Ақжайық ауданы Ілбішін ауылында үстел теннисінен өткен аудандық ашық біріншілік соғыс жылдарында, одан соң ауыл-елдегі тұралап қалған тірлікті түлетуге тынбай еңбек етіп, ұл-қыз өсіріп, өнегелі өмір сүрген еңбек және тыл ардагері Ғайнижамал Ажағалиеваны еске алуға арналды.
Ауыл үлкендері, марқұмның ұрпағы жиналған шараның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Бақберген Әбуов арнайы қатысып, сөз сөйледі.
– Осы күнге, тәуелсіз ел болып қалыптасуымызға Ғайнижамал апамыздай жандардың қосқан үлесі орасан. Олардың еңбегін, есімдерін ұмытуға еш хақымыз жоқ, ұрпақ білу керек. Бүгінгі сайыс өз деңгейінде өтуіне тілектеспін, жеңіске деген жігерлеріңіз мықты болсын, – деді ол.
Біріншілікте 2010 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер үстел теннисінен өзара мықтыларды анықтады.
Тартысты өткен бәсекеде қыздар арасында Саида Торғаева (Бөрлі ауданы) І орын, Диана Төлеу (М.Әуезов атындағы орта мектеп) ІІ орын, Әйгерім Мақсотова және Әнел Молдағали (екеуі де Қарша орта мектебінен) ІІІ орынға ие болды.
Ал ұлдар арасында Юсуф Азимов І орын, Бексұлтан Ғалел (екеуі де Жәнібек ауданынан) ІІ орын иеленіп, Диярхан Жарас (Бітік мектеп-бөбекжай кешені) және Әлжан Жасланов (Бөрлі ауданы) ІІІ орынды қанағат тұтты.
Аида Асылбек,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz