20.05.2020, 13:04
Оқылды: 47

Ұмытпа, сен, бақытты ұрпақ!

...Маусым айының соңғы күндері мазасыз өтті. Сол күні жаңа түскен келін түсінен шошып оянды. Сол күні үйдегі ала төбет әлсін-әлі батысқа қарап ұли берді. Сол күні үйдегі жастан жаңа кеткен сәби таңдайын талмастан қақты.

60F24E6D-5652-4CFD-B63F-CC8F9F883C28

Үйдегі қарт әже осылардың бәрінен секем алып «Өзіңе көрінгір, жалмауыз» деп итті қуалап, немересінің таңдай қаққанын жаратпай,«жақсылық болса игі еді» деп іштей секем ала берді.

...Ия, сол күні дүниені түршіктірген Ұлы Отан соғысы басталған еді.

Бір ошақтағы ер-азамат түгелімен соғысқа аттанды. Қазақстан халқы Отан қорғаушылар қатарына өз еркімен жаппай жазыла бастады.

Солардың бірі – жерлесіміз, Ақұштап апаның туған жері – бұрынғы Калинин, қазіргі Табынбай ауылында туып-өскен Берікқалиев Әдиет Сәрсенғалиұлы атамыз.

Соғыстан елге аман-есен жеткен Әдиет атадан соғыс туралы сұраса: «Балаларым, сіздерге қызық шығар, ал бізге сол сұрапыл соғысты көзге елестету өте ауыр. Көз алдымызда жаңа ғана сөйлескен жолдас жігіттеріміздің оққа ұшып жатқанын көргенде кейде жас баладай еңкілдеп жылайтынбыз. Сіздерге сол соғысты айтқан сайын жүрегім жылап отырады», - дейтін.

Сосын ұзақ толғана отырып, шерлі әңгімесін бастайды.

«1943 жылы қаңтар айында жасым 18-ге де толар-толмастан соғысқа аттандым. Бізді соғыс өнеріне бұрынғы Чкалов қаласы, қазіргі Орынборда оқытты. Содан қызыл вагонға мінгізіп, 3-4 күн өткеннен кейін бірден алғы шепке салып жіберді.

Тамыз айы. Апарған жерде белуардан жайқалып егін өсіп тұр. Өзіміз 400 қаралы солдатпыз. Арғы бетте неміс әскері. Сол жерде бірнеше сағат атыс болды. Неміс автоматының даусын бірінші естуіміз. Оларға тиіп жатыр ма, тимей жатыр ма, өзіміз де білмейміз. Әйтеуір қаптаған немістің басы көрінсе болды, бас-көзге қарамай ата береміз.

Бітпейтіндей болған қиян-кескі атыс тоқтады. Жым-жырт тыныштық. Немістер қырылып қалды ма, қашып кетті ме, білмеймін. Білгенім, сол күнгі ұрыста 400 солдаттан 40-ақ қана боздақ қалған екенбіз...».

13110016-F58C-4151-A04E-756AD8B91A66

Әдиет ақсақал осы секілді әңгімелерін кейде жылап отырып айтатын.

1925 жылы 20 қыркүйекте дүниеге келген Әдиет атамыз соғыста зенитші болыпты. Соғыс біткен соң Кеңес әскерінің қатарында 3 жыл қызмет етіп, елге 1948 жылы бір-ақ оралыпты.

1950 жылы отау көтеріп, артында қалған Сәмиғолла, Құбайдолла, Әсима сияқты ұл-қыздарынан немере-шөбере, жиен өрбіп, қазіргі таңда бір әулет болып, елдің егемендігіне өз үлестерін қосып жүр. Сұрапыл кезеңді басынан өткерген атамыз 85 жасында өсіп-өнген, тамырын тереңге жайған бақуатты адам ретінде өмірден өтті.

Баласағұнның:«Туар адам, өмір өзі – от қылар

Кеткендердің сонда сөзі жатталар» - дегеніндей, қырғын майданда қан кешкен аталарымыздың ерлік істері әлі жалғаса берері сөзсіз.

Ал тылда қалған әйелдер мен қарттардың, жас балалардың тұрмыс-тіршілігі қан майданда жүрген жауынгерден бір кем емес еді.

«Бәрі де майдан үшін!», «Бәрі де Отан үшін!». Күндізгі ерлер істейтін соқа тарту, шөп шабу, қой күзету, кіре тарту, таусылмайтын ауыр жұмыстардан шаршап келсе де түнімен отыра қалып, жауынгерлерге жылы киім, шұлық, қолғап тоқып шығатын.

Сол кездегі қарттардың, жас балалардың, әйелдердің еңбегі адам айтса нанғысыз еді.

Өмірдің тауқыметін тартып, аштық жылдардың азабын, соғыс жылдардың ауыртпалығын ер-азаматпен бірге атқарып, тылда жан алып, жан беріп еңбек еткен тыл ардагерлерінің бірі – Құтия Сатыбаева.

Көзі тірісінде суық жылдар туралы әңгімесін былай сабақтайтын: «Соғыс жылдары трактордан түспедім. 48 жылдық еңбек өтілімнің 25 жылы тракторды тізгіндеумен өткен екен.

1943 жылға дейін Теректінің «Төңкеріс жолы»колхозында, кейін 1948 жылға дейін «Қосшы» колхозында трактор күшімен атқарылатын жұмыстың бел ортасында жүрдім. Аллаға шүкір, бүгінде ауыл арасында Құтия ананы білмейтін жан жоқ. Үкімет тарапынан алып жатқан атағым да аз емес. Омырауыма «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «1941-1945 жылдардағы соғыс ардагері», Жеңістің 40, 50, 55 жылдығы медальдарын тақтым. Жалғыз ұлым – Абайым мен қызым Айсұлуымның амандығын тілеймін. Солардан тараған немере, жиендерімнің болашағын тілеймін»,- деп отырушы еді кейуана. Ұлы Отан соғысының тірі куәгері болған Құтия анамыз да 95 жасында өмірден өтті. Өкініші жоқ өмір деп осыны айтуға болатын шығар. Соғысқа жастығын берсе де, ұрпағының бейбіт күн астында бақытты ғұмыр кешкенін көріп кетті.

38F60CBA-D081-438F-93A8-516CF9917613

«Ерлік есеппен есептелмейді. Ерлік ешқашан есепке көнбейді. Ерлікті сантиметрлеп өлшеп, грамдап салмақтап, секундтап санай алмайсың. Ерлік – адам жанының лап еткен жалыны, жарқ еткен найзағайы» депті Бауыржан Момышұлы.

Қандай ерлік те ескерусіз қалмайды. Биылғы жыл – ерекше жыл. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы. Сұрапыл жылдарда бүкіл саналы ғұмырын елінің болашағы үшін сарп еткен жандардың ерлік істері ешуақытта ұмытылмақ емес.

Ғазиза Рахметқызы,

Теректі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале