2.10.2020, 17:24
Оқылды: 551

Ұстаз болу – ұлағатты іс

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді, абзал жандар. «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді.

 салатын суреттер (1)

Білім беру - бұл қоғам мүшелерінің адамгершілік, интеллектуалдық, мәдени дамуының жоғары деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған оқыту мен тәрбие берудің үздіксіз үдерісі. Мұғалім тек сабақ  үйретуші ғана емес, сонымен қатар тәрбиеші. Тәрбие жұмысын ұйымдастыруда басты мақсат – этнопедагогика жетістіктерін пайдалана отырып, сынып оқушыларының өзін-өзі басқару дағдысын қалыптастыру. Ұстаздар қауымының алдына қойған мақсаты да сол – сабақ беру процесінде түрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланып, оқушыларға сапалы білім берумен қатар бәсекеге қабілетті тұлға дайындау.

Менің мамандығым – ұстаздық мамандық. Қиындығы мен қызығы мол осы мамандықты бала күнімнен армандадым. Адам баласына көмектесу – игілікті істердің бастамасы деп білемін. «Қазақтың қаны бір, жаны бір жол басшысы – мұғалім. Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі» деген екен қазақтың кемеңгер ақыны Мағжан Жұмабаев. Адамдар мамандықты жүрегінің қалауымен таңдауы керек. Өйткені, әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана адам өзін бақытты сезінеді екен.«Бала жүрегі – кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ол сандық ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру керек», - деп ақын Мұхтар Шаханов айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу мұғалімнің ең басты міндеті деп ойлаймын. Мен де алдыма шәкірттеріме тек пәндік негізде білім беріп қана қоймай, олардың білім кеңістігінде жан-жақты самғап, бәсекеге қабілетті болуға тәрбиелеуді мақсат тұттым.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының түп мақсаты халыққа арналғанымен, соның ішінде ұстаздар қауымына деген үлесі басым болып отыр. Мақалада кездесетін «бәсекелестік», «білім», «ғылым», «тұтастық», «ұлттық код» сынды сөздердің ұстаздар үшін маңызы өте зор.

Жаһандану заманында ұлт­­тық бәсекеге қабілетті болудың көр­сет­кіші – білім деңгейімен өлше­неді. Сондықтан әлемдік білім ке­ңістігіне кірігіп, білім беру жү­йе­сін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті –   ұс­таздардың қолында. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашақта еңбек ет­іп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұс­тазға жүктелетін міндет ауыр», – деген еді. Ендеше, жас ұрпаққа тәлімді тәрбие беру, сапалы білім нәрімен сусындату – кез келген мұғалімнің жауапкершілігі зор міндеті.

Жалын атып, от боп бірге жанасың,
Білім беріп, содан бақыт табасың.
Бар өмірің өрнектеліп баламен,
Жасарып бір, мәңгі жас боп қаласың!

 

Таңшолпан Қаршығақызы,

Жаңақала мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале