21.02.2024, 17:45
Оқылды: 158

Ұялы телефон: жас жеткіншектер қалай пайдаланып жүр?

Ұялы телефон қолданысқа енгелі адамдардың бір-бірімен байланысқа шығу мен қажетті мәліметтерді тез жинақтауда едәуір жеңілдік пайда болғаны рас. Бүгінгі әңгіме ұялы телефондар мен планшеттерді, ноутбуктерді, басқа да құрылғыларды жиі қолданатын жас балалардың денсаулығына қаншалықты зиянды екендігі жайында. Балалар денсаулығын қорғау үшін оның ең жақындары, яғни ата-анасы мен басқа да үлкендер қаншалықты жұмыстануда екенінен сыр суыртпақтап көру еді. Өйткені ұялы телефонды қолдан түсірмей көретіндердің денсаулығының сыртында түрлі сайттар мен ойындардың әсерінен туындайтын психологиялық әсер мен ұялы телефондардың ең мықты, яғни ең қымбат түрін алудан бәсеке сияқты қаржылық мәселе тағы бар.

телефон

Әңгімені басынан бастасақ. Ұялы телефонды қолдануды адамзат баласы осыдан 50 шақты жыл бұрын бастаған екен. Оны швед өнертапқышы Стюре Лаурен ойлап тапқан. Дәл бүгінгі таңда ұялы телефонның ең қажетті тұрмыс құралына айналып кеткені соншалық, күнделікті өмірде адамды телефонсыз елестету мүмкін де емес сияқты. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін ұялы телефоны бар.

Норвегия мен Дания ғалымдарының зерттеушілері ұялы телефонды көп қолданатын адамның иммундық жүйесі әлсірейді деп шешіпті. Ал ресейлік ғалымдар телефонда болатын электромагниттік толқындардың әсері көру қабілетін нашарлатады деп есептейді.

Бұл тақырыпта ұстаздар не дейді?

Ержан Молдағалиев, Бөрлі колледжінің арнайы пәндер оқытушысы:

1069f4a0-156f-450a-869f-0cc2a259af59

- Адамзат тарихында пайда болған қандай болмасын жаңалығына, тұрмыстың мехнатынан құтқаратын, өмірдің ерекше сәнін келтіретін дүниесіне байыппен қарасаңыздар оның пайдалы да, зиянды да тұсы болады. Ол заңдылық. Сол ноу-хау тізбегінде ұялы телефон, түрлі гаджеттің орны бөлек енді. Түрлі жас, нәсіл, ұлт, әлеуметтік деңгейдегі адам баласы қолдана беретін құрал. Оқытушылық қызметімде мен де ұялы телефонның мүмкіндіктерін пайдаланамын, студенттерге ақпарат құралдарымен саналы түрде жұмыс жасауды үйретемін. Қазіргі кезде ақпараттың көп болғаны соншалық білім алушы жастар бірқатар офлайн (жанды қарым-қатынас мағынасындағы) сипаттағы жұмыс түрлеріне қызығушылық білдірмейді. Сол себепті, менің ойымша, ұялы телефондарды сабақта мүлдем қолданбаған дұрыс. Өзім қызмет жасап жүрген оқу орнында бұл талап бар. Ол әрдайым орындалады. Сабақтың тәртібіне, студенттердің зейінін басты тақырыпта ұстауға бұл талаптың ықпалы зор. Білім алушылардың ұялы байланыс құралдарын уақытша сақтайтын арнайы орын жоқ, оның қажеті де керек емес деген ойдамын. Студенттердің ұялы телефондары сөмкелерінде, қалталарында жүреді. Әр оқытушы талабын жеткізеді, студенттер орындайды. Ең бастысы жасөспірімдерге гаджеттерді қалай, қай кезде, не үшін пайдалануға жөн сілтеп отырса, сол жеткілікті деп ойлаймын.

 Ақнұр Аманова, Ақсай қаласындағы №6 мектеп-лицейінің директорының орынбасары:

8df4d76f-8126-47b4-bd72-c14699dc615d

- Жалпы қазіргі балалардың басым бөлігі таңды телефонмен атырып, кешті сонымен батырады десек те болады. Ұялы телефон балаларға кері әсер ететінін бәрі біледі. Есте сақтау қабілеті нашарлайды, балалардың көбі ашушаң, жүйкесі тез құриды, тағысын тағы. Осындай жағдайларды ескере отырып, мектебімізде оқушылардың арасында белең алып отырған смартфондарға деген тәуелділікті бәсеңдету мақсатында үзіліс уақыттарында «Көңілді қоңыраулар», «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «20 минут оқы да, 5 минут эссе жаз», «Әжемнің ертегілері» атты кітап оқу акциялары мен қызықты челлендждер, әдеби-танымдық, интеллектуалдық байқаулар ұйымдастырылады. Мектептен тыс уақытта жетекшілерінің бастамасымен сыныптар бірлесе отырып қысқы уақытта мұз айдынына, ойын-сауық орталықтарына, мұражай мен кітапханаларға барып бір уақыт телефонсыз достарымен серігіп қайтады. Оқушылар мектепке телефонмен келгендерімен, сабақ барысында телефон ұстауға қатаң тиым салынған. Кейбір сыныпта телефон салатын қоржын, ұяшықтар қарастырған. Бұл біздің оқушылардың денсаулығын қорғауға қосып жатқан кішкене де болсын пайдалы үлесіміз деп ойлаймын.

Жанна Мубаракова, кітапханашы, көпбалалы ана:

55fff640-c5b0-41e9-915e-32ed45de4237

- Ұялы телефонның пайдасынан көрі зияны көп екенін білсек те баламен хабарласып, қайда жүргенін білу үшін мектеп жасындағы әр балама телефон беріп қойдық. Рас, бала болғасын көзді ала бере телефонмен ойнап отырып қалады. Ол кезде телефонда отыру уақытын шектеп, қадағалап отыруға тырысамын. Дейтұрғанмен, түбегейлі тыйып тастауға тағы болмайды.

Мәселен, мектептегі «Электронды күнделікке» кіру үшін, кейде белгілі себептермен қашықтан оқу болған жағдайда осы телефонның көмегіне жүгінеді. Тіпті мұғалім whatsapp желісіне салған жаңалықтар мен хабарландырулардан бала қалыс қала ма деп тағы алаңдайсың. Ал енді балабақшаға баратын балама қажеттілік болмағасын мүлдем телефон ұстатпауға тырысамын. Қазіргі таңда көп ата-ана телефонды есін білмейтін жас балаларға ойыншық орнына, не «мазаламаса болды» деп қолдарына беріп қояды. Бұл жаңа жетіліп келе жатқан бүдіршіннің денсаулығына кері әсерін тигізері сөзсіз. Қазіргі таңда Парламент сенаты мектеп оқушыларына сабақ үстінде телефон ұстауға болмайды деген заңды мақұлдап, Президенттің қол қоюына жіберген. Өз басым бұл заңға еш қарсылығым жоқ, қайта дұрыс шешім деп ойлаймын. Себебі сабақ кезінде баланың көңілі бөлінбей, білім алуы керек деп есептеймін.

 

Сіз ше, қадірлі оқырман? Жас жеткіншектердің заман ағымына сай жаңа технологияны шебер меңгерген, сонымен бірге дені сау болып өсуіне қандай үлес қосып жүрсіз? Сіздің балаңыз ұялы телефонды қалай пайдаланып жүр?

 

Дариға Нұрашова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале