20.01.2022, 12:40
Оқылды: 98

Ұстазға тағзым

Ұстаздық өнер - тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез келген адамға қона бермейтін бақ. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт. «Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, уақытпен санаспай әр оқушы мен педагогтың  болашағы үшін алаңдайтын, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшыратын ұлағатты ұстаз, білікті басшы, ауданымыздың атын облыс, республика көлеміне асқақтатып жүрген математика саласының үздігі Бақтығұл Жұмажанұлы 75 жасқа толды.

InShot_20220120_124206478

Өмірдерек

Бақтығұл Жұмажанұлы 15 қаңтар 1947 жылы Жаңақала ауданының 12-ші ауылында дүниеге келген. Казталовка ауылындағы А.Оразбаева атындағы орта мектебін аяқтап, 1968 жылы А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының физика-математика факультетін тәмамдады. Студент кезінде математика пәнінен студенттер арасындағы олимпиаданың 1-орын жүлдегері болды. Еңбек жолын 1968 жылы Камен ауданы Крупский орта мектебінде математика пәні мұғалім жұмысынан бастады. Сол жылы Совет Әскерлер қатарына алынды. Терең білімімен көріне білген оны  1970 жылы аудан орталығындағы К.Маркс атындағы орта мектебіне математика пәні мұғалімі қызметіне шақырады.  Жас маман аудан көлеміне өзінің ұйымдастырушылық және еңбекқорлық қабілетімен танылды.  Сондықтан 1978-1986 жж.  Шипов орта мектебіне директорлық қызметке тағайындалды. Директор  ретінде мектеп жұмысының нақты жұмыс жүйесін қалыптастыруының нәтижесінде озық тәжірибесімен танылды , алдыңғы қатардан көрінді.  Осы іскерлігі ескеріліп  1986-1987 жж. аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.   1987-1999 жж.   Кузнецов негізгі мектебінің жұмысын білім саласының сұранысына сай жоғары деңгейге көтеру үшін директоры болып тағайындалды.  Аудан орталығында алғаш ашылған қазақ мектебінің басшылық қызметіне лайық деп танылған Бақтығүл  Жұмажанұлы 1999-2002 жж. Қ.И.Сәтбаев атындағы орта мектеп директоры қызметіне тағайындалды. Ал 2002-2012 жылдары ауданда жаңа үлгідегі жаратылыстану-математика бағытында «Cәулет» мектеп-гимназиясына басшылық қызметке тағайындалды. Бақтығұл Жұмажанұлының жоғары ұйымдастыру қабілетінің нәтижесінде мектеп облыс, республика деңгейінде 2002 жылы математика-жаратылыстану бағытындағы „Сәулет” мектеп-гимназиясы құрылғаннан бері, осы мектеп-гимназияның директорлық жұмысын атқарды. Талантты басшы, қабілетті ұйымдастырушы, іскер маманның қолдауымен «Сәулет» мектеп-лицейінің ұжымында шығармашылық, ынтымақтастық ахуал қалыптасты. Соның нәтижесінде облыс деңгейінде „Сәулет” мектеп-лицейі жақсы көрсеткіштерге жетті:

2002-2011 жылдары арасында 151 түлектің – 20-сы «Алтын белгі», 6 түлегі «Үздік аттестат», 10 оқушы облыстық А.Тайманов атындағы техникалық олимпиада жеңімпаздары, 3 оқушы математика пәнінен Республикалық Президенттік олимпиадасының жеңімпазы атанды. Облыстық пәндер олимпиадасында да Қалниязов Дархан, Тулешева Айнур, Жұмабаев Мерей, Урасаева Айгерім, Ташенова Әсем, Кадыркулов Саят, Киматов Арслан жүлделі орындарға ие болып, облыста "Сәулет" мектеп-лицейінің атын шарықтатқан болатын. Мектептердің рейтингін анықтайтын шешуші сәт - ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша да мектеп жылма-жыл облыстың ең үздік мектептер қатарында болды (2008-2009 оқу жылы орташа балл-103 балл; 2009-2010 оқу жылы-106 балл; облыс бойынша ІІІ орын, 2010-2011 оқу жылы-114балл- облыс бойынша ІІІ орын). Мектеп-лицей шәкірттері облыстық «Дарын» орталығында өткізілетін «Ақ желкен» математикалық регата, «Апельсин» физика-техникалық турнирі, «Бесінші элемент» химиялық турнирінің, «Полиглот» лингвистикалық турнирінің бірнеше дүркін  жеңімпаздары атанды. Мектеп-лицей құрылғаннан бері өз сәбиіндей әлдилеген білім ұясын көзінің ағы мен қарасындай қорғаған білікті басшы ыстығына көніп, суығына төзді. Шәкірттерінің сапалы білім алуына көңіл бөліп, сол үшін білімді де тәжірибелі ұстаздарды мектепке тартып, ұстаздардың алаңсыз жұмыстануына барлық мүмкіндікті жасады.

Бақтығұл Жұмажанұлы - математиканың теориясы мен әдістемесін жоғары деңгейде шебер меңгерген мұғалім. Сабақ беру барысындағы ең басты қағидасы: «Әр оқушы - өз пікірі бар жеке тұлға». Сабақтан тыс үзіліс уақытында да шәкірттерін қасына жиып алып, есеп шығарып жататын. Күрделі есептердің шығару тәсілдерін үнемі іздеп жүретін ұстаз аудан және облыс көлемінде мұғалімдерге «Олимпиада есептерін шығару, олардың шешу жолдары» тақырыбында дәріс берді. Бақтығұл Жұмажанұлы облыстық «Зерде» озат тәжірибе алмасу мектебінің мүшесі және облыс көлемінде On-linе режимінде тест есептерін шығару бойынша консультация жүргізіп математика пәні мұғалімдерімен тәжірибе алмасатын. 2014 жылы «Білім» телеарнасында Бақтығүл Жұмажанұлының ұстаздық жолына арналған «Призвание-учитель» деректі фильмі де көрсетілді.

Бақтығұл Жұмажанұлы бірнеше дүркін облыстық математика пәні мұғалімдерінің олимпиадасының жүлдегері, республикалық математика пәні мұғалімдерінің шығармашылық байқауына қатысушы, 2014 жылы Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары математика пәні мұғалімдерінің арасында өткен IІ аймақтық «Математикалық регата» турнирінде Бас жүлде, 2016 жылы Атырау қаласында өткен ІІІ аймақтық математика  пәні мұғалімдерінің арасында «Математикалық регата» турнирінде ІІ орынға, 2016 жылы  Орал қаласында өткен «Математикалық регата» турнирінде ІІІ орынға  ие болды. Бақтығұл Жұмажанұлының  кәсіби  жоғары маман ретінде 2010 жылы Астана қаласындағы өткен ТМД елдерінің білім қызметкерлерінің І съезіне, 2011 жылы Астана қаласында өткен  математика пәні мұғалімдерінің І съезіне облыс делегаты болып қатысты. "Ең әуелі қалай болғанда да адам баласына көмек беру, сосын жұмысында мүмкіндігінше адал және алда болу" кредосын қатты ұстанатын Бақтығұл Жұмажанұлы - «Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», Ы.Алтынсарин атындағы төс белгісінің , «Ерең еңбегі үшін» медалі иегері.

Әріптестер пікірі

«Бақтығұл Жұмажанұлы "Сәулет" мектеп-лицейінің табалдырығынан бастап, оны облыстың үздік лицейлер қатарына қосу үшін тынбай еңбектенді. Мектепте ұстаздардың ұстазы ретінде мұғалімдердің өз білімін жетілдіруге, алдыңғы қатарлы педагогикалық білімді меңгеруге таудай талап қойды. Соның нәтижесінде лицей мұғалімдері тынбай еңбектеніп, облыс, республика көлемінде таныла білді»,- дейді зейнеткер ұстаз Ізтұрған Қалниязұлы.

«Ұстаздық жолымда Бақтығұл Жұмажанұлымен әріптес болғаным үшін қуанамын. Білікті басшы, әрдайым көмек қолын созушы әріптес, көп жылдар бойы ақырын жүріп анық басқан ұстаз ізбасарларын сабырлық пен салиқалы ақылымен тәрбиелеп, шәкірттерінің әрқайсысының өмірден өз орнын табуына ел қатарына қосылуына көп үлес қосты, - дейді әріптесі Баян Темірболатқызы.

Әріптестер арнауы

Біз жүрміз бұл күндері күліп те ойнап

Кей кездерде кетеміз хабарсыз айлап

Жүрегіңнен айналдым кеңдігінен-ай

Тамағыңнан ас өтпей біздерді ойлап

Калай ғана ақтар екем сенімдеріңді

Жүрсем екен нұрға бөлеп өмірлеріңді

Байлығым ағатайым

Айбыным ағатайым

Өзіңіз көрсеттіңіз бақыттың жағалауын

Аман бол ағатайым

Сауыттай ағатайым

Бақ мекен араларың

Сездерді баға жетпес асылға бағаладым

Аман бол ағатайым, аман бол ағатайым

Қанаттыға қақтырмай қорған болдыңыз

Құлын-тайдай жарыссақ калған болдыңыз

Қайда жүрсек уайымдап іздеп келесіз

Ағасы жоқ жандарға арман болдыңыз

Жылдар өте ұстазымыздың өмір белестерін зерделей отыра шын мәніндегі сегіз қырлы, бір сырлы тұлғаны танимыз. Әу бастан айқындалған биік меже, алмас қылыштың  жүзіндей мұқалмас жігер,  өз саласына деген ерекше  сүйіспеншілік қана адам баласын мақсатына жеткізсе керек. Ал Бақтығұл Жұмажанұлы өзінің өмірлік миссиясын абыроймен атқарып келе жатыр. Осы сәтті пайдалана отыра шарапатын көрген барша шәкірттерінің атынан ұстазға зор денсаулық, отбасының амандығын тілейміз!

Кәмшат Калиева,

АББ әдіскері  

Тасқала ауданы 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале