3.10.2020, 15:00
Оқылды: 135

Ұстаздар әулетіне айналған шаңырақ

Ұзақ жылдар бойы өз мамандығын жанындай сүйетін Қабира Арыстанова шәкірттерін сабырлы мінезімен, салиқалы да сындарлы ақылымен тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Ол бұл күнде Теректі ауданының Ақжайық ауылындағы ұстаздар әулетіне айналған шаңырақта зейнеткер әже атанып отыр.

20201003_144132

Ол қазіргі Жаңақала ауданына қарасты бұрынғы 24-ауыл деп аталатын Сасықтаудың етегінде 1948 жылы дүниеге келіпті. Әке-шешесі 1952-53 жылдары полигонға байланысты қоныс аударған елмен бірге Абай ауылына келіп тұрақтаған.

– Менің болашағыма жарқын жол ашқан екі атадан қосылатын Қадем Мақұлұлы ағаны ешуақытта ұмыта алмаймын, - дейді Қабира апай әңгімесінде. – 1966 жылы мектеп бітіргендер қазіргі Ақжайық, бұрынғы Калинин орта мектебінің тұңғыш түлектеріміз. Қадем ағай сол кезде Абай мектебінде оқытушы.

– «Айналайын, ұстаздық мамандық өте қиын әрі қызықты мамандық. Ең бастысы, ұстаз болсаң, жүрегің таза, өзің адал боласың. Ел құрметіне бөленесің»,- деп мені ұстаздық жолға бағыттады. Сүйтіп, Атырау қаласына оқуға барып, конкурстан өте алмай қайтып келдім. Қадем аға тағы да көмек қолын созып, кадр жетпейді деп Абай ауылындағы мектепке мұғалімдікке шақырды. Бір жыл жұмыс істеп, Орал педагогикалық училищесіне оқуға түстім. Кейін А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірдім.

Оқу бітірген соң жас маман алғашқы ұстаздық жолын Абай мектебінде бастап, екі жылдан кейін Еңбек совхозының 3-бөлімшесіне (қазіргі Сүттігенді) ауысады. Сол жақтан өмірлік серігін тауып, ұрпақ өрбітеді. 18 жыл сол мекенде тұрақтап, бастауыш сыныпқа сабақ береді.

– «Әлі есімде, қыстыгүні мектебіміз салқын. Қолмен жағылатын пеш әлсін-әлсін суып кетеді. Бірақ сонда да сол мектеп әлдебір жылылыққа толы еді. Сынып қабырғаларында тәрбиелік мәні бар суреттер ілулі тұрады. Сол суреттердің бірінде мысықтың тышқанды ұстай алмай қуып жүргені бейнеленген. Бастауыш сыныптың балалары қай нәрсені де тазалықпен, сәби көңілімен қабылдайды ғой. Сол суретті екінші күні көрген кішкентай Баян деген оқушым: «Апай, мына мысық тышқанды әлі ұстамапты ғой», - деп мені біраз күлдіргені бар», - дейді Қабира апай бір сәт өткен күндерге сағынышпен оралып. Кейіпкеріміз 1985 жылы Еңбек совхозына көшіп келіп, Калинин орта мектебінің бастауыш сыныптарында қызметін жалғастырады.

«Өмір дегенің өткен күндер емес, есте қалған күндер» демекші, әр заманның өзіне тән қиындығы болатыны даусыз. Кеңшілік замандай көрінетін Кеңестік дәуірдің де мұғалімнің иығына артқан ауыртпалығы аз болған жоқ. Таңға дейін кірпік ілмей, ертеңгі сабақтың көрнекі құралдарын қолмен жасап, одан қалса оқу жоспарын толтырып, дәптер тексеріп омақасып жататын кездердің де келмеске кеткеніне көңіл шіркін сеніңкіремейтіндей. Қосымша әдістемелік кітаптар да, қалам-құралдар да бірде жетіп, бірде жетпей жатты. Оқулықтың сиқы белгілі, 3-4 балаға бір кітап әрең бұйырады. Қыс қаһарына міне сала мектеп те азынап кетуші еді. Әй, сонда да ешкімге арызданбай, қиындықпен алысып, арпалысып жүріп талай буынды қияға ұшырды-ау... Бүгінде алды елуді еңсеріп қалған сол шәкірттерді сауатсыз деп айтып көр.

20201003_144252

Сол күндерді бүгінгі педагогтарға айтса, ертегідей көреді. Оның қасында заманауи техникамен қаруланған қазіргі оқу жүйесіндегі қиындықтарды қиындық деуге ауыз бармайтыны рас.

– «Мұғалім бақыты– шәкірт құрметі» деген, бұл күнде бастауыштан білім нәрін алған шәкірттерім әр тарапта, әр мамандық иелері. Болат Аманбаев деген оқушым бүгінде Президент әкімшілігінде жауапты қызметте. Келген сайын сәлем беріп шығады. Ал ауылдағы шәкіртімнің бірі Болат Александрұлы – өз ауылымыздың әкімі. Мұғалімдіктің басқа мамандықтардан артықшылығы – ұрпағымен ғана емес, шәкірттерімен де мың жасайтындығы болса керек. Мереке сайын шәкірттерімнен құттықтау алып, мерейім көтеріліп қалады», - дейді зейнеткер педагог.

«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, өзінен тараған ұл-қыздары да мерейлі мамандықтың иесі болуға талпынғаны кездейсоқ болмаса керек. Бір кездегі Қадем ағайының өзіне айтқан өсиетін үнемі балаларына айтып отыратынының әсері ме, тұңғышы Мейірманнан басқасы аналары салған сара жолдан алыс кете қоймады. Қызы Шынаргүл де, кенже ұлы Ерлан да, одан тараған немерелері де ұстаздық жолды таңдады. Шынары қазіргі таңда Орал қаласындағы білім жетілдіру институтында еңбек етеді. Ерланы Абай орта мектебінде директор қызметін атқарып жүр. Келіні Салтанат та педагог, Ақжайық ауылындағы «Айгөлек» бөбекжайының директоры. Ерланынан тараған Әсемгүлі Ақжайық ауданында психолог, Інжугүлі – биолог-географ. Анадан мирас болған қадірлі мамандықты ұрпағы осылайша тінін үзбей, аманаттай жалғап келе жатқаны қандай ғажап!

– «Бәріміздің еңбек жолымызды қосса, 110 жылдық өтілі бар ұстаздар әулетін құраған екенбіз. Осындай ғибратты ғұмыр сыйлаған Аллаға мың шүкір. Маған: «Өмір жолыңды қайтадан бастасаң, қай мамандықты таңдар едің?» - деп сұраса, ойланбастан қайтадан ұстаздық жолды таңдаған болар ем. Мен үшін ұстаздықтан асқан мәртебелі мамандық жоқ, - дейді зейнеткер ана.

Бар ғұмырын педагогикаға арнаған Қабира Арыстанова білім беру саласына қосқан үлесі мен адал еңбегі үшін республикалық, облыстық, аудандық Құрмет және мақтау грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталған жоғары санатты ұстаз. Бірақ ең жоғары марапаты – шәкірттерінің ақ алғысы мен ыстық лебіздері болса керек. Ұстаз үшін одан артық марапат пен қошеметтің де қажеті болмасы анық. Жүректі әркез жылытып жүрер ұстаз бақыты баянды болса екен дейміз!

Ғазиза Рахметова,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале