26.03.2022, 11:00
Оқылды: 52

Ұсталығы ерекше еді

Қалдығайты ауылының шетінде ертеде қарттар өз қолдарымен салған, шатыры жоқ, төбесі балшықпен майланған үйлер көп болатын.

InShot_20220326_085803328

Ел ішінде «Пермовой» немесе «Шалдар жақ» деп аталып кеткен осы үйлерде соғысқа қатысқан майдангерлер тұратын. Сырт көзге жатаған болып көрінгенмен, іші сыр мен шежіреге толы сол үйлердің біріне поштада жасайтын Нәбәт апай мен інісі Жақан көшіп келді. Жақанның азан шақырып қойған аты – Жәңгірхан екен. Бала кезінде еркелетіп, Жақанжан деп атап кетіпті. Жақан көп ағайынды болды. Оның ағасы Құрмет – ауыл шеберханасында ұста болғанында да білетінбіз. Сол кездегі үлкендерден Құрмет ағай әкесі Ақымғалидың жолын қуып, темірден түйін түйген шебер болғанын жиі еститінбіз. Кеңшар тарап, әркім өз алдына тіршіліктің қамына кірісіп, күнелте бастаған кезде Жақан жеке көлігімен қала мен ауыл ортасында такси қызметін атқарды. Бірде ауылға сәлемдеме беріп жіберудің қамымен қаладағы базар маңына келдім. Жолда Жақан ағай кездесті, амандық-саулық біліскеннен кейін ауылдың жағдайын сұрап, әңгіме-дүкен құрдық. Жолаушылардың қатары толығып, барлығы көлігіне отырған соң, ауылға жүрер алдында: «Менің әкем соғыстан аман келді ғой, елге келген соң ұста болды. «Мәңгілік алау»  ескерткішінде орналасқан Отан үшін от кешкендердің тізімінде әкем Ақымғали Қойлыбаевтың есімі тұр. Інім, саған өтінішім – әкем туралы мақала жазшы» деді де, темір тұлпарына мініп, ауылға жол тартып кетті. Осылайша ауыл мен қала арасына қатынап жүрген Жақан ағай бірде ауа райының қолайсыз кезіне тап болып, өзі де қайғылы қазаға ұшырады... Ағаның аманатына қиянат жасамау мақсатында ауыл тұрғындары мен ардагердің қызы Нәбәттің майдангер туралы айқан естелік-әңгімелерін тыңдадым, қойын дәптеріме түсірдім.

– Әкем Ақымғали 1909 жылы Сулыкөл ауылында, қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Қойлыбай, Жолдыбай  деген  екі  ағайынды болған. Жолдыбайдан қалған жалғыз қыз, Шамшырақ апамыз емші, сынықшы Телов Темірғалиға тұрмысқа шыққан. Олардың жалғыз ұлы Қалдығайты өзеніне суға кетіп, қайтыс болған екен. Қойлыбайдың жалғыз ұлы Ақымғали әке-шешеден тоғыз жасында жетім қалып, ауқатты Әбу деген қарттың қолында өсіпті. Ақымғали қой бағып жүріп, қолына түскен темір қаңылтырдан шелек жасап алып, қой сауып, сүтін ішкен.

1942 жылғы ақпан айының 8-і күні әскерге шақырылып, Харьков бағытындағы ерекше жол салу батальонының көпір жөндеу взводында ағаш шебері болған. «Жау ұшақтары салынған көпірлерді бомбалап, қиратып жатса да, күндіз керек ағаштарын кесіп, дайындап, жасырып отырамыз. Ал  көпірді көбіне түнде салатынбыз» деп әңгімелейтіні есімде. Неміс ұшақтарының кезекті бомбылауында жарақат алып, тұтқынға түскен екен. Тұтқында ауылдастары – Назарәлі мен Дабыш та бірге болған. Оңтайлы сәт келгенде, ауылдас інілерімен бірге тағы үш-төрт жігіт қашып шығады. Өзіміздің әскерилерге қосылып, соғысты Берлинде аяқтапты.

Бірнеше жауынгерлік медальмен елге оралған. Соғыстан кейін де колхоздың алдыңғы қатарлы жұмысшысы, қолы шебер ұста болды. Әкем Ақымғали елге оралғаннан кейін анамыз Қазизаға үйленіп, 4 ұл, 5 қыз дүниеге келеді. Әкеміз балшық басып, анамыз екеуі тас соғып, 1956 жылы үй салып алады. Ол кезде ауылда не бары алты үй болатын, – деген ардагердің қызы Нәбәттің әңгімесін ауыл ақсақалы, сексеннің сеңгіріне шыққан Есешов Еламан ағай жалғастырды. «Мектепке бірнеше бала болып 3-4 шақырым жердегі Шөміш­көлден жаяу келіп оқимыз. Таңда айдың жарығымен сықырлаған аязда келеміз. Ақымғали ағайдың үйіне келіп, бір шәй ішіп, мектепке барамыз. Өзі бала жатырқамайтын, әзілқой жан еді, бізбен қалжыңдасып отырады. Содан  болар, әйтеуір үйінде өз балаларынан бөлек жиырманың үстінде бала жатады. Көмір салып, көрік қыздырып, оны үрлеп, өгіз арба жасайтын, арба дөңгелегін құрастыратын.  Ауыл-ауылдан адамдар келіп, көлігін жөндету үшін кезекте тұрушы еді», – деді Еламан ағай. Сулыкөл ауылдық  округінде біраз жыл әкім болып, зейнетке шыққан ауыл ақсақалы Бітімәлі Құрманалиев былай деп еске алады: «10-12 жас шамасындағы баламыз ғой. «Сталин жолы» колхозында, ауыл шетінде Ақымғали атамыздың ұстаханасы болды. Біз көрік қыздырғанын, оны үрлегенін қызықтап барамыз.

Ауылдағы ағашы кеуіп, темірі түсіп қалған, қаусаған дөңгелектерді жөндейтін. Иін темірді отқа салып қыздырып балқытып, қайтадан дөңгелекке айналдыра иіп, балғамен ұрғылап, жаңартып беруші еді. Ол кезде темір пісіретін сварка жоқ, жалғанған жерін білдірмей, жап-жаңа дүние жасап беретін өте  шебер ұста болды».

Соғыстағы жарақат салдарынан Ақымғали Қойлыбаев 1967 жылы қараша айының 7-сі күні өмірден озды. Ол кезде баласы Құрметқали 14 жаста, ең кенжесі Алтынзер 2 жаста болатын. Құрмет әке жолын қуып, совхозда темір ұстасы болды. Қызы Нәбәт Алматы қаласындағы байланыс техникумын бітіріп, Қалдығайты поштасында 40 жылдан астам еңбек етті. Самиға Алматы мәдени-ағарту училищесінде оқыды. Садап Бөрлі техникумын бітірді. Шыңғыс Шымкенттің милиция мектебінде оқып, Қаратөбе аудандық ішкі істер бөліміне қызметке тұрды. Майор шенімен зейнетке шықты. Кенже қызы Алтынзер Ресейдегі Куйбышев байланыс техникумын бітірген соң, біраз жыл сол жақта тұрып, кейін елге оралды. Ал майдангердің жұбайы Қазиза Бердешқызы 1976 жылы ақпан айының 28-і  күні өмірден өтті.

Рафхат Халелов

ҚР Журналистер одағының мүшесі, Орал  қаласы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале