Ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай Т.Жароков атындағы орта мектебінен бастау алған шара аудандық мәдениет үйінде өткен «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» атты салтанатты жиынмен жалғасты.

Жиын барысында жас мамандар сахналық көріністер қойып, мерекелік кешке ерекше реңк берді. Сахналық қойылымдардан соң аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов барша аудан ұстаздарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, үздіктерге мерекелік медальдар мен марапаттар табыс етті.

Алдымен, ұлы ойшыл, ғұлама Ғұмар Қараштың туғанына 150 жыл толуына орай оның шығармашылығын дәріптеуге ерекше үлес қосқан ұстаздар марапатталды. Ғұмар Қараш атындағы төсбелгімен марапатталғандар қатарында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Мәншүк Нұралиева, Қымбат Осатова, Кәкима Әліпқалиева, Әдемі Ахметова, Тұрсынғаным Беркінбаева, Гүлманат Жұмабаева, Айман Көшекқалиева, Лидия Берікқалиева және Мәдина Төлешова бар. Бұл ұстаздардың шәкірттері ақынның құрметіне орай ұйымдастырылған түрлі байқауларда жоғары жетістіктерге жетіп, аудан абыройын асқақтатып жүр.
Сонымен қатар бірқатар мұғалім облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафулиннің Құрмет грамотасы мен алғысхатына ие болды. Тағы бір топ педагог аудан әкімі Тимур Шиниязовтың алғысхатымен марапатталды.
Т.Жароков атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Жасқайрат Каргин бастаған ұстаздар қауымы «AMANAT» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиевтің алғысхатына ие болды.

Ал аудандық білім беру бөлімінің басшысы Асхат Молдағалиев мектеп және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметкерлерін бөлімнің Құрмет грамотасы және алғысхатымен марапаттады.
Сондай-ақ аудандық білім беру бөлімінің кадр жөніндегі әдіскері Гүлнұр Есенбаева облыстық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасына ие болса, аудандық балалар саз мектебінің эстрадалық вокал сыныбының оқытушысы Мейрамгүл Дәулетқалиева бастаған бірқатар маман аудандық кәсіподақ ұйымының алғысхатына лайық деп танылды.
Мерекелік шара барысында марапатталған ұстаздарға арнап аудандық балалар саз мектебінің вокал сыныбы оқушылары мен домбырашылар ансамблі, «Ақмаржан» халықтық би ансамблі өнер көрсетті.

Сондай-ақ А.Оразбаева атындағы негізгі мектебінің ұстаздары, аудандық балалар саз мектебінің оқытушылары мен әр мектеп оқушылары мерекеге арнайы музыкалық және көркем шығармаларын ұсынып, кештің көркін аша түсті.
Мерекелік жиын әнші Аслан Боранбаевтың орындауындағы «Ұстазым менің» әнімен мәресіне жетті.
Арай Сейфуллиева,
Жәнібек ауданы