Ықылымнан киелі саналатын екі кәсіп бар-ды. Әуелгісі – адам тәрбиелеу болса, екіншісі – адам жанына араша түсу болатын. Оларсыз жер бетіндегі жұмырбастылардың рухы ортайып, қуаты азайып, тәні қартайып кеткен болар еді...
Ұстаз туралы ұшқары пікір айту – қай кезде де, қай шәкірттің де азаматтығына сын болған, бола да береді.
Өйткені, ұстаздың үлкен-кішісі һәм жақсы-жаманы жоқ.
Ұстаз барлық уақытта да өз биігінде, өз тұғырында қала беретін текті тұлға.
Әдетте ұстаздық жолды мектепте еңбек еткен жылдармен немесе жоғарыдан алған марапаттармен өлшеп жатады. Менің мектепке барғандағы алғашқы ұстазым Сүлейменова Бәтен апай, жоғарғы сыныпқа барғанда сынып жетекшім болған Күләш Ахметова біздер үшін еңбектері ешқандай уақыт безбенімен өлшенбейтін өмір бойғы ұстаздар.
Сыныптас достарыммен оқушы кезімізді әңгіме ете қалсақ, Күләш апайдың есімі алдымен тілге оралады.
Күләш апай сабақты жан-тәнімен (алгебра-геометрия пәндері) беретін еді. Біздер ол кісінің сабағында өзімізді тым еркін сезінетінбіз. Мұның себебі, бәлкім, ұстаздың шәкіртке деген ықыласының шынайылығында жатқан шығар.
Күләш апай ұйымдастыру жұмыстарының хас шебері еді. Мектепте оздырылатын көркемөнерпаздар жарысында І орын тек біздікі болатын.
Кішкене бойлы, аққұба келген, бетінде меңі бар, қашанда сән-сымбаты жарасымды, артық сөзді әуелден жанына жат көрген, жан сарайына қылау түсірмейтін, адамгершілігі мол, өз ісіне адал, тұлғасына тектілік тұнған, маған ұстаз болған Күләш апай осындай жан.
Бұл күндері Күләш апай Ресейдің, Саратов облысында баласы Тоқтармен тұрып жатыр.
Амандық Баязиев,
Жаңақала ауылы