Кез келген азамат әділетті мемлекетте, қоғамда өмір сүргісі келеді. Заңда үстемдік, сотта төрелік болғанын қалайды. Орынсыз айыптау мен негізсіз жауапқа тарту болмаса дейді. Азаматтардың мүддесіне қызмет ететін мемлекет құру үшін құқық қорғау органдары және сот жүйесіне реформа қажеттігі жөнінде ҚР Президенті Қ.Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында көтерді. Жолдауда айтылған тапсырмалар бойынша 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап қылмыстық процестің үш буынды моделі қолға алынды.
Соған орай Сырым аудандық полиция бөлімінде орынбасарлар мен жеке құрамның қатысуымен тоғыз айды қорытындылаған жиналыс өтті. Елбасы Жолдауында айтылған мәселелердің орындалу барысы талқыланды. Жиында Сырым ауданының прокуроры Нартай Байменов қылмыстық процестің үш буынды моделі туралы кеңінен түсіндіріп, кемшіліктердің алдын алу жолдары туралы айтты.
– Үш буынды модель 2021 жылдың 1 қаңтарында бұл жүйе біздің елімізде енгізілді. Жүйенің мақсаты – бұрынғы жұмысты оңтайландыру және азаматтардың негізсіз қылмыстық жауапкершілікке тартылмай, тиісінше азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау. Үш буынды модельде полиция, прокурор және сот өкілеттіліктері нақты бөлінген.
Полиция қылмысты анықтап, оған қатысы бар адамдарды тауып, айғақ жинап, оны тиянақтап беруге тиіс.
Прокурор жиналған дəлелдемелерге тəуелсіз баға беріп, азаматтардың құқығын бұзудың жолын кеседі, кінəсіз адамдардың қылмыс үдерісіне тартылуына жол бермейді.
Бұрын Прокурорлар істің мəн-жайы мен тек сотқа жіберер алдында ғана танысатын,
Үш буынды модель бойынша тергеуге прокуратура бірінші күннен бастап қатысады. Азаматты күдікті деуге келісе ме, келіспей ме, конституциялық құқығын қорғап, электрондық базадағы қылмыстық істің құжаттарын зерделеп, прокурор бағасын береді. Прокурор объективті түрде қарап, дәлелдемелерді зерделеп, баптың дұрыс қолданылуын тексереді. Прокурор тергеушінің шешімін бекіткенге дейін азаматтарды қылмыстық процеске тартуға жол берілмейді. Түпкілікті үкімді сот шығарады, -деді Нартай Елібайұлы.
Жиында үш буынды модельдің уақытты үнемдейтіні де айтылды. Бұрын прокурор істі бір ай мерзімде тоқтатудың заңдылығын тексерсе, бүгінде бұл 10 күнге қысқартылды. Мерзімі үзілген істер 30 күнде тексерілетін болса, қазір 3 күнде тексереді.
Жыл басынан бері енгізілген үш буынды модель жүйесі бойынша Сырым ауданының прокуратурасы 100-ден астам негізгі шешімдердің заңдылығы мен негізділігін тексерді. Олардың 96-сына прокурор келісіп, тергеушінің шешімін бекітсе, 4 шешімді бекітуден бас тартты.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz