21.01.2021, 20:38
Оқылды: 23

Ұялыда АТС иесіз, пошта жайсыз

Есептік кездесу Бөкей ордасына қарасты Ұялы ауылынан басталды. Ауылдың су жаңа әкімі Ерлан Ермекқалиев баяндамасын ауыл тұрғындарының санынан бастап, әлеуметтік-экономикалық ахуалына дейін мәлімдеп берді. Ұялының тұрғын саны – 1194 болса, соның 455-і өзін өзі жұмыспен қамтып отырғандар.

уялы

Ұялыдағы Ш.Жексенбаев атындағы мектептің белсенді тірлігі, білім саласындағы жетістігі аудан халқына аян. Мектеп ата-аналармен жұмысты жақсы жолға қойған бірден бір мектеп деуге болады. Бекболат Бақтығалиев, Карл Базарбаев, Аманжол Ұзақовтың отбасы облыстық байқауларда бәйгенің алдын бермей, аудан атын шығарып жүрген үлгілі отбасылар.

Ұялы ұйымшылдығымен де үлгі. Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» акциясына әкімшілік, мектеп, ветеринария, мәдениет үйі және ФАП ұжымы белсене атсалысып, 12 жанұяға жаңа жылдық сыйлық ретінде азық-түлік табыстады. Мұғалімдер «Көмек қолын соз» атты акциясын, «Мейірбандық күндері» айлығын ұйымдастырып, мұқтаж жандарға демеушілік көрсетіп келеді.

ұялы 1

Қайырымдылықтан ауыл келіндерінің «Тұмар» клубы да, М.Бекқалиев, Т.Мамаев сияқты қожалық қожайындары да қалыс қалмайды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында да мектеп түлектері мен шаруа қожалықтарының демеушілігімен ауылдың кіреберісіне аркалы композиция, мектеп-бөбекжай кешенінің алдына генерал Ш.Жексенбаевтың бюсті орнатылды.

Шағын және орта бизнесті дамыту барысында 7 кәсіпкер халыққа сауда-саттық қызметін көрсетумен айналысады. Соның ішінде «Гүлхан» шайханасы жолаушыларды ыстық тамақпен қамтуда. Ұялы ауылы орталығында «Гүлхан» тойханасы қызмет көрсетуде. Мал басын көбейту мақсатында «Игілік» бағдарламасымен 3 адам 6 млн. 800 мың, «Нарын несие» бағдарламасымен 3 адам 21 млн. 500 мың теңге несие алып, кәсіптерін кеңейту үшін жұмыстануда.

2019-2020 жылдың қысқы маусымын, яғни қыстағына тыңғылықты әзірлікпен келген Ұялы ауылының тұрғындары қысқы мерзімді қиындықсыз өткерді. Мал азығы жеткілікті болды. Мал қыстақтан аман-есен өтіп, өз төл есебінен өсу мүмкіндігі болды. Биылғы 1 қаңтардағы есеп бойынша 7653 ірі қара, 10986 қой-ешкі, 2651 жылқы, 37 түйе бар. Өткен жылмен салыстырғанда түйеден басқасында өсім бар. Күні бүгінде округте бір «Ұялы» ЖШС, 61 шаруа қожалығы есепте тұр.

Үкімет тарапынан берілетін субсидия арқасында ауылдағы шаруалар мал басын еселеп, 4 трактор, 6 шөп буу құрылғыларын алған.

ұялы

2018 жылдың күз айынан бері округте газ құбыры іске қосылды. Қазіргі таңда Ұялыда 140 үй, Кеңойда 16 үй көгілдір отынды кіргізіп, пайдаланып келеді. Мектеп, мәдениет үйі, әкімшілік ғимараты газға қосылды. Ауыл тұрғындарының 80%-ы көгілдір отынның пайдасын көріп отырса, үш-төрт үй ғана тасымал суды тұтынып отыр.

Ауыл әкімінен кейін ауылдың учаскелік полиция инспекторы, аға лейтенант Жеңіс Әмірұлы өз саласы бойынша сөз алды.

– Мал қожайындарының жауапкершілігін арттыру керек. Малын бағып отырған қызметкерлердің еңбегін бағалап, ынталандырып отырса, малына сырға, электронды чип тағып, GPS-трекерлер орнатса, малымыз ұрыға олжа болмас еді. Ұялыда мал ұрлығына қатысты екі оқиға тіркеліп, бірі ашылды, мал иесіне қайтарылды. Ауылдық округ бойынша аса ауыр қылмыстар тіркелген жоқ. Мас боп, көпшілік ортада жүру, жол ережесін сақтамауға қатысты акт толтырылып, екі азамат жеті жылға дейін көлік айдау құқығынан айырылса, алты адам әкімшілік қамаққа алынды. Жанұя шырқын бұзған төрт азаматқа қатысты шара қабылданды, - дейді инспектор Ж.Әмірұлы.

Бұдан кейін аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалы туралы, алдағы жоспарлар мен атқарылған шаруалар барысынан хабарлама жасады.

Ауыл тұрғыны Серік Садықов АТС жұмысын жандандыру мәселесін көтерді.

– Дәл қазір АТС-те штат жоқ. Жарық сөніп қалса, ұялы байланыс түгел ажырап қалады. Қайта қосатын маман керек. Ауылда жұмыссыз отырған жастар көп. Осы шаруаны сол жастардың біріне тапсыруға болмай ма? - деді.

Бұл мәселе де оңтайлы шешімін тапты. Алдағы уақытта қоғамдық жұмыс есебінен маман қызметке алынатын болды.

Ал Дамир Бегишанов ауылдағы пошта қызметін тілге тиек етті.

– Жарты күн жұмыс жасаса да, жылы, таза, дұрыс жерде отырып, қызмет көрсетсе, пошта қызметкеріне де, сол пошта қызметін тұтынатын ауыл адамдарына да жақсы емес пе? Ауылда бүгін ертең банкомат орнатылып, интернет қарқын алып, бәріміз ақша аудару, төлем төлеуді қолымыздағы телефонмен тындыра қоймаспыз. Ол күн алыс әлі. Сондықтан пошта қызметін жандандырып, көңіл бөлуіміз керек, - деді.

«Орда жұлдызы»

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале