21.06.2024, 15:45
Оқылды: 202

Үштөбе: берекелі тірлік, мығым бірлік, һәм қордаланған мәселе

Иә, Жамбыл ауылдық округіне қарасты осы бір бірлігі мен берекесі мығым ауылды бүгінгі есеппен  316 тұрғын мекен етеді. Бұл ауылды  көпке үлгі қылып, жариялағандағы мақсатымыз – «Жұмыс көзі жоқ жерде қалай күн көреміз, қазір бәрі ақшаға тіреліп тұр» деп сылтау айтып, қалаға ауылдан үдере көшкен мына кезде орталықтан шалғай отырған шағын ауылдың іргесінің сөгілмегеніне, ауызбіршілігіне куә болып, қуандық.

28E68095-C22F-4601-B072-669DDD384319

Қолдан келетін істі ауылдық округ әкімі, аудандағы басшыларды күтпей-ақ өздері атқарып тастайтын ұйымшыл жұрт тұрады осы ауылда. Бірлігі мығым ауылдың тірлігі берекелі болатынын сөзбен емес іспен дәлелдеп, туған жердің дамуына бәрі  бір кісідей жұмылса, алынбайтын қамалдың жоқ екенін дәлелдеп келе жатқан да  – осы үштөбеліктер.

Округ әкімі Әлібек Шағидоллаұлының айтуынша, халық саны айрандай ұйып отырған Үштөбеде жылдан-жылға артпаса, кеміп көрмепті. Жастар, бәрі болмаса да, ауылда қалып, мал өсіріп, кәсіп ашып еңбектеніп жатыр. «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері атанған алтын құрсақты аналар да көп екен. Демек, осындағы ауылдың тірлігін шайқалтпай, берекесін шалқытатын жаңа ұрпақ өсіп келеді. Таза су да келіп тұр, көгілдір отын да қосылған – ауылдағы жағдай қаладағыдан бір мысқал да кем емес.  Кішкене балалары көп ауылға аудандық мәслихаттың ұсынысымен 4 млн теңге қаржы бөлініп, биыл шағын ойын алаңын салу жоспарда.

Бұл келтірген мысалдарымызды мемлекеттің ауылға қолдауының бір көрінісі десек, Үштөбе тұрғындарының өздері ақылдасып, кеңесіп, ортақ істе тартынбай атқарған жұмыстары да жетерлік. Айталық, кіреберіске ауыл аты жазылған еңселі арканы мектептің түлектері орнатып бергеніне екі жыл болыпты. Ата кәсіп мал шаруашылығын өркендеткен  шаруа қожалық жетекшілері де елде өтетін әрбір игі істерге демеушілік жасап келеді.

Ауылда спорт та, мәдениет те жақсы дамыған. Ауыл жігіттері – шетінен көкпаршылар. Жылдың қай мезгілінде болмасын, өздері топ-топ болып шығып, ат үстінде көкпар тартып жүргені.

Үштөбеліктердің бастамасымен ауданымызда тұңғыш рет қыс айында осы ауылда көкпардан аудан біріншілігі өткені аудан тарихында хаттаулы. Содан барып, осы ауылда көкпаршылар клубы ашылып, қазір жас шабандоздарды ат спортына баулуда. Ауыл командасы, арасында оқушылар бар, биылғы көктемде облыстық жарыста салымды көп салған командалардың қатарынан көрінді. Бәйге ұйымдастыру үштөбеліктерге түк те емес. Ауылдың талай ардақты азаматтарын еске алып, жазира кең далада ат жарыстырып, жүлдесін де округ, ауданнан тартпай, ауылдастар боп жинап, шығарып береді.

Еркін күрес, қазақша күрес пен футбол ойындарынан да алдына жан салмайды көкөрімдер. Бұл бағытта аудандық «Жігер» спорт клубының нусқаушысы Қанағат Мақсот пен  аудандағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Шапағат Наурызовтардың еңбектері зор.

Ал өнер әлемінде жүрген ауыл түлектері – ел мақтаныштары. Облыс-республикаға танымал дәстүрлі әнші,  осы ауылдағы мәдениет үйінің жетекшісі «Мәдениет майталманы» төсбелгісінің иегері Данияр Елеуов жетекшілік еткен ұл-қыздар бүгінде облыс өнеріне үлес қосып жүр.  Аудандық мәдени демалыс орталығының қызметкері, термеші Дәурен Ораш, Астана қаласында мықтылармен иық тірестіріп жүрген әнші-сазгер Тілек Базаров та – Үштөбенің  перзенті. Алматыда қызметтегі дарынды күйші Ақылбек Бектасов,  әнші, домбырашы Бекзат Рахметуллиндердің талантымен Үштөбесінің атын елімізге танытып жүр.

Ауылдан адамның көшпеуі – ең бастысы, осындағы мектептің жабылып қалмауына зор ықпал етеді. Үштөбе секілді ауданымыздағы бірнеше шағын елді мекенде мектепке бала саны жетпей, жабылып, салдарынан тұрғындар ұл-қызына білім беретін жер іздеп, үдере көшті. Ал үштөбеліктер өзгеден оқушы сұрап телмірмейді,  бала саны жеткілікті. Биылғы оқу жылын 23 мұғалім, 70 оқушымен аяқтаған. Ұстаздардың біразға жуығы – жоғарғы санатты педагог. Оқу жылын сәтті аяқтап, жазғы демалысқа кіріскен мектепте биыл екінші жыл қатарынан этнолагерь жұмысқа кірісті.

– Ұлттық салт-дәстүр, құндылықтарымызға негізделген этнолагерьдің мақсаты – өскелең ұрпаққа қазақтың бай мұрасын таныстырып, ұлттық өнегеге тұнған тарихымыздан сусындату. Лагерьдің  әр күнінде ауылымыздың үлгі тұтар ағалары, өнегелі аналарымыз бен өнерлі жастарымен балаларға арналған шаралар ұйымдастырылады. Аттың құлағында ойнайтын көкпаршылардың салымына тамсанып, оқушылар халқымыздың салт-дәстүрімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Мал сою, жіліктеу, сүт өнімдерін дайындау, өзге де жұмыстарға балаларды үйретіп жатырмыз. Оқушылар лагерь барысында бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Атқарылған жұмыс нәтижесінде былтыр мектебіміз «Үздік мектеп жанындағы лагерь» аталымына ие болды. Мектеп әкімшілігі атынан этнолагерьді ашуға сеп болған ауыл тұрғындарына, мектеп мұғалімдеріне, ауылымыздың өнерпаз жастарына алғыс білдіреміз! – дейді сөзін лагерьдің тынысынан ақпармен бастаған мектеп директоры Рүстем Мусин.

Өткен жұма күні этнолагерьдің кезекті маусымының жабылу салтанаты өткен екен. Бұл шараға аудандық саз  мектебінің үжымы келіп, оқушыларды ұлттық аспап түрлерімен таныстырып, домбыра, сыбызғы, қобыз аспаптарында күй тартып, ән шырқап берген. Шарада қазақтың ұлттық тағамдары да дайындалды. Оқушылар этнолагерьде өткізген күндерінен әсерін бөлісіп, қимай қоштасыпты.

– Мен осы ауылда дүниеге келдім, білім алдым, – деп сөзін жалғады мектеп басшысы. – Жоғары білім алып, елге қайта оралдым. Әрине, балалардың сапалы білім алуы, мектептердің жайлы болуы мемлекетіміздің басты назарында. Десе де, өзім басқаратын білім ордасы осындай қолдаудан тыс қалғандай. Себебі іргетасы сонау 1970 жылы салынған мектеп сол кезден бері күрделі жөндеуден өтпеген. Әрине далада отырған жоқпыз, ескі де болса, ғимаратымыз бар. Бірақ одан сиық қашып, қораның аз-ақ алдында тұр. Ағаштан жасалған есік-терезелерден қысы-жазы жел үрлеп тұрады. Төбесінің сылақтары да түсіп жатыр. Шатыры ескі, жаңбыр жауса, су армансыз кетеді. Іргетасы сөгіле бастағанына біраз болды, қабырғасын тіреумен тірейтін де күн алыс емес. «Көрмейін десек, көзіміз бар», өзге ауылдарда бой көтерген су жаңа мектептерді көргенде, бір жағынан қуансақ, екінші жағынан «Неге біздің ауылда емес» деп қызғанамыз да. Жыл сайын бала саны артпаса кемімейтін ауыл адамдары жаңа ғимараттың салынғанын сұрап, жиын, есепті кездесулерде басшылыққа базынасын жеткізіп жүр. Әзірге салынар-салынбасы белгісіз, жағдайымызды көрген аудан, облыс басшылары жақын уақытта шешуге тырысамыз деп уәде беріп кетеді. Сол айтқандарына тұрып, су жаңа білім ошағының ғимараты бой көтерсе деп армандаймыз. Мектеп жоқ, апатты деп бір-бірлеп, қос-қостап тұрғындар көше берсе, берекелі ауылымыз қаңырап бос қала ма деген де қорқыныш бар, - дейді Р.Мусин.

Үштөбеліктердің бұл мәселесін естіген соң,  аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ерболат Бекмолдинге хабарластық.

– Иә, Үштөбедегі мектеп апатты деп танылды. Негізі бұл ауылды болашағы бар, бала саны кемімейтін елді мекендердің қатарына жатқызамыз. Сондықтан мұнда жаңа ғимарат салу – өзекті мәселе. Ауданда осындай мектептер баршылық. Олардың бәрін сараптап, әр ауылда кезең-кезеңімен жаңа ғимарат салуға күш салып келеміз. Мысалы, былтыр Жайық ауылындағы негізгі мектеп пен Атамекен ауылындағы М.Өтемісов атындағы орта мектептер жаңа ғимаратқа көшті. Қазір Базартөбе орта мектебінде  күрделі жөндеу жүріп жатыр. Биыл Кеңсуат ауылында жаңа мектеп салынады. Иә, И.Тайманов атындағы мектепке техникалық тексеріс жасалып, мұнда күрделі жөндеу жасау орынсыз, ғимарат апатты жағдайда деп танылды. Апатты болған соң, жаңа мектептің құрылысын бастау көзделді. Дегенмен, еш негізсіз құрылысты жүргізуге болмайды, барлық құжаттары дәйектеліп, қаражат көлемі есептелуі тиіс. Біз аталмыш мектепке жаңа ғимараттың қажет дәйектеп, облыстық білім басқармасына хат жолдадық, - дейді ол.

Ауылдық медециналық пункттің кіші қызметкері Ақмарал Қаденова да саладағы біраз түйткілді атай кетті. Оның сөзінше, ауылда бірнеше жылдан бері медициналық қызметкер жоқ, әрі пункт ғимараты да әбден тозған. Аяқ астынан сырқаттанып қалған ауыл тұрғындарына көршілес Қабыршақты ауылынан жедел жәрдем алдыратын көрінеді.

– Үштөбеге бірнеше жыл қатарынан маман таба алмай жатқанымыз шындық, бір-екеуін жібергенбіз, тұрақтамады, себебі – ауылда ол тұратын баспана жоқ, – дейді аудандық  аурухана басшысы Алмас Жүнісбеков, - ғимараттың да жай-күйін толық біліп отырмыз. Қаражат бөлуге сұранысты жіберіп қойдық. Берген бойда, жаңа пункт салынады.

Иә, әрбір істі шыдамдылықпен күтетін, қолдарынан келетін ауыл тіршілігіне қатысты шаруаларды ақылдаса отырып лезде біріге орындайтын ағайынның айтары осы. Әрине бәрі бірден жақсы болып, жұмақ орнап кетпейтіні анық. Ең бастысы, қордаланған мәселелерге қарамастан, ауылдан адам көшпей, атамекенін аман алып қалуға үштөбеліктердің талпыныстары қуантады.

Әсет Сағындық

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале