Жуырда Тасқала ауданына қарасты Атамекен ауылының мектеп қабырғасында "Дәстүр мен ғұрып" жобасы аясында 1-11-сыныптар арасында "Ұмытылған ұлттық тағамдар" сайысы өтті.
Шара тағамдық құндылығы ерекше, дайындалу технологиясы оңай, тағамдық қасиеті бұзылмайтын ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарды жас ұрпаққа таныстырып көрсету, насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Бұл іске ата-аналар, сынып жетекшілер барлығы үлкен дайындықпен келіп, жас буынды мән-мағынасы терең, үлгісі мол, дұрыс бағытта тәрбиелеуге үлес қосты.
Қазақтың бұжы, қимай, қарын бүрме, зағара нан, қаттама нан, сірне, бал қуырдақ, қымыз қуырдақ, әсіп, жент, кептірілген жемістерден кәмпит дайындап, балаларға дайындалу әдісі мен мағынасын ашып айтып, дәмін татқызды. Сусын ретінде балқымыз кептірілген шөптер мен жемістерден жасалып қалампыр қосылған шай ұсынылды. Шара соңында әр сынып белсенді қатысқаны үшін дипломдар және ерекше қатысқан үшін 2, 6, 11-сыныптар тегін "Shootan" фотостудиясына сертификаттар табысталды.
Гүлмира Мақанова,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz