Өңірімізде облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің бастамасымен 2024-2026 жылдарға арналған «Қаладан – ауылға» қанатқақты жобасы қолға алынған болатын. Бұл жоба қаладан ауылдық жерге қоныс аударушыларға үлкен қолдау болмақ. Жоба аясында аудан бойынша бес ауылдық округ, атап айтқанда, Ақоба, Жасқайрат, Борсы, Талов және Тау ауылдары іріктеліп алыныпты. Осы ретте біз қолға алынған жобаның анық-қанығын білмек боп аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бисеновке жолыққан едік.
- Бұл ауылдардың таңдалу себебі: соңғы үш жылда көші-қонның теріс сальдосы қалыптасып, ол 59 адамды құрап отыр. Ауылдарда бос тұрған үйлер саны көбеюде. Жұмыссыздар саны 195 адамды құрады. Мектепке баратын оқушылар мен бөбекжайларда тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндер саны азаюда. Бұл өз кезегінде білім ордаларының жабылуына қауіп төндіреді. Сол себепті ауданға қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша аталған бес ауылда он тұрғын үй салу жоспарлануда. Оның ішінде бес тұрғын үйге облыстық бюджет есебінен трансферт берілетін болады. Қалған бес үйдің құрылысы жергілікті бюджет есебінен немесе «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында жүзеге асырылады.
Әр ауылдық елді мекен бойынша бос жер телімдері анықталды. Салынатын бір пәтерлі тұрғын үйдің ауданы 80 шаршы метр, екі пәтерлі тұрғын үйдің ауданы 160 шаршы метр болады. Қазіргі уақытта жоба іске асырылатын Ақоба ауылында екі пәтерлі екі тұрғын үй, Борсы ауылында екі пәтерлі бір тұрғын үй және Жасқайрат ауылында екі пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Олар қыркүйек-қазан айларында пайдалануға берілмек. Ал Тау ауылында екі пәтерлі бір тұрғын үй, Талов ауылында екі пәтерлі бір тұрғын үйдің құрылысы шілде айында басталып, аяқталу мерзімі желтоқсан айына дейін жоспарлануда.
Биыл ауданның ауылдық елді мекендеріне он отбасын, соның ішінде алты жас жанұяны көшіру жоспарланып отыр. Күні бүгінге Жасқайрат, Борсы және Талов ауылдарына құрамында 14 адамы бар (соның ішінде 8-і бала) үш отбасы көшіп келді. Егер тарқатып айтар болсам, жыл басында, яғни қаңтар айында Жасқайрат ауылына көшіп келген Орынбасар Аққойшиевтің білімі арнаулы орта (дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі) болса, зайыбының мамандығы – бағдарламашы. Қазір уақытша бала күтімі демалысында. Орынбасар Уәлиханұлы 2024 жылдың ақпан-сәуір айларында қоғамдық жұмысқа тарту бағдарламасымен мектепте уақытша от жағу операторы қызметін атқарды. Қазіргі таңда жұмыссыз. Сонымен бірге әлеуметтік көмек ретінде айына 59 355 теңге атаулы көмек тағайындалды. Наурыз айында Борсы ауылына қоныс аударған Лунара Шугаеваның мамандығы медбике болғандықтан, сол ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пунктке мамандығы бойынша орналастырылды. Күйеуін (дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі) жұмыспен қамту қарастырылуда. Ал мамыр айында Талов ауылына көшіп келген Асыланбек Баймурзиннің білімі арнаулы орта (балық шаруашылығы), зайыбының мамандығы – аспаз. Қазір бала күтімі демалысында. Үш отбасы да уақытша тұрғын үймен қамтылды. Сонымен қатар шілде айының соңында Ақоба ауылына екі, Талов және Тау ауылдарына бір-бір отбасыдан төрт жанұя көшіп келуге ниет білдіріп отыр. Қазіргі таңда аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі бюджеттен тыс қаражат есебінен көшіп келген адамдарды ірі қара және ұсақ малмен қамтамасыз ету мақсатында шаруа қожалықтарынан демеушілер тізімін жасақтауда, - деді бізбен әңгімесінде аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бауыржанұлы.
Асқар Құсайынов,
Жәнібек ауданы