29.09.2022, 10:30
Оқылды: 63

Ұлы дала ұлы тұлғаларын ұмытпайды

Осы аптада Сырым ауданында әрі батыр, әрі би, әрі шешен, әрі көсем Сырым Датұлының 280 жылдығы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ  үкіметінің мүшесі, Алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың жарық  дүниеге көрінгеніне 135  жыл толуына орай республикалық, облыстық деңгейдегі шаралар бірінен соң бірі өтуде. Мәселен, дүйсенбіде  Жымпитыда қайта басылған «Дала кемеңгері немесе Сырым туралы»  атты жинақтың таныстырылымы өтті. Бұл жинаққа жерлес жазушы Жәрдем Тілековтың «Сырым  батыр» дастаны мен Сырым бабамыздың  шешендік сөздері енгізілген.

image-27-09-22-09-30-2

– 1783-1797 жылдардағы Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі – ел тарихы. Жауға найзасы, халқына пайдасы тиген Сырым бабамыз туралы ел ішінде ауызша тараған аңыз-әңгімелер мен өлең-жырлар баршылық. Қайраткер тұлғаның теңдік үшін  күреске толы өнегелі өмірін кейінгі ұрпаққа дәріптеуде жазушы Жәрдем Тілековтың үлесі зор. Ол «Сырым батыр» дастанын жазып, Сырымның әдеби бейнесін сомдады. «Сырым батыр» дастанын жатқа оқу байқауы аудандық деңгейде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.

«Сырым батыр» жырының түпнұсқасы мен Жайық жұртшылығының жадынан жазып алынған Сырымның «Шешендік сөздері» топтастырылған бұл жинақ алғаш рет 1992 жылы Алматы қаласындағы «Сөзстан» баспасында басылған. Құрастырушысы – көрнекті ғалым, профессор Мәтжан  Тілеужанов. Уақыт озды, кітап тозды. Сондықтан құнды дүниені қайта басуға бекіндік, – деді кітаптың таныстырылымында сөйлеген Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев.

Сырым Датұлының ұрпақтарының қаржылай қолдауымен жарық көрген жинақтың тұсаукесері рәсімін аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, әрі шешен, әрі көсем бабамыздың ұрпақтарының атынан Жұбан Зейнуллин және Жәрдем Тілековтың немере інісі Сағынғали Айтанов жасады.

*   *   *

Сейсенбіде Сырым ауданында Алашорда өкіметінің батыс бөлімшесінің төрағасы, қазақтан шыққан тұңғыш заңгерлердің бірі Жаһанша Досмұхамедовтың туғанына 135 жылдығына орай «Алаш тағылымы – ұлттық рух!» тақырыбында облыстық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция жұмысына Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қатысты.

– Жаһанша Досмұхамедовты талас-тартысқа, қауіп-қатерге толы күрес жолына салған, саясатқа әкелген – қазақты өзгелермен тең қылсам, іргелі ел қылсам деген ұлтына деген перзенттік ақ-адал пейіл. Әрине, мұндай елжандылық, ұлтжандылық қазақ елінің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін нығайту үшін бүгінгі ат үстіндегі азаматтар мен ел ертеңі жастарға ауадай қажет қасиет. Міне, сондықтан да Жаһанша сәулесі сөнбейді, – деді аудан әкімі өз сөзінде. С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры, өлкетанушы Айнагүл Ойшыбаева жүргізген жиында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының құрылтайшысы Дәметкен  Сүлейменова бастаған бірқатар тарихшылар мен ғалымдар баяндама жасады.

Сүлейменова ханым Жаһаншаның жанында Алаш әскерін жасақтап, оның материалдық жарақтау жұмыстарын жанқиярлықпен жүргізген қайраткер Жанқожа Мергенов туралы айтты. «Жаһанша және рухани мұра» баяндамасында Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледждің жоғары санатты оқытушысы, Ардақ Оразғалиева Жаһаншатанудың жай-жапсарына шолу жасады. Қадыр Мырза Әли атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі Мұқат Арыстанов қазақ елі кон­ституциясының негізін қалаушы – Барлыбек Сырттанов жайлы жаңа деректерді ұсынды. Қаратөбе аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин Алашорда өкіметіне қарасты большевизммен күрес бөлімінің жетекшісі Ғаббас Жетпісов есімі мен еңбегін елемей жүргенімізді алға тартты. Бұлан орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Серік Зиятов «Алаш аманаты және біздің қоғам» тақырыбында баяндама жасай келе, мынандай ойын ортаға салды:

– Алаш қозғалысының, Алашорда өкіметінің 100 жылдығы, 105 жылдығы деп конференциялар өткізіп жүрміз. Алаш қайраткерлерінің мерейтойларын атап өтуден де кенде емеспіз. Бірақ біздің билік бүгінге дейін мемлекет басқару ісінде, басқа да салаларда Алаш тағылымын, Алаш идеясын жүйелі пайдаланып жүр дей алмаймын.

Алаш арыстары шешім қабылдарда ұлттың мүддесін мансаптан да, қызметтен де биік қойған. Біздің Жымпиты уезінен Құрылтай жиналысына делегат болып сайланған Ғұбайдолла Әлібеков деген қайраткер болған. Осы азаматты баспасөзде «Пайдамнан қағыламын, қызметімнен алынамын деп, ешқашан өз пайдасын ойламаған, патша өкіметі тұсында жанын салып жұртына қызмет еткен шын ұлтшыл» деп  таныстырған екен.

Ғ.Әлібековтің мамандығы мұғалім, 1919 жылдың шілдесінде құрылған Қазақ өлкесін басқару жөніндегі ревком мүшесі болған, ал 1920-1921 жылдары Қазақ АКСР Әділет халық комиссары қызметін атқарған, яғни бүгінгінің мәнерімен айтқанда, Әділет министрі. 1922 жылы денсаулық жағдайына байланысты елге келіп, Жымпиты уездік атқару комитетінде істеген.

Жымпитыда Әлібековтердің бірінің атында көше бар. Бірінің дейтініміз, Ғалиасқар Әлібеков деген тұлға тағы бар. Ғалиасқар Әлібеков Жер шаруашылығы халық комиссариатында қызмет жасаған кезінде Сталиннің қабылдауына барып, өз басының шаруасымен емес, қазақ жеріне ішкі Ресейден шаруаларды қоныстандыруды тоқтату мәселесін айтқан. Ал енді аудан орталығындағы көше екі Әлібековтің қайсының атында? Мұны ауданның жауапты мекемелерінің қызметкерлері  білмейді.

Аудандағы  Алаш саябағы сөз жүзінде болмаса, ономастикалық жағынан әлі құжатталмаған. Мен соны айтып келе жатқаныма бақандай 5 жыл  болды.

Молдағали Жолдыбаев та – Алаштың айтулы азаматтарының бірі. Міне, музейден аталған қайраткерлерге бұрыш ашылса, есімдерін елейтін жұмыстар жасалса деймін. – деді тарихшы Зиятов.

*   *   *

Осы аптаның сейсенбісінде Сырым ауданында  Ұлы даланың демократ-реформаторы Сырым Датұлының 280 жылдығы мен көрнекті мемлекет және ұлт қайраткері, Алаш зиялысы Жаһанша Досмұхамедовтың туғанына 135 жыл толуына орай қазақ күресінен ІІ республикалық «Алаш барысы» турнирі өтті. Негізі, «Алаш барысы» Сырым ауданының төлтума жобасы.

Жымпитыда өткен баһадүр балуандар белдесуіне батысқазақстандық Темірлан Көлбай, Нұрымжан Ғаббасов, Нұрбол Серіков, атыраулық Сұңғат Закария, Сыр бойынан Нұрым Сәлімгереев сынды қазақ күресінің халықаралық дәреже-деңгейде танымал жампоздары қатысты.

Балуандар «Алаш барысы» деген бедері бар алтын белдіктің иесі атану үшін бозкілемде барын салды. Екі аталым бойынша өткен белдесулерде мына балуандар жеңімпаз-жүлдегерлердің қатарынан көрінді:

«Өгіз  балуан» аталымы:

Әділбек Сейісов (Бөрлі ауданы) 100 000Т

Табиғат Мағауияұлы (Атырау облысы) 200 000Т

Нұрымжан Ғаббасов (Сырым ауданы)

«Алаш барысы» 300 000

«Түйе балуан» аталымы:

Сұңғат  Закария (Атырау облысы) 300 000

Теміржан Көлбай (Бөрлі  ауданы) 500 000

Темірлан Көлбай (Бөрлі ауданы) – «Алаш барысы» 800 000

Кеше Жымпиты кентінде «Сырым батыр» дастанын жатқа оқудан облыстық байқау өтті. Сонымен қатар Жетікөл ауылы аумағындағы бұрын Дат мешіті болған жерге арнайы белгі қойылды.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале