Бүгін аудандық спорт кешенінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тапсырысымен «Жан» демеуші қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында аудан бойынша пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғалар арасында спорт түрлерінен іс-шара өтті.
Жарыстың ашылу салтанатына аудандық пробация қызметінің инспекторлары Жантөре Қосжанов пен Арманбек Үмбетқалиев, аудан прокурының көмекшісі Исламбек Нұрғалиев, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Дәурен Жарасов қатысты.
Қатысушылар садақ және асық ату секілді ұлттық спорт түрлерінен бақтарын сынады. Ойыншылар алдымен асық атудан сынға түсіп, нәтижесінде Б.Нәсіпқалиев жеңіске жетті. Б.Ғилманов ІІ орынды қанжығаласа, С.Ғұбайдуллин ІІІ орынға табан тіреді. Одан кейін садақ атуға кезек беріліп, бұл сайыста А.Төлеуов жеңімпаз атанды. З.Мақсотов ІІ орын, С.Сүндетов ІІІ орын алды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастыру алқасы атынан арнайы диплом, медаль мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы,
zhaikpress.kz