Осындай атаумен Сырым ауданында ұстаздар күніне арналған мерекелік шара өтті.
Шарада аудан әкімі Төлеген Төреғалиев ұстаздарды құттықтап, бала тәрбиесіндегі елеулі еңбегі бар ұстаздарды және білім саласын қолдап, демеушілік көрсетіп жүрген С.Жеңісов, М.Тұрмұханбетов, О.Гумарова, А.Жанғожиева, А.Нұрманова, А.Сержан, Р.Қырықбаева, Н.Рысқалиев, С.Мүтиев секілді бірқатар кәсіпкерлерге аудан әкімдігі атынан алғысхат табыс етті.
Аудандық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әділ Ахмет бөлімнің және облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен әріптестерін марапаттады.
Одан бөлек, ұстаздарға арналған аудан көркемөнерпаздарының әсем әндері, оқушылардың мың бұралған билері мен мерекелік әндері шырқалды.
Сырымдық ұстаздар үшін биылғы мереке өзгеше болды. Олай дейтініміз, аудандық білім беру саласына өз үлесін қосып, ерекше көзге түсіп жүрген педагогтер түрлі аталымдарға ие болды.
“Жасыл ел жанашыры” аталымымен Жанна Құрманғалиева, “Креативті ұйымдастырушы” Мейрамгүл Жұбанова, “Әлеует жанашыры” Дамира Жалекенова атанса, заман талабына сай “YouTube блогері” аталымы Нұржан Қажгереевке, “Мобильді жас маман” Жандос Меңдешұлына бұйырды.
Аталмыш номинация иегерлеріне диплом мен арнайы естелік сыйлықты ардагер ұстаз Гүлбақша Ерғалиева табыстап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz