Әлем сарапшыларының пікірінше, дамушы елдердің негізі ұстанымында әйел мен ана тақырыбы басты орында тұруы керек.
Бұл тұрғыда гендерлік саясат қана емес, жалпы әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселесінің оң шешімін табуы өте маңызды. Прогрессивті елдің тағы бір маңызды белгісі - әйелдің қоғамдағы мәртебесі. Әйелдердің құқықтарын қорғауға соңғы уақытта ерекше назар аударуылып келеді. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту және еңбек кемсітушілігін жою үшін кешенді іс-шаралар қабылданып келеді. Осы орайда Бөрлі колледжінде ұйымдастырылған «Сырғалым» қыздар клубының отырысына колледжіміздің түлегі, жас кәсіпкер, наубайхана мен кондитерлік өнімдерді өндіруші Арайлым Уразалиева, Бөрлі ауылдық амбулаторияның медициналық қызметкері, ауыл белсендісі Бибігүл Есентемирова, дәстүрлі әнші, Қанай мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Жанаргүл Қоскариналар қатысып, қазақ қыздары мен қоғамдағы әйел тағдыры туралы салмақты ой қозғады.
«Қай жерде, мейлі, қай елде, әлемнің мәні - әйелде» деп Жүрсін Ерман ағамыз айтқандай, қай заманда да, қай халықта болмасын әйел адамның орны ерекше. Кездесуге қатысқан Ж.Қоскаринаның ойынша қазақ халқында әйел адамға өмірдің әні мен сәні, үйіміздің жылуы, ер адамдардың ақылшысы, балаларымыздың тәрбиешісі деп қараған. Әйел – ибалы қыз, инабатты келін, ана, әпке, апа, әже. Әйел адамға аса жауапты міндет жүктелген. Тоғыз ай он күн толғатып, тар құрсағын кеңейтіп, тас емшегін жібітіп адамзатқа өмір сыйлайды. Сырлы әңгімені жалғастырған Б.Есентемирова ата-бабаларымыз да әйел адамға ерекше құрмет көрсеткенін айтып, ұрпақ тәрбиесіне әйел адам жауапты болғанын баса айтты.
«Баланың жақсы болуы нағашыдан» деген әдемі сөз бар. Оның түп-төркініне келер болсақ, ата-бабаларымыз аналарының, әйелдерінің шыққан тегіне, қадір-қасиетіне ерекше мән берген. Ол әйел адамның ұрпақ өрбітудегі орны жоғары әрі жауапты екенін білдіреді.
Әйелдердің осындай артықшылықтарын көрген ерлер түрлі заңдар арқылы оларды қорғап отырған. Қыз баланы болашақ жар, аяулы ана, ақ жаулықты әже деп жастайынан үй шаруасына, тігін тігу, құрақ құрау секілді шаруаларға баулып, адамгершілікке, әдемілілікке, парасаттылыққа, еңбек сүйгіштікке де тәрбиелеп отырған. Қазіргі қоғамымызда да әйел адамдардың орны орасан зор. Басқосуда заманауи тың ойын ортаға салған А.Уразалиева басшы тұлғалар қатарынан, бизнесте, экономикада, саясатта басқа да кәсіп салаларында әйел адамдардың саны күн сайын артып келетінін айтты.
Қазақ қоғамындағы әйел заты ерін сыйлаған, ерінен бір саты төмен тұрған. Дегенмен, қазіргі таңда отбасына да, жұмысына да үлгеріп, отбасында аяулы жар, ардақты ана, үлгілі келін болып, жұмысында биік-биік белестерден көрініп, абыройлы басшы боп жүрген әйел адамдары қаншама. Десек те, әйел – биліктегі саясаткер емес, отбасындағы саясаткер болса қандай жақсы. Бөрлі колледжінің нәзік жандылар қауымы – білім алушылар, жас қызметкерлер мағыналы кездесу барысында түрлі ой – пікірлерімен бөлісіп, меймандарға ризашылықтарын білдірді.
Қазақта «ұл туса, ұрпағым өседі, қыз туса, ұлтым өседі», - деген ұлағатты сөз бар. Ұлы даламызда есімдері ел мақтанышына айналған ардақты аруларымыз аз емес. Әйел әсемдік пен әдеміліктің, көрегендік пен көркемдіктің, береке мен бірліктің символы болып табылады. Халықтың «Даналардың өзі аналардан жаралады», - деп бекер айтылмаған.
Айжарық Нұр,
Бөрлі ауданы