспірімдер арасында дәстүрлі садақ атудан аудан біріншілігі өтті.
Байқауды Байқоныс спорт клубы, Бәйтерек спорт клубы және Бәйтерек аудандық Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы ұйымдастырды. Жарыстың басты мақсаты – ұлттық спорт түрлерін насихаттау, жас буынның ата-бабадан қалған мұраға деген қызығушылығын арттыру және олардың мергендік пен шыдамдылық дағдыларын дамыту.
Сайысқа Байқоныс ауылынан 15 спортшы қатысып, дәстүрлі садақ ату ережесі бойынша қалқан нысанасына дәл тигізу арқылы өз шеберліктерін сынады. Біріншілік үш жас санаты бойынша өтті: 7-9 жас, 10-11 жас және 12-14 жас аралығы. Жарысқа Байқоныс ауылының спорт әдіскері Жанболат Закарин мен Байқоныс мергендер үйірмесінің жаттықтырушысы Ердәулет Амантай төрелік етті.
Бәсеке барысында жас мергендер өз ептіліктерін көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінуге тырысты. Нәтижесінде: 7-9 жас санатында – 1 орынды Байқоныс орыс мектебінен Мейірхан Қуаныш, 10-11 жас санатында – 1 орынды Орал қалалық №44 ЖОББМ Айсұлу Бауыржанқызы, 12-14 жас санатында – 1 орынды Қадыр Мырза Әли атындағы ЖОББМ Арман Жұлқашев иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Бұл сайыс жас буынның ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырып, спортқа деген ынтасын оятуға үлкен үлес қосты. Ұлттық спорттың осылай кеңінен насихатталуы – ата-баба дәстүрін жалғаудың жарқын көрінісі.
Саида Жайық
Бәйтерек ауданы