Бәйтерек аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде дәл осындай атаумен ұйымдастырылған байқаудың қорытынды кезеңі өтті.
Қазақтың қара сөзінің қас шеберлері, даңқты жазушылар Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиннің 120 жылдығына орай өткен аталмыш іс-шараға аудандағы барлық кітапхана қызметкерлері қатысты. 1 сәуірде басталған байқаудың алғашқы бөлімдері «Кемеңгер қаламның құдіреті», «Даланың дара данышпаны» деп аталды. Онда қос жазушының бірінің романынан алынған үзіндіден бір рөлді барынша көркемдік шеберлікпен сомдау (бейнебаянның түсірілу сапасы, шығармашылық ізденісі, мәнерлеп оқуы бағаланады) мен көпшілік іс-шара ұйымдастыру, әдістемелік құрал дайындау талабы қойылды. Осы екі кезеңнен үздік деп танылған кітапханашылар соңы турда «Ғ.Мұстафин» және «Ғ.Мүсірепов» деп атау алған қос команда сапына еніп, өзара сайысты.
«Мен білетін ер Ғабең» деп айдар тағылған соңғы сайыста жазушылардың өмірі мен шығармашылығы туралы интеллектуалдық таным-біліктері бойынша сынға түсті. Кітапханашылар «Ғажайып ұяшықтар», «Сұрақ-жауап», «Суреттер сөйлейді», «Ғажайып алаң» деп аталған кезеңдерде ой жарыстырды. Нәтижесінде Ғабиден Мұстафин тобы үздік деп танылды.
Аталымдар бойынша да жеңімпаздар анықталды. «Үздік әдістемелік құралды» Достық ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлжахан Қапсанова дайындаса, Мичурин ауылдық округінің кітапханалары «Үздік бейнебаян» түсірсе, «Үздік кітапханалық іс-шараны» Щапов ауылдық округі кітапханалары ұйымдастырды деп танылды. Ал байқауға белсене қатысқаны үшін Макаров, Зеленый, Январцев ауылдық округтеріндегі кітапханаларына және ана рөлін сомдаған Жамбыл ауылдық кітапханасының кітапханашы Фарида Амандәулетоваға, Рубежин ауылдық кітапханасының кітапханашы Аягүл Омароваға алғысхаттар табысталды. -Өткен ғасырдағы әдебиет алыптарының ортасынан ойып тұрып орын алған ұлт руханиятының жанашыры болған, кезі келгенде толғауы тоқсан қызыл тілдің жайын айтқан, әділдіктің жолын нұсқаған сөз зергері болған белгілі қаламгерлер Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиннің 120 жылдығына орай аудандық кітапханаларда түрлі іс-шаралар легі өтіп жатыр. Солардың айшықтысының бірі – «Ұлылықты ұлықтаған тұлғалар» байқауы. Біз осынау байқауды ұйымдастыру арқылы жазушылардың әдеби мұрасын, шығармаларын кеңнен насихаттауды, сол арқылы оқырмандардың қызығушылығын арттыруды мақсат тұттық. Сондай-ақ кітапхана мамандарының шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамын, тұлғалық мәдениетін дамытуды, оқырман қауымды, соның ішінде жас ұрпақты көркем сөйлеуге, тіл мәдениетін дамытуға, жазушылардың өмір жолы арқылы адамгершілік пен парасаттылыққа, патриоттыққа үндеуді, тәрбиелеуді мақсат тұттық,- деді Бәйтерек аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Жеңісгүл Жанабаева.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz