18.03.2025, 22:00
Оқылды: 137

Ұлттық стиль трендте

Әр халықтың болмысын ашып, ерекшелігін айшықтайтын ең басты құндылықтардың бірі – ұлттық киім. Ұлттық киім – бұл тек сән үлгісі ғана емес, ол – халықтың тарихы мен мәдениетінің көрінісі, рухани мұрасы. Әр ою-өрнек, әрбір тігіс – ата-бабамыздың өмір салты мен дүниетанымынан сыр шертеді. Бүгінде ұлттық киімге деген қызығушылық тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде белең алған.

IMG-20250318-WA0036

Қазіргі заманғы жаһандану үрдісінде ұлттық нақыштағы киімдер – халықтың өзіндік болмысын сақтаудың символына айналуда. Әлемдік брендтермен таңғалдыру оңай емес. Ал ұлттық киім – өзінің қайталанбас өрнегімен, табиғи түстерімен, терең мағыналы нақышымен әрдайым ерекшеленіп тұрады.
Ата-бабамыз да киім тігу барысына аса мән берген. Әр киімді киюдің өзіндік әдебі қалыптасқан. Тіпті киімге салынатын ою-өрнекке дейін жіті қадағалап, әр қайсысының мағынасына терең үңілген. Ұлттық киімнің түрлерін дайындауда көшпелі ұлтымыз төрт түлiк малдың жүнi мен терiсiн кәдеге жаратқан. Жүндi иiрiп, мал терісін илеп күнделікті киетін киімдерін тіккен. Бүгінгі күні ата-баба дәстүрі жаңғырып, ұлттық киім өндірісі өзіндік бағытпен түпкі мәнін сақтай отырып, үндестіре жаңартып, жаңғыртып жалғасын табуда.
Қазақтың ұлттық киімі дегенде көз алдымызға бүрмелі көйлек, кәмшат бөрік, оюлы, зерлі камзол, саптама етік және сәні мен салтанаты жарасқан, қымбат тастармен көмкерілген сәукеле келеді. «Шебердің қолын – күйме сүйрейді» демекші тапсырыс берушінің талғамына сай келетін ұлттық киімнің қалай дайындалатынын білгіңіз келсе, осынау мақаламызға зер салыңыз.

photo-output
- Ұлттық киімді дайындау барысы бірнеше кезеңнен өтеді. Мен қазіргі мектеп оқушыларына ұлттық нақыштағы киімдерге тапсырыстар қабылдап тігіп жатырмын. Жалпы, жас ерекшелігіне бөлмеймін. Тапсырыс берушінің қалауына сай кез келген жасқа тігемін. Өзінің жеке талғамына сай тапсырыс бергісі келген адам, ең алдымен дизайнермен немесе тәжірибелі шебермен жұмыс істейді. Өзінің қалауын жеткізіп, қандай мақсатта киетінін айтады. Дизайнер тапсырыс берушінің көкейіндегіні дөп басу үшін киім үлгісін алдымен қағаз бетіне түсіреді. Дайын болған үлгіге жан бітіру үшін мата мен өнімді таңдау жұмыстары басталады.
Ары қарай ол тігу процесімен жалғасады. Оған дейін әшекейлейтін жұмыстары болса, ол қайтадан дизайнердің қолынан өтеді. Қазақтың ұлттық киімінде, әсіресе, ою-өрнектің алар орны ерекше. Сол себепті қандай ою қойылатыны, ою қолмен кестелене ме, әлде компьютермен түсіріле ме деген мәселелер де талқыланғаны дұрыс. Өйткені қолөнердің құны қымбатқа шығады. Төл туындының, әсіресе ұлттық нақыштағы бағасы төмендемеуі тиіс деп есептеймін. Осылай шебер бастан-аяқ суретін салып береді. Егер әйелдерге арналған киім болса, ары қарай моншақтары алынады, моншақтардың түсі таңдалады. Бұл да бір болашақ образыңды көз алдыңда ұстап тұрып, ойыңда әдемі суретке жан бітіретін шығармашылық жұмыстың жауапты бөлігі деп айтар едім.

photo-output
Қол жұмысы біткеннен кейін тапсырыс берушіні тағы бір мәрте шақырып қайтадан өлшем жасалады. Ол уақытта тігінші дизайнер тапсырыс берушіге дайын болып қалған киімді кигізіп көріп, үлкен-кішілігін, қысқартатын немесе қосатын жерлерін, тапсырыс берушінің көңілінен шығу-шықпауын қадағалап, барлық жұмыстарды қосымша пысықтап, қайтадан түзеу үшін шақыртады.
Барлық жұмыс жүргізіліп болғаннан кейін дайын өнім тапсырыс берушінің қолына табысталады. Ұлттық киім тігу қарапайым киім тігу әдісінен айтарлықтай ерекшеленбейді. Алайда, аса жауапкершілікті талап етеді. Бүгінде ұлттық киімге сұраныс жоғары. Әсіресе, осы наурыз мерекесі қарсаңында халықтан тапсырыс жиілейді. Олардың арасында қоғам қайраткерлері, өнер адамдары, спорт саңлақтары ерекше ықыласпен, талғаммен тіктіреді. Арнайы тапсырыспен тігілген киім міндетті түрде сымбатыңызға сән береді. Өйткені біз дене бітіміңіздің әрбір ерекшелігін есепке аламыз әрі өз қалауыңыз бойынша тіктіресіз. Қазақ өнерінің қайталанбас көрінісі бар ұлттық киімдерге тапсырыс берерде әрбір ұсақ-түйек жұмыстарға дейін мән бергеніңіз жөн. Бір қуантатыны, қазір ұлттық стиль трендте. Жыл өткен сайын жаңғырып, жастарымыздың арасында сәнге айналуда. Трендтен түспесін. Өйткені ол біздің өзегіміз, тамырымыз әрі мәнді де сәнді болашағымыз, - дейді Переметный ауылындағы «Saya» тігін ательесінің дизайнері Ақтоты Жолдаубаева.
Қазақтың ұлттық киімі – ұлттың рухани байлығы мен мәдениетінің көрінісі. Әрбір ою-өрнек, әрбір тігіс – ата-бабадан қалған аманат. Ұлттық киімді жаңғырту – тек дәстүрді сақтау ғана емес, халқымыздың тарихы мен өнерін келер ұрпаққа жеткізудің жарқын үлгісі.

Гүлім Орда
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале