12.02.2025, 9:15
Оқылды: 324

Үш соғыстың куәгері

Жаңа жыл қарсаңында музейіміз жаңа жәдігерлермен толықты. Жәдігер болғанда қандай десеңізші... Ауданымыздың құрметті азаматы, үш соғыстың қатысушы куәгері ардақты Әпенов Сәбит атамыздың құжаттары  мен орден-медалдары, фотосуреттері.  Кешегі өткен өмірдің көрінісіндей болған көне дүниелер алдымызда тізіліп жатыр. 

2

Сәбит ақсақал 1918 жылдың 2 ақпаны күні Шыңғырлау ауданы Қызылкөл совхозының Правда ауылында дүниеге келген. Әскерге шақырылғанға дейін 8 кластық білім алып, ауылда есепші қызметін атқарған. 1938 жылдың мамыр айында әскер қатарына шақырылып, Ленинград қаласында болады. Осы жерде артиллеристерді дайындайтын училищеде оқиды. 1940 жылы Прибалтика Республикаларын Кеңес Одағы құрамына еңгізуге арналған қақтығыстарға қатынасады. 1940 жылдың қараша айынан 1941 жылдың сәуір айына дейін фин соғысына қатысады. Финдермен соғыс аяқталған соң әскери қызметін жалғастыру үшін Қиыр Шығысқа аттанады. Благовещенск қаласындағы 204 атқыштар дивизиясының сапында болады. Ұлы  Отан  соғысы басталған кезде Батысқа қарай  жіберіліп, Сталинград майданына кіреді. Осы жылдың 10 қыркүйегі күні КСРО Қорғаныс комиссарының №227-ші бұйрығы жарияланады. «Артымызда Волга мен Отан! Шегінуге жол жоқ! Қасық қанымыз қалғанша совет жерінің әр бөлшегі үшін соғысуымыз керек». Қанды шайқастар, кескілескен ұрыстар кезінде  Сталинград қаласы қатты зардап шекті. Әр көше, әр үй үшін жан алып, жан беріскен ұрыстар жүрді. Құрамында Сәбит  Апенов соғысқан 204 –дивизия жаудың 24689 солдаты пен офицерлерін жер жастандырып, 227 танк, 241 қару-жарақ тиелген машинаны 20,3 пулемет, 157 артиллериялық қондырғылар  мен минометтерді жойды. 12 самолетін  атып түсірді. Дивизия жаудың 608 автомашинасын, 41 трактор – тягачын, 249 артиллериялық қондырғысын, 54 танкін, 624 жүк тиелген арбасын, 3711 винтовка, 228 автомат, т.б. қолға түсірді. Шайқастарда көрсеткен ерліктері үшін 204-дивизия 28-гвардиялық дивизияға айналып, 3 полкі жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапатталды.  Сталинград майданындағы жеңіске қол жеткізушілер арасынан Сәбит Апенов «Қызыл Жұлдыз» орденімен және «Сталинградты қорғау шайқасына қатысқаны» үшін медаліне  ие болады.

1

1943 жылдың наурыз айында Сәбит ағамыз партия қатарына өтеді. Дивизия осыдан соң 100 шақырымдық жол жүріп Курскідегі әйгілі шайқасқа келіп кіреді. 1943 жылдың жазы аса қиын болды. Осы майданда кіші лейтенант Сәбит  Апенов миномет взводының командирі болып, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Алда - Харьков  қаласы. «Осы қаладағы Харьков трактор жасау заводы маңындағы ұрыстар аса ауыр болды. Совет солдаттары ерен ерлік көрсетті», - деп есіне алатын жауынгер ағамыз. Белгород пен Орел қалаларын азат еткеннен кейін Москва қаласында алғашқы рет салют берілді. Бұл жауынгерлердің рухын көтеріп, Жеңіс күнінің жақындағанын сездіргендей болады. Ұлы Отан соғысының шешуші ұрыстарының бірі Днепр өзенінен өту кезінде болғаны тарихтан белгілі. Дивизия бұл шайқасқа Доматкан селосы маңынан кіріп, үлкен ерлік үлгісін көрсетті. Осы шайқаста Сәбит Апенов жараланып, госпитальға түседі. Жазылып шыққанннан кейін Горький қаласындағы қысқа мерзімді офицерлер даярлайтын курсқа қабылданады. Курсты бітірген жас офицер өзінің дивизиясына оралып, жорық жолдарын жалғастыра береді. Көп кешікпей ол 225-ші Гвардиялық атқыштар полкінің 1-ші атқыштар батальонының комсоргі болып сайланады. Германия жеріне кіргеннен соң совет әскерлерінің алдында жаңа міндеттер қойылды. Жауды өз жерінде жоя отырып, совет әскерлерінің азат ету жұмыстарын бейбіт халыққа түсіндіру мәселесі аса-маңызды болатын. Жаумен соғысып, бейбіт халықпен түсіністікте болу жайы қадағаланып, жүйелі жүзеге асып жатты. Ұлы Жеңіс күнін жауынгер ағамыз Чехославакияның астанасы Прага қаласында қарсы алады.  Осы жерде «Праганы азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталады.

WhatsApp Image 2025-02-11 at 19.01.05

Соғыс аяқталғаннан кейін бейбіт өмірді қалпына келтіру мақсатында Орынбор облысының Тоцк лагерінде екі жыл әскери қызметте болады. 1949 жылы денсаулығына байналысты армия қатарынан шығарылып, аға лейтенант шенінде елге оралады. Сәбит Апенов туған жерге оралғасын соғыс зардабын тартқан ел еңсесін көтеруге білек сыбанып кірісіп кетеді. Партия-совет жұмыстарында қызмет атқарып, еліміздің экономикасын көтеруге көп күш-жігерін жұмсайды. Совхоз парткомы, кәсіподақ комитеті торағасы, тұрмыстық комбинат директоры қызметтерін абыроймен атқарады. «Қызылкөл» совхозы кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметінде зейнеткерлікке шығады. Ағамыз ғұмыр бойы аудан халқына сыйлы, беделді жан болды. Жастарға үлгі, қатарластарына қадірлі азамат ретінде халықтың үнемі ардақтысы бола білді. Соғыстан кейінгі жылдарда «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медалдарының иегері атануы осының айғағы іспеттес. Майдандас достарын ұмытпай, үнемі хабарласып тұратын ардагер әскери қаруластарының кездесулеріне шақырылып, Харьков, Белград, Волгоград қалаларында болып тұрды. Ерекше есте қалатын жай 1986 жылдың 9 мамыры күні Волгоград қаласындағы Мамаев курганында болды. Ол кездесуге ардагерді ұлы Берік Апенов алып барған болатын. Осындай кездесу 1988 жылдың 9 мамырында Белгород облысының Крутой Лог жерінде де болып өтті. 78-Гвардиялық дивизиясында орыстар, қазақтар, белорустар, башқұрттар, украиндер, татарлар, өзбектер басқа да ұлт өкілдері басқыншы  жауға қарсы ерлікпен соғысты.

Жылдар жылжып өтіп жатыр. Үстіміздегі жылы еліміздің Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы да келіп жетпек. Осы жеңісте сегіз жылда үш соғысқа қатысқан қазақ солдаты, жерлесіміз Сәбит Апеновтің де еңбегі өлшеусіз екені анық. Ардагер ағамыз жан жары Шаһурамен алпыс жыл бойы тату-тәтті өмір сүріп, бір қыз, бес ұл тәрбиелеп өсірді. Тұңғышы Сәуле Сәбитқызы ұзақ жылдар Шилі орта мектебінде ұстаздық етіп, құрметті демалысқа шықты. Ұлдары әке жолын жалғастырып, еліне адал қызмет атқаруда. Әскери қызметті таңдаған ұлдары Берік пен Мұрат подполковник шеніндегі зейнеткерлер. Беріктің ұлы Қуаныш та әскери қызметін Астана қаласында жалғастыруда. Жақында музейімізде болған ұлы Берік бізбен қуанышымен бөлісті. Қуаныштың ұлы Батырхан әскерде Отан алдындағы борышын өтеп  жүрген  болатын. Сол күні кеше ғана парашюттан секіріп, нағыз сарбаз атаныпты. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген осы болса керек. Жеңіс жолында батыр ардагердің шөбересі Батырханның көк аспанда сұңқардай қалықтап ұшуын жақсылыққа жорыдық. Жақсылық жалғасты болсын, Жеңіс жылы!

                                                                                                                            Адақ Шотпанов

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале