Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылдық округінде жылқышы, шопан Өтеп Аманбайұлының ұрпағы атасының 100 жылдығына орай ас берді.
Шараға арнайы барған аудан әкімі Тілек Габдушев ел бірлігі бұзылмасын, берекеміз еселенсін деген лебізін айтты.
Аста елуді еңсерген ел ағалары жастық шағын еске алып, боз кілемде белдесті. Қазақ күресінің айла-тәсілін ұмытпаған, нағыз бабында тұрған азаматтардың күресін жанкүйерлер қиқулап қолдады. Сонымен, Шоқан Баршабаев І орынды иеленсе, ІІ орынды Ескендір Ибрашев қанжығасына байлады. ІІІ орын Сұңғат Беққалиевке бұйырды.
Бұл астың бас қызығы - алман бәйге. Бас жүлде - жеңіл көлік. Аламанға ат қосуға келгендің де, қызық көруге келгендердің де күткені сол бәйге.
25 шақырымдық шабысқа жүйріктің жүйрігі, бабы келген жылқы ғана шыдайды. Сол шабыста мәреге сызығын алғашқы болып кесіп, І орынды ақтөбелік Қазбек Әлишевтің «Қаршығасы» алды. Шабандоз Елнұрдың бағы жанды. Автокөлік Ақтөбеге жол тартты.
Оған тістесе жеткен Атырау, Құлсарыдан келген Сейтжан Балжігітовтың «Қарақұсы» мен шабандозы Бишон ІІ орында. Ақжайықтан «Сильвия» деген тұлпарын қосқан Болат Жанабаевқа ІІІ орын тиесілі болды.
15 шақырымдық бәйгеде де Қазбек Әлишевтің тұлпары «Нұржебе» шашасына шаң жұқтырмай, І орынға жайғасты. ІІ орынды да ақтөбелік Бекбол Байжаркеновтың «Карамбол» тұлпары алды. ІІІ орынға Бәйтерек ауданынан келген Жасұлан Құбиевтың «Адмирал» тұлпары ие болды.
5 шақырым шапқан тай жарысында І орын Ақтау өңіріне кетті. Шабандоз Айсұлтан мен Ердауыл тай жеңімпаз болды. ІІ орын Ақжайықта. Саят шабандоз бен «Альмахтум» тай Болат Жанабаевтың қоржынын толтырды. Талпын ауылының азаматы Әміржан Бекеновтің Саян шабандоз мінген «Жебе» тайы жүлде соңын ілді.
Бәйгеде алғы үштікке іліккендерге Өтеп Аманбайұлының ұрпақтары жүлделі сыйларын табыс етті.
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz