Киім кию үлгісі, сән әлеміне қатысты тақырыптар кімге болса да қызық, әрі қашан да өзекті. Себебі сән уақытпен бірге алға қарай дөңгелей береді. Ол бір орында тұрмайды. Киіну үлгісі әр адамның өзінің талғамына, өмір сүру ортасына, мәдениетіне, кәсібі мен әлеуметтік мәртебесіне байланысты. Бастысы - киім үлгісіне сән әсер етеді.
Фото: dariyakuatzhan
Сән дегеніміз – киім кию мәдениеті, заман ағынымен өзгеріп, жаңарып отыратын, белгілі бір ортада қабылданған әдеттер, құндылықтар мен талғамдардың жиынтығы. Әрине кез келген адам жаңалықтар мен өзгерістерден қалмай, сәнді киініп жүруге тырысады. Алайда стильді түсінбесе, бұл мүмкін емес. Сәндегі қымбат киімдерді алғаныңмен, оны үйлестіріп кие алмасаң сәнсіз, мәнсіз көрінесің. Ал қолда барды ыңғайлап, сәннен қалмай, өз стиліңде киіне білсең, тартымды боласың. Ең бастысы дене-бітіміңе, қаражатыңа, талғамыңа сай стильді табу.
«Сән әлемі» сонау ХІV ғасырларда Франция мен Италияда өмірге келген. Сол кезеңдерде Еуропада дамып отырған «сән» ұғымы бірте-бірте барлық елге тарады. Сөйтіп әр елдің мәдениетін, болмысын, ерекшелігін көрсететін өзіндік ұлттық стилі қалыптасты. Мысалы, Шотландия бәріне белгілі килт, яғни, әйелдер мен қатар ерлері де киетін белдемшесімен, кавказ халықтары ұлттық киімі – чохамен өзгешеленеді. Ал жапондықтар өздерінің кимоноларымен ерекшеленсе, үнді халқы түрлі түсті сарилерімен танымал.
Ұлттық киімдерде әр елдің мәдениетінің, тарихының көрінісі жатыр. «Әркімдікі өзіне, ай көрінер көзіне» дегендей, өзіміздің ұлттық киімдерімізге еш нәрсені теңгермейміз. Қазақ қыздарының ұзын етек көйлегі, сәукелесі, апа-әжелерінің ақ жаулығы, кимешегі, ерлерінің шапан, бөркі, барлығы да тамаша емес пе?! Біздің ұлттық стиліміз көшпелі халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне, салт-дәстүріне бейімделіп, әр қазақтың бойынан табылар батырлықты, кеңпейілділік пен мейірімділікті суреттей қалыптасқан. Әсем оюлармен өрнектеліп, асыл тастармен көмкерілген әдемі киімдерде еркіндік, тектілік бейнеленген. Әр киімнің матасынан бастап, пішімі, тігісі мен киілуіне дейін үлкен мән-мағына жатыр. Қазақ халқы киімге, дұрыс киінуге аса мән береді.
Фото: dariyakuatzhan
Жалпы қазақтың ұлттық киімдері етек-жеңі мол, қарапайым, жүріп тұруға ыңғайлы, дене сымбатын ашатын, үйлесімді болған. Мал шаруашылығымен айналысатын қазақ халқы ертеде малдың түбіт-жүнінен тұрмыс-тіршілікке қажетті жылы киімдер, ауланған аң терілерінен бағалы ішіктер тіккен. Жібек жіптермен кестеленіп дайындалған ішіктер, былғары белбеу, барқыт шапан, құндыз бөрік ер адамның сымбатын ашып, «қымбат» көрсеткен. Сол заманның шеберлері ер жігіттердің нар тұлғалылығын айқындайтын киімдер тіге білген. Ал әйелдер етек-жеңі ұзын, жабық, әрі дене бітімін ерекше ажарландырып тұратын көйлектер мен қамзолдар киген. Келіндер басынан ақ жаулығын, кимешегін тастамаған. Қазіргі кезде кимешекті тек әжелер ғана киеді деген түсінік бар. Негізінде ерте заманда келін боп түскеннен бастап келіншектер қыз кезіндегіден де жабықтау киініп бастаған, яғни, кимешекті тіл-көз тимесін, көші-қон кезеңдеріне ыңғайлы болсын деген мақсатта киген. Тек әйелдің жасы ұлғайған сайын кимешектегі жарқ-жұрқ еткен жылтырақтар, түрлі түстер азайтыла бастаған. Әжелер қарапайым ақ кимешек кисе де, қадірлі, құрметті болды.
Ұлттық киімдеріміздің ішіндегі ең әсемі – қыздардың киімдері. Қазақ халқы қыз баласын қырық үйден тыйып тәрбиелеген. Киген киімдері де ырымдарға, белгілі бір тыйымдарға негізделіп тігілген. Қазақ қыздары күйеуге шыққанша етек-жеңіне желбезек салынған қосетек көйлек, ою-өрнек, әдемі моншақтармен көмкерілген кәжекей, үкілі тақия мен бөрік киіп, нәзік белдік таққан. Осы киімдерді киген бойжеткеннің бойынан сұлулық, нәзіктік, ұяңдық байқалып тұрған. Қыз баланың қос етекті көйлегі, үкі тағылған бас киімі, тіпті белін буған белдігі де қыздық дәуренінің белгісі болған. Әшекей бұйымдарының өзінде ерекшеліктер бар. Олар пәле-жаланы, ауру-сырқауды жолатпайды деген мақсатта күмістен жасалған. Қос бұрымға тағылған шашбау, қыз баланың жүріп келе жатқанын ескерткендей сылдыр етеді. Сол кезде ер кісілер етек жеңін жинап, орынсыз әңгімелері мен күлкілерін тыятын болған. Шолпы сылдырынан жасқанған қыз да бейсауат жүрмеген. Осылайша қазақ халқы еркелетіп отырып, есті ұрпақ тәрбиелей білген.
Міне, осындай қазақы стиліміз жылдар жылжып, ғасыр алмасқан сайын уақыт еншісінде қалып қойды. Ұлттық киімдер әр елдің бет-бейнесі болғанымен, заман ағынына ілесе алмайды. Себебі тұрмыс-тіршілік, өмір сүру салты өзгергенде, адамның қажеттіліктері, көзқарастары да алмасады. Ежелде жаугершілік замандарда ел қорғап, шаруашылықтармен айналысқан халқымыздың киімдері сол кездегі қажеттіліктерге сай, ыңғайлы болғанымен, қазіргі тұрмысымызға мүлде келмейтіні белгілі. Байырғы заманда үй шаруашылығымен айналысқан әйелдер қауымы қазірде жұмыс жасайтын болғандықтан, жүріп-тұру қолайлылығын қамтамасыз ететін киімдер киеді. Қос етек көйлек шалбарға алмасып, үкілі тақияның ұшқыны да қалмады. Кимешектің орынын түрлі қалпақтар басқан. Шолпы тағатын қос бұрымдарды да көре бермейміз. Бұның барлығы заман талабы. Десе де, сән деп жүріп осы бір қазақы құндылығымызды, ұлттық ерекшелігімізді жоғалтып алмаймыз ба?
ХХ ғасырдың орта тұсынан ауа ұлттық стилімізден бірте-бірте кете бастадық. Шет елдің «дамып» кеткен киіну стилі әр елге жетіп үлгерді. Сөйтіп, ХХІ ғасырдағы сән әлемі өткен ғасырларда қалыптасқан ережелерді бұзып, стильдерді түбегейлі өзгертті. Жыртық, ашық-шашық, пішімі мен кескіні үйлесімсіз киімдер сәнде болды. Шет елдің өзіндік стильдері біздің болмысымызға жат секілді. Үлкен буын – ата-әжелеріміз ғана шапан, қамзолдарын, бөріктері мен жаулықтарын жоғалтпаған еді. Алайда кимешек киетін әжені, тақиялы қыздарды тек той-жиындарда, ұлттық мерекелерде көретін болдық. 2000 жылдардың басында қыздар мықымда тұратын шалбарлар, кіндікке жетпейтін қысқа киімдер кисе, жігіттер арасында бір жақ құлаққа сырға тағу сәнді еді. Көйлек киетін қыз келіншектер азайып, керісінше әйелдердің стиліне бейім жігіттер пайда болды. Қазақта «Әйелдің киімін киген ер адамның қайраты қайтады»- деген сөз бар. Сондықтан батыр бабаларымыз әйел адамның киімін кимеген, ұрпақтарына да кигізбеген. Қазақ халқы ақ түсті тазалықтың, адалдықтың белгісі санаған. Сол себептен де ақ көйлек, ақ орамал қыз-келіншектер киімінің негізі еді. Қара түсті қайғы-қасірет, зұлымдыққа балаған. Қаралы үйге қара жамылып бару себебі - осы. Сондай бір шекаралардан аттап, ырымдарды ескеруден қалдық. Мәнінен бұрын сәнін көріп, жаппай жамырап, өзгеден қайталап кеттік. Дегенмен, бұл да бір өтпелі кезең секілді. Қазіргі жастар, жаңа буын арасында еріккенге еріп, көзге түскенге еліктеу азайып келеді. Батыстың «модасынан» гөрі, замануи сипаттағы ұлттық стильді таңдайтындар қатары күн санап өсуде. Заманауи киімдер қазақы нақышқа келтіріп тігіле бастады. Әр мезгілге сай, ұлттық үлгіде дайындалған әйел адамдардың бешпеттері қазір трендте. Ал ерлердің шапаны үлкендермен қатар жастардың да арасында сәнге айналды. Олар барқыт матадан тігіліп, ою-өрнектермен көмкерілген. Осындай қарапайым болса да, ұлттық бейнеміз көрініс тауып, қазақылықтың иісі шығып тұрады. Кез келген жастағы ерлер мен әйелдерге үйлесе беретін ұлттық стильдегі киімдерді қазақтың тойларында қонақтарға сыйлау дәстүрге айналды. Олар бұған дейінгі сыйланған шапан, көйлектер секілді сандық түбінде жатып ескірмей, бірден сый иелерінің үстінен табылады. Одан бөлек ұлттық әшекей-бұйымдарымызды да айта аламыз. Оларға мойын кеуде тұсына тағатын өңіржиек пен тұмарша, шаштың көркін ашар шолпы мен шашбау, қолдың сәнін келтіретін білезік пен сақина, сылдырлаған сырғалар, басқа тағылатын шекелік пен сырғалық, тіпті киімнің алдын қаусырып тұратын қапсырмалар да жатады. Соның ішінен қазіргі таңда халық арасында бес білезік, шашбау, қазақы нақыштағы сырғалар мен шекеліктер танымал. Бұл әшекейлерді кез келген киіммен үйлестіріп тағып жүру сәнге айналып келеді. Осының бәрін заман талабына сай етіп, ұлттық ерекшеліктерімізді жаңашылдықпен үйлестіріп, ұлттық киімдерімізді қолдасақ, этно стиліміз дами бермек.
Ұлттық бейнемізді өшіру де, өсіру де өзіміздің қолымызда. Ел мәдениетін көтеріп, әдет-ғұрыптарымызды дәріптейік. Ең бастысы ұлттығымызды айқындайтын ерекшеліктерімізді заман ағымында жоғалтып алмайық.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz