14.12.2021, 12:15
Оқылды: 46

Ұшқыр ойлылар жарысы

Бəйтерек аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының қолдауымен тәу етер Тәуелсіздігімізді ұлықтап, бұқаралық спортты дамыту және аудан жастары арасында тоғызқұмалақ, дойбы мен шахмат ойындарына деген қызығушылықты арттыру мақсатында аудандық турнир өтті.

0C16359C-4F9B-41FA-B9BF-44C695AEE991

"ЗКО Алан Агро" ЖШС басшысы А.Савиных демеушілігімен Қазақстан Республикасы Тəуелсіздігінің 30 жылдығына арналған жарыс ауданға қарасты Макаров ауылдық округінде ұйымдастырылды.

Турнирге 14-29 жас аралығындағы жастар қатысты.

Шараның шымылдығын ашқан округ əкімі Е.Абилкакимов ауылға атбасын тіреп келген жандарға алғысын білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

-Бүгінгі басқосуымызға түрткі болған Тәуелсіздік мерекесімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге алғысым шексіз. Елдегі ахуал тезірек қалыпқа келсе, аталмыш жарыстарды жиірек жасауға ниеттіміз,- деді округ әкімі Е.Абилкакимов.

Сонымен бірге сөз тізгіндеген Бəйтерек аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Ж.Губашева қатысушыларды мерекемен құттықтап, турнир өтуіне сеп болған жандарға жүрекжарды лебізін жеткізді.

Жарыс қорытындысында тоғызқұмалақ ойынынан Н.Капсиков топ жарса, Р.Сарсенғали екінші, З.Рустамова үшінші орынға жайғасты.

Шахмат ойынында А.Азатян шашасына шаң жұқтырмай жеңімпаз атанса, Т.Габдулов екінші, Ә.Əділгерей үшінші орынға ие болды. Сонымен қатар дойбышылар да мықтыны анықтады. Ол  сында Е.Ерсайновқа тең келер жан табылмаса, Ж.Муса екінші, Д. Кисметов үшінші орынды еншіледі.

Жарыс жеңімпаздарына дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Назерке Сыйлыбаева,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале