Наурыз мерекесі Бөкей ордасы ауданындa да кеңінен тойланды. Наурызнаманың онкүндігіне орай бір күні бір күніне ұқсамайтын шаралар қолға алынды. Бүгінгі Ұлыстың ұлы күні де керемет көңіл күймен аталып өтті.
Кешелі бері қыстың ызғары білініп, түнеріп тұрған аспанның қабағы ашылған, күн де көңілге қуаныш сыйлап жайнап тұр. Орталық алаңға ақ шаңқан киіз үйлер тігілді.
Жай тігілмеді, әр киіз үйге жауапты мекемелер киіз үйді мерекеге сай безендіріп, ұлттық тағамдардан дастархан жайып, қонақтарды қабылдады.
Сырға салу, беташар сияқты дәстүрлерімізден көрініс көрсетті. Ыстықтай бауырсақтар мен Наурыз көжелер таратылды.
Шара аудан өнерпаздарының концертімен жалғасты. Аудан әкімі Нұрлыбек Даумов:
- Сіздерді елдік пен бірліктің, ынтымақ пен татулықтың жарқын да жайдарлы мерекесі, Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Наурыз - бұл ежелгі дәстүр бойынша Жаңа жылдың басталуы ғана емес, бұл сонымен бірге таңғажайып көктем мерекесі, табиғаттың қайта түлеп, қайта жаңғыратын ең әсем кезеңдердің бірі. Еліміздің жаңару мен жасампаздығының алтын арқауы болған ұлық мейрам. Ендеше, шуақты көктеммен енген Жаңа Жылымыз отбасымызға жақсылық, дастарханымызға құт-береке, молшылық алып келсін! - деп жиналған қауымды мейраммен құттықтады.
Мерекелік шарада халық әндері әуелеп, мың бұралған би де биленді. Концерттік бағдарлама аясында түрлі аталымдар бойынша жеңімпаздар марапатталып, Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік бағдарламаға белсенділік танытқан ұжымдарға алғыс берілді. Тіпті, алаңға отбасы боп, ұлттық киіммен келген отбасылар да сыйлықсыз қалмады.
Айтпақшы, наурыздың 15-інде Саралжыннан бастау алған аттыларымыздың шеруі де дәл бүгін мәреге жетті.
Концерт соңы спорттық шаралармен жалғасты.
Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей ордасы ауданы
#nauryznamadqo