16.02.2021, 10:50
Оқылды: 152

Ұмытпас елім арысын...

Кеңес Одағы тұсындағы тарихтың қайғылы беттерінің бірі – Ауған соғысы. Қаншама қазақстандық отбасына қасірет әкелген сұм соғыста біздің жігіттер он жылға жуық бөтен елдің мүддесін қорғады. 1989 жылдың 15 ақпаны күні Кеңес әскері Ауғанстан аумағынан шығарылды. Отыз жылдан аса уақыт өтсе де, «интернационалдық борышын» өтеу жолында қаза болған қыршын жастардың орыны толмай тұр. Ауған соғысының қанды қырғынынан аман-есен оралғанымен, жанына мәңгі жара түскен, ел тынышта «майдангер» атанған азаматтардың бүгінде бірі бар болса, бірі жоқ. Сондай «ауған сарбазының» бірі, Отанына, халқына жан-тәнімен беріліп, адал қызмет еткен жоғары санатты дәрігер-хирург, бұл күнде арамызда орны ойсырап қалған – Юрий Саримов. Әлі топырағы кеуіп үлгермеген арда азаматтың артында аңызға бергісіз әңгімелер, естен кетпес естеліктер қалды.

ау1

Юрий Есенғазыұлының өмірге келіп, есім меншіктеуінен-ақ ерекшелік байқалған. Тасқала ауданы, Логашкино ауылында Есенғазы Саримовтың отбасындағы төртінші ұл тап 12 сәуір – тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин ғарышқа ұшқан күні дүниеге келген. Аңыз адамның құрметіне қазақтың қара домалағына Юрий есімі беріліпті.

ау4

1968 жылы Калинин орта мектебінің табалдырығын «тарыдай болып» аттаған Юрий Есенғазыұлы 1978 жылы орта мектепті аяқтады. 1979 жылы Кеңес әскерінде азаматтық борышын атқарып жүргеніне алты ай толғанда жас жігітті Ауған соғысына алып кетеді. Сол соғыста жүріп, өзінің ауылдас жерлесі Салауат Мұқанов, Жымпиты ауданы, Правда совхозының Қарағанды бөлімшесінде туған Жаңабай Сейтекеновпен кездесті. Бар болғаны 18-19 жастағы, оң мен солын танымаған бозбалаларды жылы ұясынан суырып алып, бір күнде сұп-суық соғыстың ортасынан бір-ақ шығарды. Кім үшін? Не үшін? Неге? Оны өздері де білмейтін.

ау2

Кеше ғана қасында жүрген, бұл күнде орны ойсырап қалған жан бауырын сағына еске алған інісі Мұхит ағасы туралы: «Ағам Ауған соғысы туралы көп айта бермейтін. Ол өзінің бір естелігінде: «Жанымда жаңа ғана келе жатқан жолдастарымның бірінің аяғы жұлынып, бірі қанға бөгіп жатқанын көргенде, булығып жылайтынмын. Бірге жүрген ауылдасым Жаңабай Сейтекеновтің қазасын көру де мен үшін өте ауыр болды. Қыршын жастардың ғұмыры мезгілсіз қиылып түскенін көргенде еріксіз жүрегің езіледі» деп сыр шертеді.

ау3

Жұптары жазылмай жүретін Салауат Мұқанов екеуінің жерлес екенін командиріне дейін білетін. Екеуі де сержант, екі ротада жүргендіктен, бір-бірін жиі көре бермейтін. Бірде командир рациямен: «Жерлесің Мұқанов жарақаттанып, майдан даласында қалды» деп хабарлайды. Суыт хабарды ести сала ұрыс болған жерге жеткен Юрий жолдасы Салауаттың аяғы жараланып, аузынан қанды көбік ағып жатқанын көріп, жанұшырды. Әбжіл қимылдап, тікұшақпен Кабул қаласына жеткізіп, дәрігерлік бөлімге орналастырады. Кейін Салауат Ташкент госпиталінде емделіп шығып, елге оралғанда ғана бір-бірімен сағына қауышыпты. Салауат Мұқановтың соғыста көрсеткен ержүрек қимылдарын Юрийдің өз аузынан естіген командирі Салауатты «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынып, ерлігі бағаланады.

ау8

Юрий Есенғазыұлы да 1980 жылы 7 қарашада кескілескен ұрыс барысында көрсеткен жанқиярлық қайсарлығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Тек бұл ғана емес, әр жылдары үздік жауынгерлік қызметі үшін тағы да бірнеше медальдарды өңіріне тақты.

Юрий Есенғазыұлының мәңгілік сапарға аттанғанын естіген майдандас жолдастары көңіл айтып, хат жолдапты.

«Юра жаяу әскер сапында болды. Әскери тактиканы жақсы білетін. Біздің ортамызда адамгершілігі жоғары, Ауғанстанның аңызына айналған, нағыз батыр еді. Юра біздің жүрегімізде мәңгілікке сақталады. Пандемияға байланысты бара алмай отырмыз. Жағдай тұрақталған соң, Юраға барып, тағзым етеміз» деп жазылыпты көңіл айту жеделхатында.

ау5

Көршісі Мақсот Әкімов: «Інімізді 25 жылдан бері білсек те, Отан алдындағы борышын өтеу барысында Ауған соғысында болғаны туралы бірде-бір рет айтқанын, бастан өткерген қиыншылықтарын әңгімелегенін естімеппін», - дейді.

Иә, мыңдаған жас азамат жат елде жан тапсырып, талайы ұрыс даласынан жарақатпен оралған, оқ пен оттың ортасында өткізген азапты күндерді көңілінде жаңғыртқан сайын жан жарасын тырнағандай болмай ма? Отты жылдарды еске алып, бөліспегені де сол себепті болса керек...

Бала кезінен дәрігер болуды армандаған Юрий елге аман-есен оралғаннан кейін Ақтөбе медициналық институтына түсіп, 1987 жылы дәрігер-хирург мамандығын алып шықты. Қан төгіс көрген майдангер енді тән емдеуге кірісті. 1988 жылы Дарьян аудандық ауруханасына дәрігер-хирург болып қабылданған Юрий Саримов сол жерде 32 жыл бойы табан аудармай қызмет етеді. Осы уақыт ішінде мыңдаған науқастың алғысына бөленіп, халықтың сүйікті дәрігеріне айналды. Хал үстінде жатқан талай жанға операция жасап, өлімнен арашалап алып қалды. Өзінің білімділігі мен біліктілігін бүкіл республикаға,  облысқа мойындатқан, қолы шипалы Юрийдің мансаптық баспалдақтың түрлі сатысынан өтуге мол мүмкіндігі бар еді. Бірақ, ауыл адамдарына да білікті маман керек екенін түйсінген дәрігер өз тұрағын өзгертпеді.

Юрий Есенғазыұлы үшін жанның ләззаты – әр жасаған операциясының сәтті өтуі, емделушілердің қуанышын көру болатын. Өн бойынан имандылық, сабырлылық, салмақтылық, жылылық есіп тұратын Юрийдің алдына келгендер емделмей-ақ жазылып кеткендей сезінетін.

Ел алдындағы еңбегі еленіп, ол 2008 жылы Астана қаласының қалыптасуына қосқан үлесі үшін ҚР Президентінің медалімен, 2013 жылы ҚР ДСМ «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Бір-бірін институт қабырғасында тауып, сүйіп қосылған асыл жары, жоғарғы санатты акушер-гинеколог Қансұлу Мұхамбетжанқызы өмір бойы жанын жазбай танитын, ерінің  қабағынан түсінетін сенімді серігі болды.

Әттең... Қансұлу Юрийден қапыда, ерте айырылып қалды. Коронавирустың өршіп тұрған кезінде күні-түні науқастардың өмірі үшін алысып жүрген Юрий Есенғазыұлы өзі де инфекция жұқтырды.

32 жыл жұмыс істеген ауруханасынан соңғы сапарға аттанған Юрий Саримовтың ел ішінде абыройлы болғанына соңында күңірене жоқтаған ауылдастары мен әріптестері дәлел. Өзінің Отанын, туған халқын жанымен сүйген абзал азамат артындағы отбасымен, бауырларымен, ағайын-тумасымен, достарымен, халқымен қоштаса алмай кеткені өкінішті.

Ауғанстанның отынан аман оралған майдангер вируспен соғыста қаза тапты. Тұңғыш ғарышкердің есімін иеленген Юрий де аққан жұлдыздай мәңгілікке аттанды.

Артында қалған сүйген жары Қансұлу, екі ұлы, үш немересі, бауырлары Юрийді мақтан етеді, мәңгілік есте сақтайды. Хирург Юрий Саримовтың шипалы қолының табы тиген жерлестері ұмытпайды.

 

Ғазиза Рахметова,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале