Дәл осындай жоба аясында Теректі аудандық балалар шығармашылық үйінің ұйытқы болуымен шара өтті. Осымен төртінші мәрте ұйымдастырылған бағдарламаға әр ауылдық округтің ұлағатты ұстаздары қатысып жүргенін айта кеткен жөн. Мереке қарсаңында өткен бүгінгі шараның қонақтары Ақсуат жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Ерлан Жұбаниязов, Ақжайық жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Толғанай Бекесова, Теректі аудандық саз мектебінің мұғалімі Жақсылық Имашев және «Бәйтерек» бөбекжайының логопеді Әсел Зайнуллина болды.
Сұхбатты жүргізген Үміткер Орынғалиев жоба қатысушыларына «Сұрақ – бізден, жауап – сізден» деген бөлім барысында қызықты сұрақтар қойды. Сондай-ақ қонақ кәделерін алып келген Толғанай Мағзомқызы «Жолыққан қандай жақсы», Жақсылық Оралбайұлы «Жақсы адамдарым» әндерін орындады. Қолы шебер логопед Әсел Зайнуллина өзі жасаған тәтті қораптарын жоба кейіпкерлері мен көрерменге ұсынды.
Сонымен қатар «Кейіпкермен бетпе-бет», «Ақ тілек» айдары аясында шақырылған қонақтарға алғашқы ұстаздары, достары, отбасы мүшелері ізгі тілектерін тікелей эфирден жолдады.
Шараға қатысқан Теректі ауданы әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров білім беру саласында қызмет етіп жүрген жандарға лебізін білдіріп, аудан басшысы атынан алғысхат табыс етті.
- Мен үшін ұстаз — ұлы тұлға. Өзім де мұғалімдер отбасынан шықтым. Олардың бала үшін жасап жатқан жұмысы ұшан-теңіз. Сіздерге шығармашылық табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін, - деді Қалаубек Баубекұлы.
Одан әрі Теректі аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Ұлдай Сарсенова кеш қатысушыларына БҚО білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ төрағасы Марат Даупаевтың атынан «Құрмет» грамотасымен қатар естелік сыйлық табыстады.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz