22.02.2022, 15:45
Оқылды: 65

Үш күнде ашылған қылмыс

Өткен жылдың 8-ші желтоқсанында түн қараңғысында Сырым аудандық полиция бөліміне Қосарал ауылының тұрғыны Аня Валиеваның қорасында тұрған жылқысы жоғалғандығы туралы хабар түсті.

26894079-342F-41D7-9209-525C88FD8E6E

Жылқы иесінің айтуынша, жоғалған малды әуелі өздері іздестіріп, көрген-білгендерден  сұрастырып көрген. Бірақ іс насырға шауып, жоғалған жылқысынан күдерін үзе бастағасын полиция қызметкерлеріне жүгінуді жөн тауыпты.

Жылқы иесінен шағым түсіп, малын тауып беруге көмек сұраған соң, полиция қызметкерлері де жедел атқа қонды. Әуелі аудандық полициядан арнайы келген тергеу тобы Қосарал ауылының тұрғыны А.Валиеваның өзімен сөйлесіп, аула-қорасының жәйімен танысқан соң, негізгі істі қолға алуды жергілікті учаскелік полиция инспекторы, полииция капитаны Нұрбол Қабиевке тапсырды.

Істі тергеуді жедел қолға алған полиция капитаны Нұрбол Қабиев ауылдағы «қара тізімге» алынған суыт жүрісті адамдарды ой елегінен өткізгенде, назары осы бір жеңіл жүрісті, суыт жанға ауа берді. Ақыры, күдігі ақиқатқа айналып,  «Ұрының арты қуыс» дегендей, қылмыстың беті де ашылды. Күдіктіден сұрақ, жауап алынып, бұлтартпас дәлелдер келтірілген соң, қылмыстық іске де нүкте қойылды.

Сөйтіп, Қосарал ауылынан ұрланған жылқы Бөрлі ауданының «Масайтөбе» ауылындағы тұрғынға 400 мың теңгеге  сатып жіберілгендігі анықталып, мал иесі А.Валиеваға аман-есен қайтарылды.

Полиция өкілінің істі жедел қолға алып, күдіктінің ізіне дер кезінде түсе білуінің нәтижесінде қылмыс үш күн ішінде ашылды.

Ал, ақ адал малы табылған мал иесі А.Валиеваның жергілікті полиция инспекторы Нұрбол Ерболұлына айтар алғысы шексіз.

Мүсірбек Әлібекұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале