Бейсенбі күні аудандық спорт клубтың ұйымдастыруымен Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамына орай ұлттық спорт түрлері бойынша аудан біріншілігі өтті. Салауатты өмір салтын насихаттау, ауданда Ұлттық спорт түрлерін дамытуды көздеген жарыс Тасқала спорт кешенінде өтті. Біріншілікке он команда қатысып арқан тарту, садақ ату, асық ату, бес асық сынды ұлттық спорт түрлерінен бақ сынады. Жарыстың ашылу салтанатына аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез арнайы қатысып, қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Одан әрі Қазақстан Республикасының Ю-18 жас ерекшелігінде күміс жүлде иегері Тілек Габдуллинге аудан әкімі Талғат Асқарұлы атынан алғыс хат табыс етті. «Жеңісіңді естіп ел қуанып жатыр. Елдің мәртебесін көтеріп, қазақтың көк байрағын желбіреттің. Қайда жүрсеңде жолың ашық, мәртебең биік болсын. Елдің, Ұлттың намысын қорғап жүр»,-деді Думан Ғазез жас спортшыға.
Салтанатты шарадан соң біріншілік сайыстары басталып кетті. Тартысқа толы өткен додаға спортшылар жоғары дайындықпен келген. Әр спортшы жарыстың биік шыңынан көрінуге тырысты.
Нәтижесінде садақ атудан ерлер арасында спорт клубы командасының мүшесі Фархат Мұқанғалиев үздік атанды. ІІ орын ояндық Асқарбек Асылбековқа бұйырса, ІІІ орынды шежіндік Нұрғали Тапанов еншіледі. Ал, қыздар арасында І орынды спорт клубы командасының мүшесі Жанар Кунтаева жеңіп алды. ІІ орынды Достық ауылынан келген Фарида Мусина иеленсе, ІІІ орынға Ы.Алтынсарин атындағы мектеп командасының мүшесі Асылжамал Андамасова жайғасты. Асық атудан спорт клубы командасының мүшесі Қайырбек Сағындықов топ жарды. ІІ орынға Мешіт Жамағаты командасының мүшесі Құлтөре Нажметдинов қол жеткізсе, Ы.Алтынсарин атындағы мектеп командасының мүшесі Қазбек Кушалиев ІІІ орынға табан тіреді. Бес асық сайысында да аталмыш мектеп командасының мүшесі Асылжамал Андамасова шеберлігін көрсетіп үздік атанды. Ал, ІІ орын спорт клубы командасының мүшесі Жанар Кунтаеваға бұйырса, ІІІ орынды мерейлік Ақсұлу Мұқанғалиева алды. Арқан тарту бойынша бірінші орынды Мерей ауылдық округінің командасы жеңіп алса, ІІ орын Мешіт Жамағатынан құралған командаға бұйырды. Жүлделі ІІІ орынға аудандық Спорт клубының командасы жайғасты.
Біріншіліктің жабылу салтанатында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан диплом мен медаль және бағалы сыйлықтар табысталды.
Болат Бек,
Тасқала ауданы