26.10.2022, 14:45
Оқылды: 155

«Ұрпағын қарсы ал, Семей, Жаһаншаның!»

Сырымның жас ақындары, бүгінде Орал қаласындағы Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжде білім алушы Қоңдыкер Елеуов пен Нұрым Ғұмар таяуда Абайға ана болған, Алаштың күншығыс еліндегі астанасы - Семей шаһарына барып қайтты. Жырқұмар жастарды Семей мұғалімдер семинариясының түлегі, Қазақ КСР Ғылым Акамедиясының академигі, қоғам қайраткері, классик жазушы М.Әуезовтың 125 жылдығына арналған «Әуезов әлемі» атты республикалық танымдық-шығармашылық фестиваль жинаған екен. Оқырмандарға сапардан оралған Нұрым Ғұмардың жолжазбасын ұсынып отырмыз.

4

Сүйікті оқу орнымыз – Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжі дәстүрлі "Жаһанша жолымен"- деп аталатын тарихи-танымдық экспедициясының бағытын Семей өңіріне бұрды. Бұған дейін Орынбор, Жымпиты, Ақтөбе секілді қалалар мен тарихи орындарға сапарлап еді. Биыл Семейдегі Алаш ұлыларының білім ордасы болған Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжі "Әуезов әлемі"- атты республикалық конкурс ұйымдастырып, жол шеті Семейге түсті. "Жаһанша жолымен" - атты экспедиция аясында төрт студент болып барып, оның екеуі конкурсқа қатысып қайттық.

Батыс өңірінен Күншығыс еліне дейін ұзақ жол жүріп өтіп, аптығып, босансып тұрған түр-өңімізді Семей шаһарының ыстық ықыласы мен қаланың әсем көркі жадыратып, шаршағанымызды бойымыздан ығыстырып жіберді. Бізден бір апта бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келіп кетіпті. Мемлекет басшысының сапары - Әуезов атындағы оқу ордасының тарихи тұнығы мен бүгінгі биігін әйгілеп жіберген сыңайлы. Алғаш барған жеріміз Кемелұлы келіп ашқан "Шәкірт пен ұстаз"- ескерткіші болды.

3

Мұхтар Әуезов пен шәкірті Қайым Мұхамедхановтың бейнесі – ұстаз бен шәкірт арасындағы тылсым тілінде сөйлеп тұр. Екі бірдей алыпты шынында бөліп-жара қарау айып. Әдебиетке, Абайдың қалың бұқара ішіне танылуына сүбелі үлес қосқан тұлғаларды мәңгілік жадымызда ұстауымыз тиіс.

Кейін қарама-қарсы тұста орналасқан Абай даңғылына бардық. Бұл жер Оралдағы Абай ескерткіші бар алаңды еске салады. Семей мен Орал қалаларындағы ескерткіштерде де айтарлықтай ұқсастық байқалады екен. Семей шаһары Абайды кеңінен насихаттауды бұрыннан қолға алғаны белгілі әрі заңды. Себебі, Абайды еске түсіретін ескерткіштерден бөлек, Абай театрымен Абай музейі бар. Абай музейі - қаламгер данагөзіміздің қолданған дүниелері мен киімдерінің түпнұсқасын қаз-қалпы сақтаған екен. Музей іші дыбыспен әсемделіп, ондағы безендірулер құдды бір он тоғызыншы ғасырға саяхатқа шақырады.

Қала ішінде тарихи кешендер жетерлік. Соның бірі - Бейбітшілік аралы. Бұрын бұл мекен Түйемойнақ аралы деп аталған.Кейін Тәуелсіздік алған шақта Бейбітшілік аралы деген атқа ие болған. Бұл жерде Тұнғыш президентіміздің Семей полигоның жабу туралы жарлығы мәрмәр таспен қаріпталған. Сондай- ақ "Өлімнен де күшті» мемориалы орналасқан. Дүмпу-дүмпу ядроның астында қалған ана баласын қапсыра құшақтап қорыған көрінісі – махаббаттың өлімнен де күшті екенін көрсетеді. Алаштанушы ғалым Дәметкен Досмұханқызының айтуынша, ескерткішті қақ жарған жарылыс екі бірдей тағдырды баяндайды. Ұшар биігінде орналасқан күн, ендігі  ғұмырдың шуақты да шырайлы болатыны туралы сарнап тұрғандай.

Кезек Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжіне түсті. Есік алдынан Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, колледж директоры Шағангүл Жанаева қарсы алды. Колледждің сыртқы қабырғасында осы бір оқу орнында түлеген алаш арыстарының бұрышы бар. Онда, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сатпаев, Нұрғали Құлжан, Хәлел Ғаббасов, Нәзипа Құлжанова секілді педагог, қоғам қайраткерлерінің есімдері жазылған. Сөз арасында Шағангүл Жанаева колледж ауласына концерттік зал салу ұсынысы мемлекеттік жоспарға алынғанын, келесі жылдан бастап құрылысы басталатынын айтты. Құрметті қонақтарға арнап аула ішінде киіз үй де тігіліпті. Колледж аудиторияларына оқыған тұлғалардың аты-жөндері беріліпті. Колледж мақтаныштары және "Үздік Әуезовшы"- төсбелгі иегерлеріне де дербес бұрыш тиген. Олардың ішінен тұстасымыз - Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі ақын Ақжол Түменбайды байқадық.

 

Келесі күні көптен күткен "Әуезов әлемі"- атты Мұхтар Әуезовтың шығармаларын кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған конкурс басталды. Еліміздегі он сегіз білім ордасынан жиырма қатысушы бақ сынаған бұл байқауда павлодарлық Айтқожа Жанэль бас жүлдені жеңіп алды. Жаһанша колледжінің оқытушысы Бақытханым Мақсотқызы Әуезов шығармаларын насихаттау мақсатында бейнеролик түрінде ашық сабақ өткізіп, үшінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Байқау соңы Абай театрында студенттердің қойылымдық кешімен жүзеге асып, марапат иелеріне табысталды.

Үшінші күнімізде алты жүз шақырымды өңгердік.Мақсат - Абай-Шәкәрім мемориалдық кешеніне бару. Семей маңында орналасқан Бөрілі ауылына, Мұхтар Әуезовтың музейіне ат басын бұрмай кету мүмкін емес. Мүхтардың тұрған үйі. Жар құшып, алғаш сәби сүйген шаңырақ. Қазіргі таңда музей күрделі жөндеуден өтіп, тарихи келбетін қайталап тұр. Жол үстінде «Қорғансыздың күні», «Еңлік-Кебек» шығармалары арқау болған мүсіндерге де  табан тіредік. Айналада тау жыныстары мен ұсақ шөгінділер бар. Шығарма ішінде Кебекті ат құйрығына байлап, тау тастарына сүйретіп, азапты өлім құшқан деседі.

2

Күшікбай батырдың тау шынына шығып, соңғы демі үзіліп мерт болған төбешікті көресіз. Бейітте белгі болып Дулыға іспеттес сұр темір қалыпты. Ғазиза мен Жақыптың қайтыс болған жерлерін де көрдік. Оның жанында таудан аққан Күшікбай бұлағынан да дәм таттық.

Ендігі барар басты бағыт Абайдың туған ауылы - Жидебай. Абай-Шәкәрім мемориалдық кешенінде Абай және оның немере інісі Оспан, Шәкәрім және оның баласы Ахат жерленген. Кешен жанында Абайдың әжесі Зере, анасы Ұлжанның да кесенесіне барып, зиярат еттік. Жидебайда Абай музейі бар. Абай өз өмірін өткізген үй музейге айналған. Киген киімдерімен, тұтынған заттарынан бөлек, жасанды тісіне дейін сақталған екен.

Біз бір апталық сапарымызда өзіміздің оқыған шығармаларымыздың суреттелген жерлерін көріп, қазақ әдебиетіне өшпес мұра қалдырған тұлғалардың бейіттерімен, баспаналарына аяқ бастық. Өзімізге рухани байлық алып, шығармашылық әсерде болып қайттық. Барар жолда бір ерек шабыт кернеп, жүрекке тамшылаған ой өлең болып төгілді

Уа Семей!

Ұлыларға ана болған дүр мекен,

Жұғады осы ұлылыққа кір неден?.

Мына шаһар бақтың гүлін құшса да,

Кешкен ауыр күндерің де зілге тең.

Алайда ұлың, қайтіп қозғар өткенді,

Сол өткеннен өткіздің көп көктемді.

Айтсам егер Хакім Абай, Мұхтар бар,

Қазағына қалдырған ғой көп белгі.

Жырым менің жаралып нақ алмастан.

Өзегімдей от болып жануда аспан.

Мен аунап өскен жерде дүбір салып,

Топырағын кезінде Қадыр басқан.

Көркіңе көзі жетсе зарығар кім,

Айналған арманы бар әр адамның.

Бір көру шыныңда да арман екен,

Орныққан тау моласы бабалардың.

Ұмтылмастай бұл да бір болар сағым.

Қатайын өр еліме бабамша үн.

Ордасына Алаштың Алаш келді,

Ұрпағын қарсы ал Семей, Жаһаншаның!

Бұл өлең Шыңғыстауды кернеген рухтың тілі бола алмас, әрине. Асқар Сүлейменовтың мына сөзі Жидебайда алғаш болып есімізге түседі. "Біз ақындар - Алматыдан шыққанмен, Жидебайға табыну үшін барамыз. Себебі, Жидебай- ақындардың Меккесі". Шынымен Абай мен Шәкәрімді, сан түрлі тұлғаларды түлеткен Семей шаһары- ұлы мекен. Оған барғанымызға өзіміз әлі сене алар емеспіз.

Нұрым Ғұмар, 

Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық

колледжінің студенті

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале